Астанадағы Азаматтық Форумда ҮЕҰ-лар мен мемлекеттің бірлесе отырып орнықты даму үшін қалай жұмыс істей алатыны талқыланды
2023 ж. 19 October
Астанадағы Азаматтық Форум аясында «Орталық Азия елдерінде ОДМ-ға қол жеткізу үшін ҮЕҰ серіктестігі негізінде орнықты платформалар құру» сессиясы өтті. Сессия барысында БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ), Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі және Орталық Азияның түрлі ҮЕҰ-лары ынтымақтастық үшін орнықты платформалар құруды талқылады.
Сессияға Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімов, БҰҰДБ гендерлік тобының директоры Ракель Лагунас және Орталық Азия ҮЕҰ-лары өкілдері қатысты. Сессияны Қазақстандағы БҰҰДБ-ның тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов модерациялады.
Сессияның негізгі тақырыбы орнықты дамуға қол жеткізудегі азаматтық қоғамның рөлі болды. Әбдікәрімов ҮЕҰ-лардың Қазақстандағы ОДМ-ға қол жеткізуге қосқан үлесін атап өтті:
«Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссияның құрамына ҮЕҰ өкілдері кірді. 2019 және 2022 жылдары азаматтық қоғам ОДМ-ны іске асыру бойынша Қазақстанның Ерікті Ұлттық шолуын дайындау барысында да маңызды рөл атқарды. Мұның бәрі азаматтардың мүдделерін қорғап, өмірдің көптеген салаларын қамтитын қоғамдық ұйымдардың қатысуынсыз мүмкін болмас еді».
Сессия аясында ҮЕҰ мен Орталық Азия үкіметтері арасындағы серіктестіктің тиімділігін айқындайтын бірнеше мысал келтірілді. Мәселен, Түрікменстандағы «Ынынч-Вепа» талдау агенттігінің директоры Гүлжамал Нұрмұхаммедова су ресурстарын басқару мәселелеріне қатысты ҮЕҰ ынтымақтастығы тәжірибесімен бөлісті.
Ракель Лагунас азаматтық қоғамды гендерлік теңдік мәселелеріне тартудың маңыздылығына назар аударды. Ол прогресстің баяу жүріп жатқанын және ОДМ-ға жету үшін жедел өзгеріс енгізу қажеттілігін атап өтті:
«Қарқынды дамып келе жатқан азаматтық қоғам — демократияның негізгі элементі. ҮЕҰ адамдардың нақты қажеттіліктерін қанағаттандырып, гендерлік теңдікке ықпал ету әлеуетіне ие. Алайда қазіргі жағдайда біздің ОДМ-ға жетуіміз екіталай. Мысалы, жұмыс орындарының басшылығындағы тең өкілдікке жету үшін 140 жыл қажет. Көп күткіміз келе ме? Орталық Азия мен Қазақстанда гендерлік теңдікке қол жеткізу — ортақ жауапкершілік».
Азаматтық Форумның 19 қазанда өткен Пленарлық отырысы барысында ОДМ-ны іске асыру үшін азаматтық сектормен ынтымақтастық құрудың маңызын Қазақстандағы БҰҰДБ Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа да атап өтті.
«Үкіметтік емес ұйымдар Орнықты даму мақсаттарына жету жолында маңызды рөл атқарады және Үкімет пен азаматтар арасындағы «көпір" қызметін атқара отырып, олардың тиімді өзара әрекеттесуін қамтамасыз етеді», -деп атап өтті Катаржина Вавьерниа.
Қазіргі таңда Қазақстанда 18,000-ға жуық азаматтық сектор ұйымдары бар — олардың үштен бірі әлеуметтік осал топтарына жүйелі қолдау көрсетумен айналысады. Бұл жұмыс 2030 жылға дейінгі Күн тәртібінің негізгі «ешкімді артта қалдырмау» мақсатын іске асыруға оң әсерін тигізеді.
2021 жылдың шілдесінде БҰҰДБ мен Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ өкілдігі Орталық Азия үшін ОДМ бойынша білім алмасу жөніндегі Өңірлік платформаны құру жобасын іске қосу туралы келісімге қол қойған болатын. Бұл платформа елдерді білім алмасу, институттарды нығайту және орнықты дамуды бәсеңдететін қаржылық мәселелерді шешу үшін біріктіру арқылы аймақтың интеграциясына ықпал етеді.
Осы тұрғыда бүгінгі сессия азаматтық қоғамның рөлі қаншалықты маңызды екендігінің айқын дәлелі болды. Талқылауға қатысушылар орнықты бастамалардың өңірлік деңгейде сәтті іске асырылуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы белсенді әрекеттестіктің қажеттілігін айқындады.