Болашақта даму үшін байланыстарды нығайту: Еуропа және ТМД үшін Өңірлік бюро директоры орынбасарының Қазақстанға сапары
2024 ж. 26 January
21-24 қаңтарда БҰҰДБ Әкімшісі көмекшісінің орынбасары — БҰҰДБ Еуропа және ТМД үшін Өңірлік бюросы директорының орынбасары Ник Хартманн Қазақстанға ресми сапармен келді. Нәтижелі кездесулер мен нақты жоспарларға толы болған әрі Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) мен 2030 жылға дейінгі Күн тәртібіне жету контекстінде өткен бұл сапар бұрыннан бар серіктестіктерді нығайтып қана қоймай, сонымен қатар өңірлік даму, төмен көміртекті стратегия, гендерлік теңдікті ілгерілету және цифрлық технологияларды енгізу сияқты маңызды бағыттардағы ынтымақтастықты белсенді түрде кеңейтуге жол ашты.
Сенаттың вице-спикері Ольга Перепечинамен кездесуі барысында Хартманн БҰҰДБ-ның елдегі ОДМ-ны қолдау жөніндегі міндеттемелерін растады. БҰҰДБ ұлттық деңгейде ОДМ Интеграторы ретінде әрекет ете отырып, орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуын мониторингілеу жөніндегі Парламенттік комиссияға сараптамалық және әдіснамалық қолдау көрсетеді. Бұл көмек ОДМ-ны мемлекеттік жоспарлау және бюджеттеу жүйелеріне интеграциялауды жеңілдету мақсатында жаһандық сараптамаға қол жеткізуді қамтиды.
Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімовпен кездесу барысында тараптар Үкімет Парламенттің тиісті бастамаларды мақұлдауының арқасында жүзеге асыратын орнықты даму жолындағы белсенді қадамдарын егжей-тегжейлі талқылады. Орнықты даму қағидаттарын бюджеттеу, заңнама және өңірлік басқару процестеріне енгізу дәйекті жақсартуларды ғана емес, сондай-ақ елде маңызды өзгерістердің пайда болуына ықпал етеді. Болашаққа, алдағы алты жылға қарасақ, мұндай интеграцияланған тәсіл — 2030 жылға дейін жүзеге асырлуы тиіс мақсаттарға қол жеткізудің бірден-бір жолы. Бұл тәсіл ауқымды әрі ұзақ мерзімді оң өзгерістердің негізін қалап, Қазақстанның орнықты әрі жарқын болашағына есік ашады.
Сенаттың вице-спикерімен кездесу барысында тараптар Қазақстанның гендерлік күн тәртібінің ілгерілеуіне де тоқталды. Ник Хартманн Президенттің соңғы Жарлығының гендерлік теңдік мәселесіне тигізетін әсеріне ерекше тоқталып, мемлекеттік және жеке секторлар үшін гендерлік теңдік бойынша сертификаттау Бағдарламасының рөлін атап өтті. Бұл бағдарлама гендерлік талдау механизмдерін қалыптастыруда және жұмыс орнындағы жыныстық бопсалаудың алдын алуда шешуші рөл атқарып, гендерлік тепе-теңдікке айтарлықтай жақындауға көмектеседі.
Бұл тақырыптың ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевамен кездесу барысында да маңызы зор болды. Тараптар жеке секторға гендерлік теңдік бойынша сертификаттау Бағдарламасын (GES) енгізу мәселесін талқылады. Министр өз тарабынан бастамаға қолдау білдірді. Бұл ретте Министрлік GES стандарттарын өз құрылымы шеңберінде енгізе бастағанын айта кеткен жөн. МАМ-ның сәтті тәжірибесінен кейін бұл бағдарламаны басқа мемлекеттік ұйымдарға да ұсыну жоспарлануда.
Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе — креативті индустрияларды дамыту. БҰҰДБ мен МАМ Қазақстан креативті индустрияларын ілгерілетуге қатысты бірлескен іс-қимыл жоспары жөнінде келісімге келді. Ол заманауи әдістерді қолдана отырып, терең зерттеу жүргізуді, халықаралық сарапшыларды тартуды және тәжірибе алмасуды қамтиды. Бұл бастама Жетісу, Абай, Ұлытау өңірлерінде және Қызылорда облысында іске асырылатын жаңа өңірлік бағдарламаға да ықпал етпек.
Өңірлік бюро директорының орынбасары сапарының тағы бір мақсаты дамудың барлық аспектілеріне әсер ететін цифрландыру саласындағы әріптестікті кеңейту мүмкіндіктерін зерделеу болды. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен кездесуі барысында Ник Хартманн Қазақстандағы цифрлық басқару саласының елеулі ілгерілеуін атап өтті. Қазақстанның осы салада өңірлік деңгейде жетекші рөл атқаратынын мойындап, БҰҰДБ-ның ешкімді артта қалдырмау үшін инклюзивті тәсіл мен құқық қорғау қағидаттарын ұстана отырып, елді қолдауды жалғастыруға ниетті екенін айтып өтті.
БҰҰДБ Қазақстандағы жұмысының барлық салаларының даму нәтижелерін одан әрі жақсарту үшін цифрлық құралдарды белсенді пайдаланады. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевпен кездесу барысында талқыланған тақырыптардың бірі осы әлеуетті бірегей биоәртүрлілікті қорғау мақсатында пайдалану болды. Диалог барысында тараптар энергетикадағы, су ресурстарын басқарудағы және төмен көміртекті экономиканы дамыту жөніндегі бастамалар аясындағы өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды.
Сапар Назарбаев Университетінде 11 ақпанда атап өтілетін Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні қарсаңында өткен қонақ дәрісімен аяқталды. Ник Хартманн STEM-дегі гендерлік теңсіздік мәселесін көтеріп, ғылымдағы әйелдер мен қыздардың рөлін нығайтуға бағытталған STEM4ALL бастамасын ұсынды. Мұның бәрі БҰҰДБ-ның осы саладағы гендерлік алшақтықты азайтуға деген міндеттемесінің айқын дәлелі.