IT саласындағы ауған әйелдері мен қыздарының мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейту

Барлығына ортақ, жарқын болашаққа ұмтылыс

2024 ж. 24 April
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Әмір Салықбаев

2021 жылы «Талибан» қозғалысы билікті басып алғаннан бері Ауғанстандағы әйел құқықтарына қатысты жағдай айтарлықтай нашарлады. Әйелдердің өмірдің барлық саласындағы, яғни, білім беру, жұмысқа орналасу, қоғамдық өмірге қатысу және шешім қабылдау барысындағы мүмкіндіктері мен құқықтары шектелді.

Дегенмен, осындай қиын жағдайда да батылдық пен үмітке толы хикаялар кездеседі — солардың бірі Хасина туралы. Қырғызстанның Нарын қаласындағы Орталық Азия университетінің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) факультетінде оқитын Хасина көптеген адамдарға шабыт беріп жүр. Еуропалық Одақ (ЕО) қаржыландыратын БҰҰДБ трансшекаралық бастамасының қолдауымен ол оқудың трансформациялық күшінің белгісіне айналды.

«Компьютермен бала кезімде танысып, содан бері технологияның шексіз мүмкіндіктеріне таңқалумен келемін. Соған қарап мен осы саланы кәсіби түрде зерттеймін деп шештім», —
дейді Хасина.

Болашаққа апарар жаңа жол

Әлеуметтік нормалар мен дәстүрлі гендерлік рөлдер көп елдерде әйелдердің білімі мен мансабына кедергі келтіреді. Осы себепті Хасинаның медицинадан АТ-ға ауысуы оның өз күшіне, мүмкіндіктеріне сену актісі болды.

«Әдетте ерлерге жақын АТ саласында жұмыс істей отырып, мен талай кедергіге тап болдым. Алайда АТ мамандығын алуға ұмтылып, «ерлер әлемін» бағындыруға тырысып жүрген әйелдердің талабы мен ықыласын байқап, солардан шабыт алдым».
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Әмір Салықбаев

Ауғанстандағы жаңашыл ізашарлар

Ауғанстандағы ауыр жағдайға қарамастан, Хасина өз елінің дамуына деген сенімін жоғалтқан емес. Медицина және АТ салаларынан алған білімінің арқасында ол технология, атап айтқанда жасанды интеллект (ЖИ) және робототехника сияқты инновациялар, мысалы, медицина саласын қаншалықты өзгерте алатынын анық біледі.

«Дәрігерлер жетіспейтін аймақтарда ЖИ көмегі қаншалықты тиетіні жайлы ойланып көріңіздерші. ЖИ негізіндегі диагностиканың арқасында қашықтан да медициналық көмек беруге болады. Роботтық хирургия дәрігерлердің күрделі процедураларды жоғары дәлдікпен орындауына, операциялардың қауіпсіз болуына, жазылу процесін тездетуге мүмкіндік береді».

Заманауи технологиялар Ауғанстандағы, әсіресе медициналық қызметке зәру аудандардағы жағдайды түбегейлі өзгерте алады:

«Бұл инновациялар орналасқан жеріне қарамастан барлығына ортақ медициналық қызмет сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар технология білім беруді интерактивті әрі қызық қылып, төңкеріс жасай алады. Бұл студенттердің табысты мансап дағдыларын дамытуына, сондай-ақ Ауғанстанның экономикалық өсуіне үлес қосуына көмектеседі. Технологияны тиімді пайдалану ауған халқының өмірін едәуір жақсарта алады — мен бұл бағытта қаншалықты алға жылжуға болатындығын анық білемін. Сайып келгенде, мұның бәрі — Ауғанстанның азаматтары үшін жарқын болашақ құру жолдары».

Ауған әйелдері арасында АТ саласын насихаттауға деген батыл көзқарас

Болашақта Хасина жаңа мәселелерді шешуге әрі инновациялық АТ жобаларына үлес қосуға дайын бағдарламалық жасақтама инженері болғысы келеді. Ауған әйелдеріне АТ саласында білім алуға және басқа да мүмкіндік беруге бел буған Хасина кедергілерден технологияның көмегімен өтпек:

«Мен Ауғанстандағы АТ саласындағы білім мен әйелдер мүмкіндіктерінің болашағын жарқын етуге өз үлесімді қосқым келеді. Қашықтан және бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндіктерін ескерсек, технология Ауғанстандағы гендерлік теңсіздікті жоюға көп үлес қоса алады. Мен осы құралдарды ауған әйелдерінің мүмкіндіктерін кеңейту үшін пайдалануға ұмтыламын».

Бүгінгі Халықаралық АКТ саласындағы қыздар күнінде біз Хасина сияқты ізашарларды мадақтаймыз. Олардың хикаялары инклюзивті, әр түрлі әрі әділ АТ секторын құруға ынталандырып, шабыттандыра түседі.

ЕО мен БҰҰДБ серіктестігінің 20 жылдығы

2019 жылы ЕО мен БҰҰДБ 50 ауған әйеліне Қазақстан мен Өзбекстанда білім алу мүмкіндігін ұсыну жөніндегі ортақ жобаны іске қосқан болатын. ЕО-ның қосымша қаржыландыруының арқасында бастама 2021 жылы Қырғызстанды қамтып, 105 ауған әйеліне жобаға кіруге ұсыныс жасады. 2027 жылға қарай 155 ауған әйелі ЕО мен БҰҰДБ-ның ортақ күш-жігерінің арқасында Орталық Азиядан академиялық және кәсіби дәреже алып шығады.

Бұл серіктестік аймақтық және халықаралық ынтымақтастықтың трансформациялық күшін бейнелейді. ЕО ресурстары мен техникалық тәжірибесі БҰҰДБ-ның жергілікті жұмысы мен дамуға деген ұмтылысымен үйлесім тауып, серіктестікті оң өзгерістер катализаторына айналдырды. Мұның бәрі Қазақстан мен Орталық Азия азаматтарының өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ете отырып, орнықты экономикалық даму, инклюзивті басқару, экологиялық және әлеуметтік орнықтылық сияқты негізгі мәселелермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

***

Мақаланың түпнұсқасы undp.org сайтында жарияланды.

Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырды. Оның мазмұнына тек БҰҰДБ жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.