1,1 миллиард адам көп өлшемді кедейшілікте өмір сүреді, ал олардың жарты миллиардқа жуығы қақтығыс аймақтарында тұрады

БҰҰДБ мен Кедейшілікті және адам дамуын зерттеу жөніндегі Оксфорд бастамасының (OPHI) жаңа зерттеуі қақтығыстардан зардап шеккен елдердегі кедейшілік деңгейі қақтығыс жоқ елдермен салыстырғанда үш есе дерлік жоғары екенін анықтады.

2024 ж. 18 October
диаграмма

Бүгін жарияланған жаһандық Көп өлшемді кедейшілік индексінің (ККИ) соңғы мәліметтеріне сәйкес әлемдегі кедей адамдардың 455 миллионы зорлық-зомбылыққа және қақтығыстарға шалдыққыш елдерде тұрады екен, соның салдарынан кедейшілікпен күресте жетістікке жетуге кедергі келтіретін, тіпті жоққа шығаратын көрінеді.

БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) және Оксфорд университеті жанындағы Кедейшілікті және адам дамуын зерттеу жөніндегі Оксфорд бастамасының (OPHI) бірлескен баяндамасында 112 ел және 6,3 миллиард адам үшін Көп өлшемді кедейшілік бойынша түпнұсқа статистикалық зерттеулер, сондай-ақ қақтығыс пен кедейшілік арасындағы өзара байланысқа жасалған талдау қамтылған. Баяндамада 20 ел бойынша жаңа сауалнама деректері келтірілген.

2024 жылғы баяндаманың мәліметтері бойынша қақтығыс аймақтары бойынша кеңінен қолданылатын үш деректер жиынтығының кем дегенде біреуіне сәйкес әлемде 1,1 миллиард адам тақыр кедейшілікте өмір сүреді екен, ал олардың 40 пайызы соғыс, тұрақсыздық шарпыған және/немесе бейбітшілдік деңгейі төмен елдерде тұрады екен.

Деректердің жетіспеушілігіне байланысты жаһандық ККИ әлемдік деңгей мен үрдістердің салыстырмалы индексін жасау үшін он жылдық кезең (2012–2023) үшін өлшенеді. Жаңа баяндамада елдер бойынша кедейшілік туралы деректер сол елдердің аталған кезеңдегі қақтығыстар/тұрақсыздық жағдайымен өзара салыстырылды, соның арқасында қақтығыс пен кедейшілік арасындағы өзара байланыс туралы жаңа инсайт алуға мүмкіндік туды. Қақтығыстарға душар болған елдердегі деректерді жинаудағы қиындықтар сол елдердегі Көп өлшемді кедейшілік деңгейін төмендетіп көрсетуге душар етуі мүмкін, бірақ қолда бар деректер қақтығыстардың кедейшілікті азайту көрсеткішіне бәрібір жойқын әсерін тигізетінін айқын көрсетеді.

«Соңғы жылдары қақтығыстар күшейіп, кеңінен таралып, құрбан болғандардың саны, қоныс аударуға мәжбүр болған миллиондаған адамдардың саны, жаппай тас-талқан болған адамдардың өмірі мен күнкөріс көздері жағынан жаңа рекордтар орнатты», – деді БҰҰДБ әкімшісі Ахим Штайнер. «Біздің жаңа зерттеуіміз Көп өлшемді кедейшілікте өмір сүретін 1,1 миллиард адамның жарты миллиардқа жуығы зорлық-зомбылықшыл қақтығыстарға шалдыққыш елдерде өмір сүретінін көрсетеді. Оларға қолдау көрсету үшін жедел әрекет етуіміз керек. Бізге осы кедейшілік пен дағдарыс циклін бұзып шығу үшін ресурстар, мамандандырылған даму және ерте қалпына келтіру бағдарламаларын қолдану мүмкіндігі қажет.»

Соғыс жүріп жатқан елдер Көп өлшемді кедейшіліктің барлық он көрсеткіші бойынша тауқыметтің жоғары деңгейіне тап болады, демек, қақтығыстардың әлемдегі ең осал халық топтарына жойқын әсерін тигізетінін көрсетеді. Мысалы, жағдайы тұрақты аймақтардағы халықтың 5 пайызымен салыстырғанда қақтығыстар орын алған елдерде кедей адамдардың төрттен бірінен астамы электр қуатына қол жеткізе алмайды. Осыған ұқсас айырмашылықтар балалардың білім алуы (4,4 пайызбен салыстырғанда 17,7 пайыз), тамақтану (7,2 пайызбен салыстырғанда 20,8 пайыз) және балалардың өлім-жітімі (1,1 пайызбен салыстырғанда 8 пайыз) сияқты салаларда байқалады. Талдау көрсетіп отырғандай, әлдеқайда бейбіт аймақтардағы кедейлермен салыстырғанда қақтығыс шарпыған елдердегі кедейлердің тамақтану, электр қуатына, суға және тазалыққа қол жеткізу сияқты салаларда мұқтаждық пен таршылық көруі айтарлықтай ауқымды екен.

Кедейшіліктің азаюы қақтығыстардан ең көп зардап шеккен, әдетте кедейшілік деңгейі ең жоғары болатын елдерде ең баяу қарқынмен жүреді. Баяндама 2015–2022 жылы аласапыран кезеңде 5,3 миллион адам Көп өлшемді кедейшілікке ұшыраған Ауғанстанды тереңдетілген зерттеуді қамтиды. Қазір Ауғанстандағы қақтығыстан кейінгі жағдайды талдау үшін деректер қолжетімді, бірақ нәтижелері алаңдатарлық. 2022–23 жылдары ауғандықтардың үштен екісіне жуығы (64,9 пайызы) кедей болған. 

Сабина Алькир, Кедейшілікті және адам дамуын зерттеу жөніндегі Оксфорд бастамасының директоры былай дейді: 

«Бұл зерттеу қақтығыстардың көп өлшемді кедей адамдарға тигізетін әсерінің алғашқы жаһандық өлшемін ұсынады. Ал нәтижелері есімізді жиғызады. Біз 112 елде тұратын 6,3 миллиард адамның 1,1 миллиарды кедейшілікте өмір сүретінін, ал 455 миллион кедей қақтығыстар, тұрақсыздық және/немесе бейбітшілдік деңгейі төмен елдерде өмір сүретінін анықтадық. Олардың кедейлігі жалғыз мәселе емес. Оның үстіне қақтығыс аймақтарындағы кедейшілік деңгейі айтарлықтай жоғары: Уппсала қақтығыстарды зерттеу бағдарламасының мәліметтеріне сүйенсек, соғыс жүріп жатқан елдерде әрбір үшінші адам кедей (34,8 пайыз), ал қақтығыс жоқ елдерде әрбір тоғызыншы адам кедей (10,9 пайыз). Өкінішке орай, осындай елдерде кедейшіліктің азаюы баяу жүріп жатыр, сол себепті қақтығыс аймақтарындағы кедей адамдар артта қалып отыр. Бұл мәліметтер әрекет етуді талап етеді: бейбітшілікке инвестиция салмасақ, кедейшілікті жою мүмкін емес».

Қақтығыс жағдайындағы кедейшіліктің терең талдауына қоса соңғы ККИ есебі кедей адамдардың күйбең тіршілігі және дүние жүзіндегі кедейшілікті азайтудағы үрдістер туралы толығырақ мәлімет береді:

  • 1,1 миллиард кедей адамдардың жартысынан көбі - 18 жасқа дейінгі балалар (584 миллион). Бүкіл дүние жүзінде ересектердің 13,5 пайызымен салыстырғанда  балалардың 27,9 пайызы кедейшілікте өмір сүріп жатыр.

  • 1,1 миллиард кедейдің айтарлықтай бөлігінде қажетті санитарлық жағдай (828 миллион), баспана (886 миллион) немесе тамақ пісіретін отын (998 миллион) жоқ.

  • 1,1 миллиард кедей адамдардың жартысынан астамы тойып тамақтанбайтын адаммен (637 миллион) бірге тұрады. Оңтүстік Азияда 272 миллион кедей кем дегенде бір адам тойып тамақтанбайтын отбасында тұрады, ал Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде дәл осындай көрсеткіш 256 миллионды құрайды.

  • Келісілген деректері бар 86 елдің 76-сы кем дегенде бір уақыт кезеңінде ККИ мәніне сәйкес кедейшілік деңгейін айтарлықтай төмендеткен.

  • 2021/22 жылы немесе одан кейін аяқталатын үрдістер туралы деректері бар 17 елдің арасында, олардың жетеуі COVID-19 пандемиясының кем дегенде бір бөлігін қамтиды, тек тоғызында ғана (Бенин, Камбоджа, Комор аралдары, Эсватини Корольдігі, Кения, Мозамбик, Филиппин Республикасы, Біріккен Танзания және Тринидад және Тобаго Республикасы) ККИ мәні де, кедейшіліктің таралу деңгейі де айтарлықтай төмендегені байқалды.

2010 жылы қалыптастырылғалы бері жаһандық ККИ индексі халықтың ең осал топтарын - кедей адамдар арасындағы ең кедейлерді анықтауға, елдердің ішіндегі және уақыт аралығындағы кедейшілік модельдерін анықтауға арналған аналитикалық құрал ретінде маңызды рөл атқарып, саясаткерлерге ресурстарды тиімдірек бөлуге және саясаттарды тиімдірек әзірлеуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы бойынша ақпарат

ККИ денсаулық сақтау, білім беру және өмір сүру деңгейінің нашарлауын бағалай отырып, 100-ден астам дамушы елдегі өткір кедейшілікті өлшейді. ККИ кедейшіліктің таралуы және қарқындылығы көрсеткіштерін біріктіреді, бұл ретте егер адамдар салмақталған көрсеткіштердің кемінде үштен бірінен айырылған болса, олар көп өлшемді кедейлер санатына жатқызылады. ККИ мәні тауқымет қарқындылығына сәйкес көп өлшемді кедей халықтың үлесін білдіреді. Ол 0 мен 1 арасында ауытқиды, мұнда жоғарырақ мәндер жоғарырақ көп өлшемді кедейшілікті білдіреді.

Қазақстанда ККИ мәні 0,002 құрайды (Қазақстандағы ККИ бағалау үшін жалпыға қолжетімді ең соңғы сауалнама деректері 2015 жылға қатысты). Осы бағалауларға сәйкес Қазақстан халқының 0,5 пайызы (2022 жылы 91.000 адам) көп өлшемді кедей болып табылады, тағы 1,8 пайызы (2022 жылы 361.000 адам) көп өлшемді кедейшілікке ұрымтал адамдар санатына жатқызылған. Ақшалай кедейшілік (2017 жылғы сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі бойынша күніне 2,15 АҚШ долларынан аз ақшаға өмір сүретін халықтың пайызымен өлшенеді) пен 0,5 пайыздық көп өлшемді кедейшілік арасындағы айырмашылық ақшалай кедейшілік жағдайдың тек бір бөлігін ғана сипаттайтынын көрсетеді. Халық саны немесе көп өлшемді кедейшілік деңгейі ақшалай кедейшілік деңгейінен 0,5 пайыздық тармаққа жоғарырақ. Бұл ақшалай кедейшілік шегінен жоғары тұратын адамдар денсаулық сақтау, білім беру және/немесе өмір сүру деңгейі саласында бәрібір тауқымет көруі мүмкін екенін білдіреді. 

2024 жылғы Көп өлшемді кедейшілік индексі туралы толығырақ ақпаратты, соның ішінде кедейшілікте тұратын балалар, ауылдық және қалалық аудандардың құрылымы, 1.359 қосалқы ұлттық аймақтар бойынша бөлініс немесе құрлықтар, елдер және қосалқы ұлттық аймақтар бойынша кедейшілік құрылымы туралы мәліметтерді келесі сайттардан алуға болады: www.hdr.undp.org и www.ophi.org.uk