Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен БҰҰДБ құландарды «Іле-Балқаш» резерватында қайта жерсіндірудің кезекті кезеңін сәтті аяқтады
2024 ж. 18 October
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп, Тұран жолбарысының мекендеу ортасын қалпына келтіру бастамасының шеңберінде құландарды қайта жерсіндірудің кезекті кезеңін сәтті тәмамдады. Осы айда «Алтын-Емел» ұлттық паркінен Іле-Балқаш резерватына 40-тан астам құлан тасымалданды. 2022 жылы аталмыш бастама аясында алғашқы 60 құлан қоныс аударып, жаңа ортаға ойдағыдай бейімделді.
Құлан Қазақстан аумағынан 1930 жылдары жойылып кеткен еді. Осы түрдің популяциясын қалпына келтіру үшін бірнеше кезеңмен жүргізілген көпжылдық реинтродукция (қайта жерсіндіру) жобасы жүзеге асырылды. 1953-1961 жылдар аралығында Бадхыз қорығынан (Түркіменстан) Барса-Келмес аралына 14 құлан жеткізілді. Олардың аралдағы саны 200-ге жеткенде келесі кезең – құландарды құрлыққа қоныстандыру басталды. Құландар осылайша «Алтын-Емел» ұлттық паркіне жол тауып, олардың қалпына келтірілген популяциясы жабайы тақтұяқтыларды қайта жерсіндіруде әлемдегі ең табысты тәжірибелердің біріне айналды, сонымен бірге қазіргі уақытта құландардың еркіндікте жүрген ең көп популяциясын құрайды.
Бүгінде Балқаш өңірінің оңтүстігінде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру бастамасы жүзеге асырылып жатыр. Осы тұрғыда оның азық қорын құру, соның ішінде құландарды жерсіндіруді қолға алу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жобаны БҰҰДБ және Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті іске асырады. 2022 жылы жоба аясында 60 бас құлан тасымалданды.
«Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық паркіндегі құландарды «Іле-Балқаш» және «Алтын дала» резерваттарында қайта жерсіндіру – елдегі Биоалуантүрлілікті сақтау және қалпына келтіру комитетінің жұмысындағы кезекті қадам. Жануарлардың сирек түрлерін қайта жерсіндіру бойынша барлық белгіленген жұмыс жоспарларының нақты орындалуы және серіктестеріміз БҰҰДБ мен Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының қолдауы болашақ экологиялық бастамалар үшін, елдің экожүйені қалпына келтіру және жоғалған биоалуантүрлілікті қайтару саласындағы жетістіктері үшін сенімді іргетас қалайды», –деп атап өтті ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Тұрғамбаев Данияр.
Қайта жерсіндіру тек әрі-бері тасымалдауды ғана емес, сонымен бірге жануарларды қоныстандырғаннан кейін мұқият күтіп-баптауды және бақылауды да қамтиды. «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты әкелінген құландарды жабайы табиғат аясына жіберер алдында жарты жыл бойы күтіп-баптауды және азықтандыруды мақсат етіп отыр. Сонымен қатар осы бастаманың аясында құландардың табиғи ортадағы мінез-құлқын одан әрі зерттеу үшін үш құлан телеметриялық қарғыбаумен таңбаланды.
«Біз Қазақстанның жойылып кету қаупі төнген түрлерді табысты қайта жерсіндірудің жарқын үлгісіне айналып отырғанын мақтан тұтамыз. Бұл жұмыс оған қатысушылардың барлығының бірлескен еңбегін және жауапкершілігін талап етеді, оның үстіне біз ортақ мақсатымызға — елдің бірегей биологиялық алуантүрлілігін қалпына келтіруге және сақтауға қол жеткізу үшін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігімен ынтымақтасқанымызға ерекше қуаныштымыз», –деп атап өтті Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.