Қазақстанда факультативтік хаттаманы ратификациялау: мүгедектігі бар тұлғалардың құқықтарын қорғаудағы маңызды қадам
2023 ж. 14 June
Қазақстанда күн сайын білім алуға, медициналық қызмет көрсетуге, жұмысбастылыққа және өздерінің шығармашылық және спорттық дарындарын дамыту мүмкіндіктеріне тең құқылы қол жеткізу жолында көптеген кедергілерге тап болатын 700 000-нан астам мүгедектігі бар адам тұрады.
2015 жылы Қазақстан түпкі мақсаты мүгедектігі бар адамдарға қоғам өміріне кемсітусіз басқалармен тең дәрежеде қатыса алатындай жағдай жасау болып табылатын Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады. Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспардың шеңберіндегі іс-шараларды әзірлеу мен іске асыру бойынша жұмыс жүргізілді.
Оған қоса, Әлеуметтік қызметтер порталы мен басқа да көптеген бастамалар әзірленіп, енгізілді. Осылайша, Қазақстанда 2020 жылдан бастап Мүгедектігі бар адамдарды кәсіби оңалту орталығы жұмыс жасайды, мұнда оларға жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіліп, кейіннен сүйемелдеу қызметтері көрсетіледі.
Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар оларға тең мүмкіндіктер мен белсенді қоғам өміріне толыққанды қатысуды қамтамасыз ету бағытындағы елеулі қадам болды. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенцияның факультативтік хаттамасын ратификациялау мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау мен ілгерілетуді қамтамасыз етудегі келесі елеулі қадам болды.
Жаһандық деңгейде факультативтік хаттаманы ратификациялау мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауға айтарлықтай әсер етеді. Бүгінгі таңда Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенцияны 186 мемлекет, ал факультативтік хаттаманы 104 мемлекет ратификациялады. Бұл – мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау маңыздылығының халықаралық деңгейде мойындалатындығының және елдердің әрбір адамның мүмкіндіктері тең болатын инклюзивті қоғамдар құруға деген ұмтылысының айғағы.
Факультативтік хаттамалар халықаралық құқықтың прогрессивті дамуына жәрдемдесу, осал топтардың құқықтарын нығайту және қорғау, сондай-ақ конвенцияда қамтылған нақты салалар шеңберінде халықаралық стандарттар мен нормалардың сақталуын қамтамасыз ету үшін маңызды мәнге ие.
Факультативтік хаттаманы ратификациялау қатысушы мемлекеттерге негізгі конвенцияда көзделген құқықтарды қорғау және ілгерілету үшін қосымша шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
«Хаттамаға қол қою мен оны ратификациялау Қазақстанның мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын халықаралық стандарттарға сәйкес құрметтеуге және сақтауға кепілдік беретіндігін білдіреді. Бұл қадам мүгедектігі бар адамдардың білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, тұрғын үй мен көлік, және басқа да салалардағы ақпарат пен қызметтерге қолжетімділігін жақсартуға айтарлықтай әсер етеді. Қазақстан өзіне өз заңнамасы мен саясатын хаттамаға сәйкес бейімдеу міндеттемесін қабылдайды, бұл құқықтарды қорғау деңгейін жоғарылатуға және елдегі мүгедектігі бар адамдарды белсенді қоғам өміріне толыққанды қатыстыру үшін жағдай жасауға алып келеді. Оның үстіне, бұл оларды қолдаудың жаңа шаралары мен тетіктерін қалыптастыруға ықпал етеді», –деп хабарлайды Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева.
Хаттаманы ратификациялау Қазақстанның мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауға және халықаралық стандарттарды сақтауға мүдделі ел ретінде халықаралық деңгейде мойындалатынын көрсетеді. Бұл мүгедектігі бар адамдарды белсенді қоғам өміріне толыққанды қатыстыру мен олардың құқықтарын қорғау саласында басқа елдермен ынтымақтастықты дамытуға, озық тәсілдер мен тәжірибе алмасуға ықпал ете алады. Мұндай ынтымақтастық елге білім алмасу, технологияларды дамыту және әлеуметтік бағдарламалар мен жобаларға инвестициялар тарту тұрғысынан пайдалы болуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, БҰҰДБ мен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен 2021 жылдың соңында мүгедектік мәселелері бойынша әкімдер мен министрлер кеңесшілері институтын дамыту жобасы іске қосылды. Қазіргі уақытта кеңесшілер Қазақстан облыстарының 13 әкімінде, 4 министрде, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысында, сондай-ақ қалалар мен аудандардың кейбір әкімдерінде бар. 2023 жылғы сайлау қорытындысы бойынша Қазақстанда алғаш рет 70-тен астам мүгедектігі бар адам Парламент пен Мәслихаттардың депутаттары болды.