Жаңашыл ойлау дегеніміз не? Бұл біздің проблемаларымызды шешу үшін жаңа идеялар мен тәсілдерді ойлап табу қабілетіміз. Біз тіпті күрделі мәселелерді шешу кезінде де шығармашылық пен икемділік танытып, жаңашыл шешімдер мен ерекше ойлауға ашық екендігімізге көз жеткізе аламыз.
Қазақстандағы БҰҰДБ Акселератор зертханасының ұжымы дәл осыны істейді – дамуға, дәлірек айтқанда, біздің жұмысымыздың негізгі элементтерінің бірі ретінде даму саласындағы іс-шараларды әзірлеуге жаңа тәсілдер енгізеді. Бір сөзбен айтқанда, біз XXI ғасырдың күрделі мәселелерін шешу кезінде шығармашылық танытамыз.
Жақында біздің ұжым «ой шабуылы» (брейнсторминг) және зерттеу барысында жиналған бүкіл ақпаратты жүйеге келтіріп, қолдануға мүмкіндік беретін жүйелік тәсілді немесе, басқаша айтқанда, әдістемені жасап шығаруға біраз күш жұмсады. Бұл әдіс бізге жаңа тақырыптарды тез үйреніп, нәтижесінде жаңа идеяларды жетілдіруге көмектеседі.
Біз жылдам зерттеудің бұл әдісін тәжірибеде қолдануды ұйғарып, оны Қазақстандағы БҰҰДБ-ның жұмысында, атап айтқанда, «Әлеуметтік осалдық пен теңсіздік мәселелерін шешу» деп аталатын дамудың басым бағыттарының біріне қолдандық. Жаңа тәсілдің арқасында біз бір апта ішінде сынап көруге тұрарлық бірнеше ғылыми негізделген идеяны ойлап таптық.
Төменде әлдебір мәселені немесе бағытты зерттегенде оны эксперимент пен инновацияларды қолдану арқылы шешу идеяларын іздестіргендегі нақты әрекеттерді сипаттайтын жаңа әдістемеміз сипатталған.
1. Зерттеу: тақырыпты түсініп, нақты назар аударатын бағыттар мен басты орындаушыларды айқындау
Біріншіден, біз бұл бағытты жалпы қарастырып, ол туралы жалпы түсінік қалыптастырамыз және басты жұмыс бағыттары мен басты орындаушыларды анықтаймыз. Бұл жалпы контекст сипатымен жылдам танысу үшін маңызды. Мысал ретінде төменде біздің басым бағыттарымыз бен әлеуетті бенефициарларымыздың қысқаша сипаттамасымен таныса аласыз.
2. Шешімдерді белгілеу: қолданыстағы саясат пен жергілікті шешімдерді анықтау
Келесі қадам – қолданыстағы құқықтық база (мыс., саясат) мен шешімдерді (мыс., ҮЕҰ, стартаптар, жеке кәсіпкерлер) зерделеу. Бұл кезеңде біз мақсатты мәселе саласын реттейтін саясат (заңдар, ережелер) пен оны шешуге бағытталған жергілікті шешімдерді анықтап, екеуін байланыстырамыз. Бұл тәсіл бізге бұрыннан бар шешімді қайта ойлап таппау үшін қандай бастамалар жүзеге асырылып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді.
Жергілікті бастамалардан басқа, біз тиісті өнімдер мен қызметтерді іздеген кезде қолданыстағы жаһандық шешімдерге салыстырмалы талдау жасаймыз. Осылайша, біз қазақстандық контекстен тыс, бірақ біздің жұмысымызға толық немесе ішінара пайдалы бола алатын жаңалықтарды көріп отырамыз.
Адамдардан үйрену
Келесі кезеңде адами элемент көбірек. Дайынсыз ба? Кез келген өнім немесе қызмет адамдарға арналып жасалуы қажет, сондықтан бұл кезеңде біз өмірлерін жақсартқымыз келетін адамдардың пікірлерін тыңдап, олардың көзқарастарын жалпылаймыз. Сұхбат арқылы біз мақсатты топтың проблемалық бағыт туралы не білетіні мен не ойлайтынын және қандай шешімдерді ұсынатынын білеміз.
БҰҰДБ Акселератор зертханалары желісін пайдалану
Ең соңында біз ұйымымыздың (яғни, дүние жүзіндегі 90-нан астам Акселератор зертханаларының ғажайып желісі) ішінде не білуге болатынын қараймыз. Дәлірек айтқанда, біз БҰҰДБ Акселератор зертханаларының өзіміз жұмыс жасап отырған бағытқа байланысты жобаларын қарастырамыз. Бүкіл желі бойынша қолдануға болатын ұқсас тәсілдеріміздің арқасында жаһандық Акселератор зертханаларының тәжірибесін қолдану тиімді болып табылады.
3. Эксперименттеу: эксперименттеу мен масштабтауға арналған шешімдерді ойлап табу
Зерттеу мен шешімдерді белгілеу кезеңдері аяқталғаннан кейін бізді қызықтыратын тақырып – әлеуметтік осалдық пен теңсіздіктерді жою жөнінде кеңірек көріністі көру оңайырақ болады. Нәтижесінде қазіргі жағдайды қалайша жақсартуға болатындығы туралы «ой азығы» көбейеді. Кейбір идеялар ойымызға бірден келсе, кейбірі бірлескен талқылаулардан кейін шығады. Алдын ала талдау неғұрлым мұқият өткізілсе, жан-жақты пікірлер мен эксперименттеуге тұрарлық шешімдеріміздің саны соғұрлым көп болады.
Біз идеяларымызды екі топқа бөлеміз: біріншісіне эксперименттеуге тұрарлық идеяларды жинасақ, екіншісіне эксперименттеуді қажет етпейтін, бірақ масштабтауға тұрарлықтарын топтастырамыз. Мұның себебі – екінші топтағы идеялар сынақтан алдында өтіп қойған модельдер немесе саяси өзгерістерге қатысты дайын ұсынымдар болып табылады.
Қорытындылайтын болсақ, бұл тәсіл біздің Акселератор зертханасы ұжымына салыстырмалы түрде қысқа мерзімде күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Түрлі аспектілердің қамтылғанына көз жеткізу үшін мұқият дәстүрлі зерттеуді жүргізуге деген ұмтылысты басу қиын болуы мүмкін. Дегенмен, біз көпшілік жағдайда толыққанды ғылыми зерттеуге уақыт жоқ екенін және жоғарыда сипатталған модельдің кем дегенде бір бөлігін қамту жобаға жаңа перспективалар бере алатынын түсінеміз. Әрине, бұл әдісті толық немесе мінсіз деп айтуға болмайды, ол тек күрделі мәселелерді шешуде эксперименттеуді қалай қолдануға болатындығын қарастырудың тағы бір тәсілі.