БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьернианың Қазақстан Республикасының су секторын дамыту жөніндегі серіктестер Үйлестіру кеңесінің бірінші отырысында сөйлейтін құттықтау сөзі
2024 ж. 30 September
Қадірлі ханымдар мен мырзалар!
Су секторын дамыту жөніндегі серіктестер Үйлестіру кеңесінің бірінші отырысының барлық қатысушыларын көргеніме қуаныштымын.
Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мырзаға да бүгінгі күні бізді ортақ маңызды мақсат үшін біріктірген осы елеулі іс-шараны өткізгені үшін алғысымды білдіргім келеді.
Біз БҰҰДБ көрсеткен жоғары сенім мен осы Кеңестің тең төрағалары болу құрметіне шын жүректен ризамыз. Бірлескен күш-жігеріміз су секторын дамытуда едәуір прогреске әкелуі үшін алдағы жылы оның жұмысын жан-жақты қолдауды жалғастыруға ниеттіміз.
Бүгінгі серіктестердің кездесуі Қазақстанның су секторының өзекті міндеттерін шешуде және бүкіл ел бойынша су ресурстарын басқарудың орнықты тәжірибелерін ілгерілетуде маңызды кезеңді білдіреді.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш «су бәрімізді біріктіреді» және «жаһандық саяси күн тәртібінің орталығында болуы керек», – деп атап өтті. Біз климаттың өзгеруінің 80 пайыз салдары сумен байланысты екенін білеміз. Жаһандық экожүйелерге қысылтаяң жағдайлар, яғни су тасқыны, құрғақшылық, мұздықтардың еруі және теңіз деңгейінің көтерілуі қауіптер төндіруде.
Осылайша, бүгінгі таңда су климаттың өзгеруінің салдары туралы жаһандық, өңірлік және ұлттық диалогтардың ажырамас бөлігі болып табылады, өйткені тек бірлескен күш-жігер мен іс-әрекеттермен біз адамдар мен ғаламшар үшін орнықты, әділ әрі инклюзивті, сумен қамтамасыз етілетін болашақты қамтамасыз ете аламыз.
Биылғы жылы Қазақстан жойқын су тасқынына тап болды, оның алдында қатты құрғақшылық және елдің оңтүстік аймақтарында суару үшін трансшекаралық судың айтарлықтай тапшылығы болды. 1960 жылдан бастап орташа жылдық өзен ағыны 12,5 км3 қысқарды, бұл су тапшылығы мәселесін одан әрі ушықтырды. Осы құбылыстар жиі және қарқынды бола бастайды, бұл адамдардың әл-ауқатына да, қоршаған ортаның орнықтылығына да қауіп төндіреді.
Осы өзекті сын-қатерлерді ескере отырып, биылғы жылы БҰҰДБ Жасыл климаттық қордың қаржылық қолдауымен су секторына баса назар аудара отырып, Қазақстанның стратегиялық жоспарлауына климаттың өзгеруіне бейімделуді интеграциялауға бағытталған жобаны іске қосты.
Түйткілдерді шешу біздің ресурстарымызды, қаржылық инвестицияларды, техникалық сараптаманы және инновацияларды біріктіруді талап етеді. Бұл қиындықтардың күрделілігі соншалық, ешбір үкімет немесе ұйым оларды жалғыз өзі шеше алмайды. Біз ең қажет жерде қолдауды қамтамасыз ету үшін өңірлік және жаһандық деңгейде бірлесіп жұмыс істеуіміз керек.
БҰҰДБ 30 жылдан астам уақыт бойы биоәртүрлілік, климаттың өзгеруі және су ресурстарын орнықты басқару мәселелерін қоса алғанда, дамудың негізгі міндеттерін шешуде елді үнемі қолдап, Қазақстанның сенімді серіктесі болып табылады. Бүгінгі су секторын дамыту жөніндегі серіктестердің Үйлестіру кеңесінің бірінші отырысында мен осы маңызды серіктестікке деген бейілділігімізді мақтанышпен растаймын.
Еліміздің орнықты дамуы үшін елеулі орын алатын су секторында нәтижелі ынтымақтастық пен ұзақ мерзімді өзара іс-қимыл тілеймін.
Көп рақмет!