Кибербуллингтен қалай қорғануға болады?

Бүгінгі таңда технологиялардың дамуы біздің қалай өмір сүретінімізді, достасатынымызды, жаңа нәрселерді танып-біліп, өзімізді алаңдататын мәселелердің шешімін қалай іздейтінімізді түбегейлі өзгертіп, әдеттегі тұрмыс салтына айтарлықтай әсер етеді. Сонымен қатар, жаңа технологиялар бүгінде цифрлық зорлық-зомбылық деп аталатын жаңа қауіптерді де алып келеді.

Цифрлық зорлық-зомбылық бір адам басқа адамды айлаға жығуға, қорқытуға және басқаруға, гаджеттердің, қосымшалар мен әлеуметтік желілердің көмегімен оған зиян келтіруге әрекет жасағанда орын алады.

Цифрлық зорлық-зомбылықты әртүрлі жағдайларда – жұмыста, мектепте немесе университетте, отбасында кездестіруге болады. Мұндай зорлық-зомбылық бейтаныс адамдардан да, жақын адамдардан да туындай алады.

Биыл kundelik.kz платформасымен әріптестікте БҰҰ Балалар Қоры мен БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанда кибербуллингке қарсы бірлескен науқан өткізіп отыр. Бұл науқан жыл сайын 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін жұртшылықтың назарын аудару және қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселелерін шешуге барлық тараптарды тарту мақсатында өткізілетін БҰҰ-ң «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» науқаны аясында өткізіледі.

Кибербуллинг дегеніміз – біреуді цифрлық технологиялардың көмегімен қудалау. Кибербуллинг әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде, ойын платформалары мен ұялы телефондарда орын ала алады. Бұл – қудалау нысанына айналған адамды қорқыту, ашуландыру немесе масқаралауды көздейтін мақсатты мінез-құлық үлгісі.

 

Кибербуллингке келесілер жатады:

  • Әлеуметтік желілерде біреу туралы жалған ақпарат тарату немесе біреудің келіссіз фотосуреттерін орналастыру;
  • Хабар алмасу платформалары арқылы тіл тигізетін хабарламалар немесе бопса жіберу;
  • Өзін басқа адам ретінде таныстырып, оның атынан келіссіз хабарламалар жіберу.

Шынайы өмірде қудалау және кибербуллинг көбінесе бір уақытта қатар орын ала алады. Бірақ интернеттегі қудалау цифрлық із қалдырады – бұл пайдалы болуы мүмкін және қорқытуды тоқтату үшін қажет дәлел бола алады.

 
Мектептегі балама көрсетілетін жәбірлеуді тоқтатуға мен қалай көмектесе аламын?
  • Балаларыңызға буллингтің не екенін айтып беріңіз. Олар жәбірлеу мен қудалаудың не екенін білген соң оларды оңай танып, оның өздерімен немесе басқа біреумен болып жатқанын біле алады.
  • Балаларыңызбен жиі және ашық сөйлесіңіз. Сіз олармен буллинг туралы көбірек сөйлескен сайын оларға оны көргенде немесе бастан өткергенде ол туралы сізге айту оңайырақ болады. Балаларыңызға олардың мектептегі өмірі мен Интернетте не істейтіні туралы күнделікті сұрақтар қойыңыз. Олардың сабақтары мен алған бағалары туралы ғана емес, сезімдері мен достары туралы да сұраңыз.
  • Балаңызға басқалар еретін үлгі болуға көмектесіңіз. Жәбірлеуде үш тарап болады: жәбірленуші, жәбірлеуші және бақылаушы. Балалар жәбірлеудің құрбаны болмаса да, олар өз құрдастарына құрметпен қарап, мейірімді болу арқылы жәбірлеудің алдын алады. Егер олар жәбірлеудің куәсі болса, олар жәбірленушіні жақтай алады, оған қолдау көрсете алады және/немесе жәбірлеуге байланысты мінез-құлыққа күмән келтіре алады.
  • Балаңызға өзіне деген сенімділікті дамытуға көмектесіңіз. Балаңызды әлдебір үйірмелерге немесе сабақтарға жазылуға шақырыңыз. Бұл, сонымен бірге, сенімділікті арттыруға және ортақ мүдделері бар достар тобын құруға көмектеседі.
  • Өзіңіз үлгі болыңыз. Айналаңыздағы адамдарға мейірімділік пен құрметпен қарап, балаңызға басқа балалар мен ересектерге қалайша мейірімділік пен құрметпен қарау керектігін көрсетіңіз, сонымен қатар басқаларға біреулер қатыгездік көрсеткен кезде оны да айтыңыз. Балалар ата-аналарына өзін қалай ұстау керектігі, соның ішінде Интернетте не орналастыру керектігі туралы үлгі ретінде қарайды.
  • Олардың онлайн кеңістігінің бір бөлігі болыңыз. Балаңыз пайдаланатын платформалармен танысып, оған онлайн және офлайн әлемдердің қалай байланысты екенін түсіндіріңіз және Интернетте кездесетін әртүрлі қауіптер туралы ескертіңіз.
Фото: ЮНИСЕФ Қазақстан/Жанар Каримова
 
Балам мектепте жәбір көрген жағдайда не істеуім керек?
  • Балаңыздың әңгімесін толық тыңдаңыз. Балаға сіз оны түсінетініңізді және қолдайтыныңызды сезіну маңызды. Мәселені талдап, шешу әрекетін кейінге қалдырыңыз. Тек толық тыңдап, қасында болыңыз және қолдау көрсетіңіз.
  • Балаңызға оған сенетініңізді, оның бөліскеніне қуанышты екеніңізді айтыңыз. Баланы бұл оның кінәсі емес екеніне және оған көмектесу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтыныңызға сендіріңіз.
  • Мұғаліммен немесе мектеп әкімшілігімен сөйлесіңіз. Жәбірлеумен өзіңіз және балаңыз жалғыз күресуге міндетті емессіз. Мектебіңізде буллинг орын алғандағы мінез-құлық кодексі бар-жоғын сұраңыз. Мектеппен бірге әрекет етіңіз.
  • Балаңызға үнемі қолдау көрсетіңіз. Сүйіспеншілік танытатын ересектердің қолдауы жәбірлеудің салдарларымен күресу үшін өте маңызды. Балаңыз сізбен кез келген уақытта сөйлесе алатынын білсін. Оны бәрі міндетті түрде жақсы болатынына сендіріңіз.
Фото: ЮНИСЕФ Қазақстан
 
Менің балам мектепте біреуге жәбір көрсетсе не істеу керек?

Сіздің балаңыз мектепте басқа балаларға жәбір көрсетеді деп күдіктенсеңіз, ең алдымен, ондай мінез-құлықтың себептері бар екенін ұмытпаңыз. Сіздің балаңыз өзінен-өзі жаман емес. Басқаларды жиі қудалайтын балалар қоғамға сәйкес келгісі келеді, назар аударуды қажет етеді немесе жай ғана күрделі эмоциялармен күресуге тырысады. Кейбір жағдайларда «бұзақылардың» өздері үйде немесе қоғамда зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болады. Балаңызға көмектесу үшін және #ЗорлықтыТоқтату үшін істей алатыныңыз:⠀

  • Сөйлесіңіз. Балаңыз неліктен өзін солай ұстайды? Ол мектепте өзін сенімсіз сезінеді ме? Ол досымен немесе туған бауырымен қақтығысады ма? Ол өзінің мінез-құлқын түсіндіре алмаса, балалармен жұмыс істеуге үйретілген әлеуметтік қызметкермен немесе психологпен кеңесуіңізге болады.
  • Қиындықтарды жеңудің салауатты жолдарын табыңыз. Балаңыздан оны уайымға түсірген жағдайды түсіндіруін сұрап, сындарлы жауап қайтару тәсілдерін ұсыныңыз. Келесі жаттығуды қолданыңыз: балаңыздан «өзін олардың орнына қоюды» сұраңыз. Онлайн мінеп-сынаудың нақты әлемде зиянды екенін есіне түсіріңіз.
  • Өзіңізге көз тастаңыз. Басқаларды қудалайтын балалар көбінесе үйде көргендерін қайталайды. Олар сіздің немесе басқа отбасы мүшесінің тарапынан физикалық немесе эмоционалдық зорлық-зомбылыққа ұшырай ма? Өзіңізге көз тастап, балаңызға не беретініңіз туралы әшкере ойланыңыз.
  • Жағдайды түзетуге мүмкіндік беріңіз және өзіңіз де, бірақ зорлық-зомбылықсыз әрекет етіңіз. Мысалы, қудалауға байланысты әрекеттерді – оның достарымен кездесулерін, телефонды пайдалануын, әлеуметтік желілердегі уақытын шектеу арқылы белгілі бір шек қойыңыз. Балаңызды құрдастарынан кешірім сұрауға және олардың болашақта мейірімді болуының жолдарын табуға шақырыңыз.

Жәбірлеу мен қудалау балалар үшін теріс салдарға алып келеді. Қудалаудың физикалық әсерінен басқа, балалар эмоционалдық және психикалық денсаулық проблемаларына, соның ішінде депрессия мен мазасыздыққа шалдығуы мүмкін. Сіздің балаңыз әр бала өзін қауіпсіз сезінетін қамқор мектеп ортасында оқуға құқылы.

 

 
Өзіңізге және басқаларға қалай қамқор болу керектігі туралы кеңестер

Интернетті пайдалану қарым-қатынас жасау, білім алу және сіз үшін маңызды болып табылатын  ақпаратты тарату үшін көптеген тамаша мүмкіндіктер ұсына алады, алайда бұл сонымен қатар белгілі бір проблемалармен де байланысты. Егер әлеуметтік желілерді немесе интернетті пайдалану сіз үшін бір уақыттарда күйзеліс жағдайын, қызғаныш немесе жалғыздық не болмаса өзіңізді бағалауыңыздың төмендеуі сезімін немесе қоғамнан қорқуды туындатқан болса, сіздің жалғыз емес екеніңізді сезіну керек. Төменде өзіңіздің психикалық денсаулығыңызға қамқор болып, интернетте қалай ізгі ниетті болып қалу керектігі туралы бес кеңес берілген.

1. Теріс әсер тудыратын жаңалықтарды бақылаусыз оқудан аулақ болыңыз

Әлеуметтік желілер мен онлайн-контент сіздің  эмоцияларыңызға, ойларыңыз бен іс-әрекеттеріңізге қалай әсер ететінін мұқият қадағалап отырыңыз.  Сіз өзіңізді бұл жағдайларда қалай сезінесіз? Жаңалықтарды оқығанда сіз ақпарат алғаныңызды сезінесіз бе әлде күйзеліске ұшырағаныңызды сезінесіз бе? Өз достарыңыздың мерекедегі фотосуреттерін көргенде, өзіңізді жақсы сезінесіз бе әлде қызғаныш туындай ма? Таңертең сіз телефоныңызды алдымен жаңалықтарды білу үшін аласыз ба әлде тек әдет бойынша ғана аласыз ба?

 

Интернетте қандай мақсатпен отырғаныңызды және бұл жағдайда қандай сезімдер туындайтынын анықтап алып, сіз әлеуметтік желілерде және басқа қосымшаларда қанша уақыт өткізетініңізге қажетті дербес шектеулер қоюыңызға болады.
 

Жазылымнан бас тартуға немесе сіздің эмоцияларыңызға  қасақана немесе  байқаусызда теріс әсер ететін адамдардың  барлығы туралы хабарлау үнемі қолыңыздан келе бермесе де, сіз дыбысты ағытып тастап көре аласыз немесе сізге ұнамайтын есептік жазбалардан контент келіп түсуін шектеп көре аласыз. Сіз интернетте көріп отырғаныңыздың (тіпті сіздің достарыңыздан келіп жатқандардың) барлығы бірдей шындыққа жанаса бермейтінін есте сақтау маңызды, алайда олар сізге ететін әсер – бұл шындық.

2. Абай болыңыз

Психикалық денсаулықтың барлық аспектілері мен амандық-саулықты қолдауға көмектесуге қабілетті тым жақсы онлайн-құралдар мен көптеген өте жақсы контенттер бар. Олар сізге ширығудан арылуға және назарды шоғырландыруға көмектесетін медитация қосымшалары мен сәйкестілік сезіміңізді және өзсанаңызды дамытудан бастап,  байланыста болуға, адамдардың бір-біріне қолдау көрсетуіне көмектесетін платформаларға дейін. Көптеген тамаша онлайн оқыту құралдары бар, олардың көмегімен сіз жаңа бірдеңе істеп көруіңізге, мысалы сурет салумен немесе йогамен айналысып көруіңізге болады, бұл жаңа когнитивтік және шығармашылық машықтарды дамытуға көмектеседі, ал дене шынықтырумен онлайн айналысу сізге денсаулығыңызды қолдауға және ширығудан арылуға көмектеседі.  

Шығармашыл адамдардың, мысалы, спортшылардың, әншілердің, үйде ас даярлайтын адамдардың, жазушылардың немесе өздерін толғандыратын проблемалар туралы ойларын білдіретін жас адамдардың позитивті және уәждейтін контентін тауып алуға тырысыңыз. Сіз сонымен қатар қажет болған жағдайда интернет пен әлеуметтік желілерді кәсіби көмек сұрауға және психикалық денсаулық туралы ақпарат іздеуге пайдалана алатыныңызды есте сақтаңыз.

Фото: ЮНИСЕФ Казахстан/Руслан Карсамов
 
3. Интернетте өзіңізді және басқаларды қорғаңыз

Өзіңіздің барлық бейіндеріңіздегі және әлеуметтік желілеріңіздегі құпиялылық баптауларын тексеріңіз. Веб-камера пайдаланылмайтын кездері оны жауып тастаңыз. Онлайн-қосымшаларда  және сервистерде тіркелген кезде, әсіресе егер өзіңіздің толық аты-жөніңізді, мекенжайыңызды көрсету керек болса немесе фотосуретіңізді салу керек болса, абай болыңыз. Егер сізді интернетте көргеніңіз немесе ұшырағаныңыз алаңдатса, сіздің бұл туралы өзіңіз сенетін ересек адаммен, мысалы, ата-анаңызбен немесе мұғаліммен сөйлесуіңіз керек, инцидент туралы тиісті платформада хабарлауыңыз қажет (куәландыру үшін экранды суретке түсіріп алуды ұмытпаңыз) және қауіпсіздік мәселелеріне қатысты сенім телефонының нөмірін және қосымша ақпарат алу үшін сіздің еліңіздегі психикалық денсаулықты қорғау қызметінің телефон нөмірін тауып алуыңыз керек.

Сонымен қатар сіз адамдардың интернетті пайдалану тәжірибесіне назар аударып, сыныптасыңыз, досыңыз немесе тіпті таныс емес адамның өздерін нашар сезінуінің белгілерін танып немесе олардан күйзеліс белгілері көрінетінін байқап, басқа адамдарға да көмектесе аласыз және  басқа адамдардың оларға қажетті қолдау алуына көмектесе аласыз.

 

Сөздің мәні зор, сондықтан біздің айтатынымызды мұқият ойластырып алуымыз маңызды.

 

4. Мейірімділікті таңдаңыз

Әлеуметтік желілерді игілікке пайдаланып, достарыңызбен, отбасыңызбен және сыныптастарыңызбен позитивті және қолдау көрсететеін контентпен бөлісіңіз. Мысалы, сіз бір адамға ол үшін алаңдайтыныңызды ол түсінетіндей етіп жазба жіберуіңізге болады немесе ол орналастырған жарияланымға оң комментарий қосуыңызға болады. Егер біреудің хабарламасына немесе жарияланымына теріс тұрғыдан жауап беретініңізді түсінсеңіз, тоқтаңыз да, бұл ойды басқаша тұжырымдауға болмас па екен деп немесе жауабыңызды жариялаудың орнына жеке кездесіп сөйлесуге болмас па екен деп ойлап көріңіз. Егер сіз қорқытатын немесе қорлайтын деп санайтын хабарламалар немесе контент көрсеңіз немесе алсаңыз, олары бұғаттап, проблема туралы хабарлау керек. Сөздің мәні зор, сондықтан біздің айтатынымызды мұқият ойластырып алуымыз маңызды. Біздің  барлығымыздың мейірімді болу және адамдарға қуаныш әкелу әлеуетіміз бар – сондықтан да өшпенділікті емес, сүйіспеншілікті таратайық! 

Фото: ЮНИСЕФ Қазақстан/Руслан Карсамов
 
5. Шынайы өмірде байланыста болыңыз

Онлайн- және офлайн әлемдер арасындағы шекара көмескіленіп бара жатқандай сезілуі мүмкін, осыған байланысты біздің осы сәтте өмір сүріп, біздің туа біткен қажеттілігіміз - адамдармен қарым-қатынас жасасу қажеттілігімізді қанағаттандыру барған сайын қиындап бара жатыр. Сіз айналысып жатқан ісіңізді әлеуметтік желілерде ол туралы есеп жасау үшін бөлетініңізді немесе достарыңызға қоңырау шалып немесе кездесіп, жағдайларын білудің орнына, олардың оқиғаларын желілерден оқитыныңызды қай уақытта болмасын байқадыңыз ба? Әлеуметтік желілерден аракідік шығып немесе оларды пайдалануда үзіліс жасап, уақытты шынайы өмірде достарыңызбен немесе отбасыңызбен қауіпсіз жағдайларда өткізу маңызды. Өз алдыңызға дербес шынайы мақсаттар, мысалы, оянғаннан кейінгі немесе ұйықтардың алдындағы бір сағаттың ішінде телефонды қолға алмау немесе  интернетке кірмеу  (сіз энергияңызды босқа жұмсайсыз және ақпаратты сүзгілемей жұтуға етіңіз үйреніп кетеді) мақсаттарын қойып көріңіз. Медитация, серуендеу немесе досыңызға қоңырау шалу сияқты істер де сізді осылай ынталандыратын болады, бірақ сіз өзіңізді анағұрлым  жинақталған және байсалды сезінетін боласыз.