Тұрақты даму мен қоғамның әлеуметтік амандығын қамтамасыз ету жолындағы цифрландыру
2023 ж. 13 February
Қазақстан өзін ең жоғары құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын әлеуметтік мемлекет ретінде тұрғыландырады. Тәуелсіздік жылдарында қоғамның әлеуметтік амандығының өзіндік моделін қалыптастыру жолында үлкен жұмыс атқарылды.
Қазақстан қауіпсіз, тең әрі прогрессивті ортақ болашақты құруды көздеп тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу үшін бірқатар шаралар мен бастамалар қабылдады. Қоғамның әл-ауқатын, халықтың жұмыспен қамтылуын арттыруды, білім берудің бәсекеге қабілеттілігін және денсаулық сақтаудың тиімділігін қамтамасыз ету мақсаттарында елде жаңа технологиялар сенімді түрде енгізілуде.
Осы жетістіктерге қарамастан, даму мен жетілдіру әлеуеті әлі де айтарлықтай жоғары, және одан арғы әлеуметтік жаңғырту экономикалық, әлеуметтік аспектілерді қазіргі әлемнің талаптары мен стандарттарына бейімдеуді көздейді.
Соңғы онжылдықта Қазақстан халқының өсімі 18,5% құрап, оның саны 2022 жылы 19,7 млн адамға жетті.
Республикада тұратын 5,900,000 отбасының 980,000-нан астамы ресми табыс, оның ішінде зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер, атаулы-әлеуметтік көмек және т.б. алмайды. Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек 127,600 отбасынан 657,300 адамға тағайындалған.
Республикадағы 3 млн-нан астам азамат халықтың осал тобына жатады. Халықтың неғұрлым осал тобы Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тұрады.
Мониторинг, есеп беру және кейбір мемлекеттік қолдау шараларын тағайындау әлі де қағаз жүзінде жүргізіліп, халыққа қызмет көрсету сапасына әсер ететінін айта кеткен жөн. Цифрлық технологияларды енгізу мен жаңа тәсілдерді қолданудың арқасында осы қолдау шараларын алу елдің барлық тұрғындары үшін одан да қолжетімді болмақ.
Адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамалардың бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) пилоттық жобасы – Отбасының цифрлық картасы. Жоба 2022 жылы іске қосылып, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен әріптестікте іске асырылып отыр.
Цифрлық шешімдер: Отбасының цифрлық картасы
Отбасының цифрлық картасы – цифрлық платформа болып табылатын инновациялық шешім. Ол ең осал отбасыларға жедел әрі тиімді мемлекеттік қолдау көрсетуге көмектеседі.
Отбасының цифрлық картасы азаматтардың қатысуынсыз-ақ отбасылардың осалдығын бағалауға бағытталған мемлекеттің күш-жігерін оңтайландыратынын айта кеткен жөн. Осылайша, азаматтардың мемлекеттік қызметтердің интернет-платформаларына қолжетімділігі болмаған жағдайда да отбасыларға қолдау көрсету шараларын іске асыру автоматты режимде жүзеге асырылатын болады.
Отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейді
Отбасының цифрлық картасы халықтың осал топтарындағы отбасыларды анықтап, оларға әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсету үшін олардың қажеттіліктерін кешенді түрде бағалауға көмектеседі.
Цифрлық картаны енгізудің бірінші кезеңінде әрбір отбасының әл-ауқат деңгейін бағалау үшін Қазақстандағы барлық 5,900,000 отбасы цифрландырылды. Цифрлық картаның таралу географиясы Қазақстанның бүкіл аумағын – еліміздің 17 облысы мен 3 мегаполисті – Алматы, Астана, Шымкент қалаларын қамтиды.
Бұдан кейін әрбір отбасы бойынша мемлекеттік органдардың дереккөздері негізінде денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, қаржы, әділ сот, ауыл шаруашылығы салаларына терең талдау жүргізілді.
Әл-ауқат деңгейі бес критерий бойынша бағаланады: экономикалық жағдай, денсаулық сақтау, тұрғын үй жағдайы, білім деңгейі және әлеуметтік жағдай. Негіз ретінде осал отбасылар тап болатын проблемалар – тұрғын үйдің, білімнің, медициналық сақтандырудың болмауы, жұмыспен қамтылмау және аз қамтылу, құқықтық көмекке мұқтаждық және басқалар алынды.
Бес критерийдің әрқайсысы отбасының осалдық дәрежесін бағалауға мүмкіндік беретін ақпарат береді. Жалпы алғанда отбасының осалдығын бағалау 80 әлеуметтік-экономикалық көрсеткішті қамтиды, олардың ішінде: отбасының әрбір мүшесінің жұмыспен қамтылуы, жылжымайтын мүлік пен коммерциялық мүліктің бар-жоқтығы, отбасында мүгедектігі бар тұлғалардың бар-жоқтығы, банктік қарыздар мен берешектердің бар-жоқтығы және басқа да көрсеткіштер.
Осындай терең талдаудың нәтижесінде жалпы отбасылар санының 15%-інен астамында олар өз бетінше шеше алмайтын айтарлықтай қиындықтардың бар екендігі анықталды. Осыған байланысты қауіпсіздік пен амандықты қамтамасыз ету үшін ведомствоаралық топтың одан арғы ұзақ мерзімді кешенді жұмысының қажеттілігі туындап отыр.
Отбасылардың амандығын бағалау әдістемесі
Алынған деректер Отбасылардың амандығын бағалау әдістемесін әзірлеп, автоматтандыруға мүмкіндік берді. Ол Қазақстанның қалалары, өңірлері, аудандары мен ауылдарындағы әрбір отбасы бойынша скоринг ұпайларын есептеп, әрбір отбасының тәуекел белдемін анықтауға көмектеседі. Осылайша, Отбасы цифрлық картасының арқасында елдегі барлық отбасылардың амандығы туралы деректер күн сайын жаңартылып отырады.
Отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейді
Отбасының цифрлық картасын білім беру мен әлеуметтік қорғау, қаржы, әділ сот пен медициналық-әлеуметтік қолдау және басқа салаларда халықты қолдау үшін мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылының бірыңғай алаңы болып табылатындығы бірегей етеді.
Отбасылардың осалдығын бағалау деректерін алғаннан кейін Отбасының цифрлық картасы автоматты режимде мемлекеттік қолдау шараларын қабылдауды іске қосады, жауапты мемлекеттік органды айқындайды және e-gov («электрондық үкімет») арқылы көреген режимде қызмет көрсетеді. Енді азаматтарға өтініш беру үшін мемлекеттік қызметтердің әрқайсысына жүгінудің қажеті жоқ.
Отбасы цифрлық картасының жұмыс істеу принципі барынша қарапайым: әлеуетті мемлекеттік қолдауды алушыға оның мемлекеттік қызмет көрсетуге келісімін алу үшін СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім берілген жағдайда алушыларға әлеуметтік жәрдемақы, төлем немесе қолдаудың өзге түрі тағайындалып, ізінше банктік шотына аударылады.
Мемлекеттік қызметтердің жұмысын оңтайландыру тәсілі ретіндегі мобильді қосымша
Әлеуметтік қызметкерлер күнделікті мониторинг, есеп беру, қызметтерді тағайындау жұмыстарын жүргізіп, көбінесе бұл жұмыс қағаз құжаттамасын пайдалану жолымен жүзеге асырылады. Отбасының цифрлық картасы шеңберінде әлеуметтік қызметкерлер үшін мобильді қосымша белсенді енгізілуде, ол істерді ретке келтіріп, ақпаратты өңдеуге жұмсалатын уақытты қысқартады, халыққа көрсетілетін қызметтердің тиімділігін, ашықтығы мен мониторингін жақсартуға мүмкіндік береді. Қосымша қазақ және орыс тілдерінде онлайн және офлайн режимдерде қолжетімді.
Қосымша Астана қаласында пилоттық режимде сыналды. Үш ай бойы мемлекеттік қызметкерлер мен әлеуметтік орталықтың әлеуметтік қызметкерлері қосымша мен веб-сайтты күнделікті жұмыстарында пайдаланды. Бұл оларды қағаз құжаттаманы пайдаланудан босатып, ашықтықты арттырды, істерді ретке келтіру мен ақпаратты өңдеу уақытын қысқартты.
Әлеуметтік қызметкерлерге арналған мобильді қосымша қалай жұмыс істейді?
- Тапсырмаларды тағайындау мен нақты уақыт режимінде бақылау мүмкіндігі
- Көрсетілген қызметтер бойынша аналитика беру үшін тиімді мониторинг құралы
- Қағазбастылықты жойып, тиімділікті арттырады
- Әлеуметтік қызметкерлерге ауылдық жерлердегі отбасылармен хабарласу ыңғайлы
- Орыс және қазақ тілдерінде
- Онлайн және офлайн нұсқасы бар
Отбасы цифрлық картасының маңызды міндеттерінің бірі интеграцияланған әлеуметтік қызметтер моделін енгізу арқылы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету болып табылатынын атап өткен жөн.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда Отбасының цифрлық картасын енгізу және пайдалану халыққа сапалы қолдау көрсетуге бағытталған мемлекет жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, адамдардың әлеуметтік қорғау мен қауіпсіздікке тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге жәрдемдесетін дәнекер болмақ.
Айта кететін болсақ, Қазақстанда БҰҰДБ цифрлық технологиялардың көмегімен әлеуметтік қызметтер көрсетуді трансформациялауды ілгерілетуде. Отбасының цифрлық картасы БҰҰ-ның көпжақты "Коронавирустық инфекцияның салдарына қарсы әрекет ету және қалпына келтіру шаралары" нысаналы қорын қаржыландыру шеңберінде әзірленді, оны іске асырумен БҰҰ-ның үш агенттігі Ұлттық әріптестерімен бірлесіп айналысады.