БҰҰДБ Алматыда ауаның ластануымен күресу бастамасының нәтижелерімен таныстырды
2024 ж. 30 October
Бүгін Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Алматы Менеджмент Университетінің Урбанистика орталығымен бірге Алматыдағы ауаның ластану мәселелеріне арналған «Жасыл және қауіпсіз көшелер» бастамасы аясындағы бірлесіп атқарған жұмысын қорытындылады. Аталмыш бастама Словакия Қаржы министрлігі қаржыландыратын Қалалық Эксперименттер Қорының (City Experiment Fund) аймақтық бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Қорытынды форумға «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ өкілдері, Gehl Architects (Дания) және Urban Living (Қазақстан) сәулет және қала құрылысы бюроларының халықаралық сарапшылары қатысып, қалаларды тұрақты дамытудың халықаралық тәжірибесін ұсынды.
«Жасыл және қауіпсіз көшелер» бастамасы 40-тан астам мемлекеттік институттар, үкіметтік емес ұйымдар, қалаларды тұрақты дамыту саласындағы сарапшылар мен белсенділер қатысқан қоғамдық кеңес барысында алынған ұсынымдар негізінде әзірленген. Бастама өзара байланысты үш іс-шаралар кластерін қамтыды: әлеуметтік ықпал науқаны, Березовский, Тұрғыт Озал және Қазыбек би көшелерінде өткен тактикалық урбанизм іс-шаралары және ауаның ластануын өлшейтін құралдарды орнату, артынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеу жұмыстары. Аталған іс-шаралар Алматының ауасын тазарту мәселесін кешенді шешудің әрі қарайғы қадамдарын анықтауға көмектесті.
«Қалалық эксперименттер қоры аясындағы «Жасыл және қауіпсіз көшелер» бастамасы біздің қалаларды тұрақты түрлендіруге нық бекінгенімізді айқын көрсетеді. Экологиялық, әлеуметтік және экономикалық аспектілерге жіті назар аудара отырып, біз ауаның ластануы сияқты қиындықтарды жеңу арқылы халық денсаулығын, қауымдастықтардың экономикалық дамуын және тұрақтылығын қолдайтын қалаларды тұрақты дамыту түсінігін қалыптастыруға үлес қосамыз», —деді Катаржина Вавьерниа, Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі.
Ауаның ластануы – қоғамдық денсаулық сақтаумен, экономикалық өсумен, көлік жүйесімен, мәдени өмірмен және қалаларды инклюзивті дамытумен терең өзара байланысы үшін кешенді әдіс-тәсілдерді талап ететін жүйелі қалалық проблема. Ауаның төмен сапасы халықтың денсаулығына тікелей әсер етіп, тыныс алу және жүрек-қан тамырлары ауруларының көбеюіне себепші болады. Қалалардағы ауаны ластаудың негізгі көздерінің бірі болып табылатын көлік секторы шығарындыларды азайту үшін тұрақты ұтқырлыққа көшуді талап етеді.
«Қалалық эксперименттер қоры» аясындағы іс-шаралар мен әдіс-тәсілдер жасыл желекті ұлғайту, тұрғын үй секторында энергия тұрғысынан тиімді технологияларды енгізу, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін инфрақұрылымды жақсарту, сонымен қатар қоғамдық көлікке басымдық беру есебінен ауаның ластануын азайтуға көмектеседі деп күтіледі. Ластанудың түпкі себептерін жоюға бағытталған бұл шаралар зиянды шығарындыларды азайтуға және ауаның сапасын жақсартуға, соның арқасында әлдеқайда жайлы және экологиялық жағынан тұрақты қалалық орта құруға септесуі тиіс.
Іс-шара барысында сонымен қатар әлеуметтік өзгерістерге, қоғамдық кеңістіктерді белсендіруге және қаланы дамыту үшін деректерді пайдалануға арналған көрме ұйымдастырылды.