Тәжірибе алмасу: Қырғыз Республикасы мемлекеттік қаржыландыру негізінде бірлескен даму жобаларын жүзеге асыруда Қазақстан Үкіметі мен БҰҰДБ арасындағы серіктестік тәжірибесін қолданатын болады
2024 ж. 18 October
2024 жылғы 16-17 қазан аралығында Қырғыз Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі Сейитов Чоро мырза бастаған Қырғыз делегациясы БҰҰ Бағдарламасының жергілікті өкілдіктерінің қолдауымен мемлекеттік бірлесіп қаржыландыру негізінде даму жобаларын іске асырудағы қазақстандық тәжірибені зерделеу мақсатында Қазақстанға келді.
Тәжірибе алмасу мақсаты — бірлесіп қаржыландыру механизмінің өміршеңдігін көрсету және Қазақстанның нормативтік-құқықтық базасын Қырғыз Республикасында ықтимал бейімдеу қадамдарын айқындау. Аталмыш сапар БҰҰДБ мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы қаржылық өзара іс-қимылды бастауға мұрындық болып, даму мәселелері бойынша өзара іс-қимылдың әлдеқайда тиімді тәсінің негізін қалайды деп күтіледі.
Сапар барысында делегация Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде және Қазақстан Республикасының Үкіметі мен БҰҰДБ арасындағы ұлттық дамудың жаңа кезеңіндегі ынтымақтастық туралы меморандумда (ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 26 қазандағы № 1681 қаулысымен бекітілген) көрсетілген ұқсас жобаларды жүзеге асырудың заңнамалық аясымен танысты. Қазақстанда ұқсас жобалардың тікелей жүзеге асырылуы да зерделенді.
Сапар бағдарламасына делегацияның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ханыммен, Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мырзамен, Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Қуантыров мырзамен, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев мырзамен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов мырзамен кездесулері кірді. Еске сала кетейік, бірлескен жобалардың қазіргі қоржыны «Отбасының цифрлық картасын», төрт облысты кешенді өңірлік дамыту бағдарламасын, Орталық Қазақстанда Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру экожүйесін құру жобасын, елдегі мемлекеттік қызмет саласындағы реформаларды қамтиды.
Сондай-ақ сапар барысында жасыл қаржыландыру саласындағы озық тәжірибені енгізу және мемлекет меншігіне алу, сонымен қатар төмен көміртекті даму үшін БҰҰДБ сынақтан өткізген инновациялық құралдарды пайдалану ауқымын кеңейту мәселелері де талқыланды. Талқылауларға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының Жасыл қаржы орталығы сияқты Қазақстандағы БҰҰДБ орындаушы серіктестері қатысты.
Өткізілген кездесулер қырғыз әріптестерге нақты жобаларды бірлесіп қаржыландырудың тиісті аспектілерін талқылауға және стратегиялық ұлттық даму күн тәртібін қолдау мақсатында оларды Қырғызстанда қолдану бойынша практикалық ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік берді.
Бүгінгі таңда Қазақстан даму жобаларын бірлесіп қаржыландырудың табысты үлгісі болып табылады, мұнда БҰҰДБ Елдік бағдарламасы Қазақстан Үкіметімен бірлесіп қаржыландырылады. Орташа есеппен Қазақстан Үкіметі бірлесе қаржыландыратын әрбір долларға шаққанда БҰҰДБ басқа серіктестерден, ішкі және басқа да сыртқы ресурстардан, тік қорлардан (Жаһандық экологиялық қор, Жасыл климаттық қор), халықаралық қаржы ұйымдарынан, сондай-ақ Еуропалық Одақтан, Жапония және Оңтүстік Корея үкіметтерінен және басқа донорлардан 3 доллар тартты.
Осы механизмнің маңызды аспектісі Президент Әкімшілігі, Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі және Сыртқы істер министрлігі сияқты негізгі мемлекеттік құрылымдармен өзара іс-қимылды қамтитын кешенді консультативтік үдеріс, сондай-ақ елдің даму басымдықтарымен нақты үйлестіру болып табылады. Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын алдыңғы қатарлы бастамалардың ішінде Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарындағы өңірлік бағдарламаларды, мемлекеттік қызмет саласындағы Астана Хабты, мүгедектігі бар тұлғаларды әлеуметтік қорғау бағдарламасын және басқа да көптеген бағдарламаларды атап өткен жөн.
Қазақстан Республикасын қамтитын табысы орташа деңгейден жоғары елдерде даму саласында донорлық көмек көрсету көлемі қысқарып бара жатқанын ескере отырып, даму жобаларын мемлекеттік қаражат есебінен бірлесіп қаржыландыру елдің игілігі үшін даму саласын қаржыландыру үшін қолда бар ресурстарды пайдалануды оңтайландыруға бағытталған.
Қырғыз делегациясының Қазақстанға сапары — Орталық Азия өңірі деңгейінде табысты мемлекеттік қаржыландыру тәжірибесін кіріктіру жолындағы қатысушы елдерге стратегиялық дамудың күн тәртібін анағұрлым жүйелі және бейімді түрде қолдауға көмектесетін маңызды қадам.