Химиялық заттар біздің өміріміздің ажырамас бөлігі болып табылады және біздің экономикамызға маңызды үлес қосады. Көптеген химиялық заттар зиянсыз немесе тіпті пайдалы болып табылады; ал басқалары біздің денсаулығымыз бен қоршаған ортамыз үшін қауіп төндіреді. Химиялық заттар өндірісі өркендеуде, ал онымен бірге зиянды химиялық заттардың да әсері өсуде. Жалпы әлемде өлім мен мүгедектікке себепкер болатын жүректің ишемиялық ауруларының үштен бірі (35%) және жаһандық ауқымда өлімнің екінші себепкері болып табылатын инсульттардың шамамен 42%-ын атмосфера мен тамақ өнімдерін ластайтын химиялық заттардың әсерін азайту немесе жою есебінен алдын алуға болады. Химиялық заттарды өндірген сәттен бастап аулаққа шығарғанға дейін оларды реттеусіз және ұтымды басқарусыз біздің денсаулығымыз бен қоршаған ортаға қауіп төнуде.
Химиялық ластану мәселелерін шешу үшін әлемдік қауымдастық қауіпті химиялық заттар мен қалдықтарды басқарудың ғаламдық процесінің қажеттілігі туралы мәселені көтере бастады. 1992 жылы Рио-де-Жанейродағы БҰҰ Қоршаған орта және даму жөніндегі конференциясында «ХХІ ғасырға арналған күн тәртібі» қабылданды, онда уытты химиялық заттармен қауіпсіз жұмыс істеу мәселесі биік мінберден айтылды.
Химиялық заттармен жұмыс істеудің кейбір аспектілері үш негізгі халықаралық химиялық конвенцияларда көрсетілген: олар - Қауіпті қалдықтардың трансшекаралық тасымалын бақылау және оларды жою туралы Базель конвенциясы (1989 ж.), Халықаралық саудалауда жекелеген қауіпті химиялық заттар мен пестицидтерге қатысты алдын ала негізделген келісу рәсімі туралы Роттердам конвенциясы (1998 ж.) және Орнықты органикалық ластағыштар туралы Стокгольм конвенциясы (2011 ж.).
Жоғарыда аталған халықаралық құжаттар химиялық қауіпсіздік негізін құрағанына қарамастан, олардың әрқайсысының қолдану аясы шектеулі, олардың барлығын біріктіре отырып іске қосқанның өзінде, мемлекеттер тап болатын химиялық қауіпсіздік проблемалардың ауқымды спекторын қамти алмайды. Бұл барлық елдерде ауыл шаруашылық және өнеркәсіп химикаттарының әсер етуі адам денсаулығы мен қоршаған ортаға елеулі зиянын тигізбейтіндей химиялық заттарды ұтымды реттеуге қол жеткізу үшін неғұрлым жүйелі және жалпы қамтушы жаһандық бағдарламаға деген қажеттілікті туғызды. Осылайша, Химиялық заттарды халықаралық реттеудің стратегиялық тәсілі (SAICM) – химиялық заттарды ұтымды реттеуді ілгерілету үшін жаһандық саяси негіз пайда болды.
SAICM іске асыру процесінің шешуші элементтерінің бірі Ұлттық бейінді – химиялық заттарды ұтымды пайдаланумен байланысты қолданыстағы ұлттық құқықтық, ұйымдастырушылық, әкімшілік және техникалық инфрақұрылымдарды жалпы қамтитын шолуды әзірлеу болып табылады. Ұлттық бейін химиялық заттарды басқарудың заманауи жүйесінің (БҰҰ, ЭЫДҰ стандарттаған және т.б.) талаптары негізінде әзірленеді және оның Рио-де-Жанейродағы «ХХІ ғасырға арналған күн тәртібі» Конференциясымен үйлесімділігі бар. Ұлттық бейін елдегі химиялық заттар мен материалдарды басқарудың қолданыстағы заңнама мен қағидаларын қайта қарау үшін негіз болмақ.
Қазақстан Республикасында Химиялық заттарды басқару жөніндегі Ұлттық бейін алғашқы рет 2006 жылы дайындалып, 2009 және 2013 жылдары жаңартылды. Осы жылы Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының сайтында орналастырылған 2016-2018 жылдардағы ресми статистикалық деректерін ескере отырып, Ұлттық бейінді жаңартты.
Мемлекеттік органдармен, өнеркәсіптік кәсіпорындармен, ғылыми институттармен, үкіметтік емес ұйымдармен және қауымдастықтармен химиялық заттар жөніндегі Ұлттық бейінді талқылау үшін Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы 25-27 қарашада ҚР Индустрия және инновациялық даму министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, химиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық тренингі мен дөңгелек үстелін ұйымдастырды. Іс-шара шеңберінде химиялық заттарды реттеу саласындағы халықаралық және ұлттық заңнамалық талаптары және Еуразия экономикалық одағының 041/2017 «Химиялық өнім қауіпсіздігі туралы» Техникалық регламентін іске асыру мәселелері ортаға салынып, ұсынылды.
Жаңартылған Қазақстан Ұлттық бейіні химиялық заттармен байланысты елде бар проблемаларды айқындауға және оларды шешу үшін қолжетімді тетіктерді түсінуге үлесін қосады деп күтілуде. Сонымен қатар, бұл құжат химиялық заттар мен қалдықтарды басқарудағы олқылықтар мен кемшіліктерді анықтауға және қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалану жолдарын анықтауға көмектеседі.
Осылайша, Химиялық заттарды басқару жөніндегі Ұлттық бейіннің материалдары химиялық заттармен және қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу туралы халықтың және мүдделі тараптардың хабардарлығын арттыруға көмектеседі және болашақ жұмысының басымдықтарын белгілейді.
Қазіргі уақытта Химиялық заттарды басқару жөніндегі Ұлттық бейін жобасы мемлекеттік органдармен және мүдделі тараптармен келісілуде және БҰҰДБ сайтында орналастырылған. Барлық комментарийлер, ескертулер мен ұсыныстар saltanat.bayeshova@undp.org электрондық мекенжайы бойынша қабылданады.