БҰҰДБ Алматыда Жастар лагерін ашты
2024 ж. 29 July
Бүгін Алматыдағы Suleyman Demirel University (SDU) алаңында Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен Орталық Азиядағы қоғамдастықтардың тұрақтылығын, сондай-ақ аймақтық ынтымақтастықты зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу мақсатында нығайтуға бағытталған жоба аясында ұйымдастырылған Жастар лагері ашылды. Жапония қаржыландыратын бұл бастаманың Қазақстандағы компоненті ел аймақтарындағы жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтіп, әлеуметтік ұйымшылдықты күшейтуді көздейді.
Зорлық-зомбылық экстремизмінің өсуі мен оның халықаралық деңгейде таралуы Орталық Азия елдері арасында алаңдаушылық туғызып, соңғы отыз жылдағы даму жетістіктеріне қауіп төндіріп тұр. Кедейлік, теңсіздік, сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік қызметтер мен әділдіктің көп жағдайда қолжетімді болмауы, сондай-ақ жеке тұлғаны дамыту мүмкіндіктерінің тапшылығы жастар арасында радикалдану мен зорлық-зомбылық экстремизміне жетелеуі ықтимал, осалдық сезімін тудыруы мүмкін.
«Әлеуметтік мәселелермен күресудің бірден бір жолы білім беру екенін атап өткен жөн. Білім сыни ойлау дағдыларын дамытып, пікірлердің, ұстанымдардың және көзқарастардың алуан түрлілігіне төзімділік танытып, құрметпен қарауға ықпал етеді», -деді БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов лагерьге қатысушылармен амандаса отырып.
Бастама аясында Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан келген 100-ден астам қатысушы кәсіп жүргізуге қажет дағдыларды меңгеріп, қаржылық және медиа сауаттылық, цифрлық дағдыларды дамыту, ел алдында сөз сөйлеу және коммуникация бағыттары бойынша сабақ алмақ.
«БҰҰДБ осындай бастамалардың арқасында жастарға болашақ дағдыларын дамытуға көмектеседі. Біз жастарды кәсіби қызығушылықтарын анықтау, тиімді болу және бәсекелік артықшылықтарын табу жолында қолдау көрсетуге тырысамыз. Лагеріміз сіздерге тәжірибелі жаттықтырушылардан сабақ алуға, басқа қатысушылармен тәжірибе алмасуға және жаңа бағыттарды табуға мүмкіндік бермек», -деп атап өтті Тұрақты өкілдің орынбасары.
БҰҰДБ осы саладағы саясат пен бағдарламаларды, сондай-ақ зерттеулерді әзірлеу және енгізу арқылы зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру барысында жаһандық деңгейде маңызды рөл атқарады. БҰҰ Бас хатшысының Зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу жөніндегі іс-қимыл жоспары мен ОДМ 16-ға сүйене отырып, БҰҰДБ «Зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын инклюзивті даму және төзімділік пен алуантүрлілікті құрметтеу арқылы алу» атты жан-жақты стратегиялық негіз әзірледі.