Биолог-аңшылықтанушы әйелдің тарихы

2023 ж. 12 February
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Елена Красон
«Қазіргі әлемде өзін ғылымға арнаған әйелдер мүлдем сирек құбылыс емес, сөйте тұра олар – ғажайып әйелдер. Біздің жұмысымызда біз «еркектің жұмысы» мен «әйелдің жұмысы» деп бөлмейміз, мұнда бәрі тең. Қазіргі заманғы қыздар кез келген көлікті оңайлықпен басқарып, атты да ерттеп алып таулы жерде талай шақырымды артқа тастай алады, күрделі аумақты да жаяу зерттеп, шатыр орнатуға да, от жағуға да еш қиналмайды. Оған қоса, отандық ғылымның дамуына басқалармен қатар үлкен үлес қосатынын да дәлелдеп береді», –
деп бөліседі аңшылықтанушы-биолог Елена Красон.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Елена Красон

Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні жылда 11 ақпанда осымен жетінші рет атап өтіледі. Оның мақсаты – әйелдердің ғылыми салада қалыптасып танылуына кедергі келтіретін гендерлік стереотиптер мәселесіне назар аудару. Қазақстанда әйелдердің ғылымға қатысу серпіні оң үрдіс көрсетеді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, елдегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қатысатын әйел ғалымдардың үлесі 54%-ті құрайды. 2021 жылдың қазан айында шамамен 100 жыл әрекет еткен (1930 жылдан бастап) әйелдерге тыйым салынған кәсіптердің тізімі жойылды.

Оң өзгерістерді есепке алған күннің өзінде қоғамда әйелдерге дәстүрлі «ер адам» мамандықтарында мансап құруға кедергі келтіретін гендерлік стереотиптер мен әлеуметтік нормалар әлі де бар.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Елена Красон
«Ауылда қыз балаға өз теңі ретінде қарайтындар жоқтың қасы: мен өз өмірімде талай түсініспеушілікті де, шамадан тыс қамқоршылықты да, тіпті мамандығымды таңдағаным үшін мінеушілікті де көрдім. Бұл көп жерде алған бетімнен қайтарғандай болатын, алайда бақытыма орай, менің достарым, отбасым әрқашан маған қолдау көрсетіп, қол ұшын беретін. Менің ойымша, кез келген жағдайда өзіңізге деген сеніміңізді жоғалтпай, сырттан айтылған сын сөздерін сабырмен қабылдап, өз идеяларыңыз бен теорияларыңызды батыл түрде алға тартып, кез келген шешімге жауапкершілікпен қарап, қателік жасаудан қорықпау қажет. Сәтсіз аяқталған эксперимент – ол да эксперимент: қателіктермен жұмыс жасап, алға жылжимыз!», –
дейді Елена.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Ғылыммен айналысатынын Елена мектептен-ақ шешкен. Жабайы табиғат әлемі оны қызықтырғаны соншалық, ол мектеп кітапханасындағы жануарлар туралы барлық энциклопедияларды оқып шықты. Сүйікті пәні биология болса, жабайы табиғат туралы телебағдарламалар ол үшін әрқашан бірінші орында тұрды.

«Орта мектепті тәмамдағаннан кейін мен университетке түстім. Өкінішке орай, университетте биологтар тек болашақ педагогтар ретінде ғана дайындалды, сондықтан мен аңшылықтануды таңдадым. Оқу маған оңай болып, мен бос уақытымда университет жобаларына белсенді қатысатынмын. Ең қызықтыларының бірі Ертіс өзенінде бекіре тұқымдас балықтардың популяциясын қалпына келтіру жобасы болды. Жоба шеңберінде өсірілген бекіре шабақтарын біз өзенге жіберетінбіз. Осылайша мен нақты тақырыпты зерттеудегі алғашқы толыққанды жұмыс тәжірибесіне ие болдым», – деп есіне алады Елена Красон.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Елена Красон

Қазір Елена Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының бастамасымен құрылған ұлттық табиғи парктердің бірі – «Тарбағатай» ұлттық паркінде жұмыс істейді. Естеріңізге сала кетсек, БҰҰДБ қолдауымен жалпы ауданы 1,85 млн га құрайтын барлығы сегіз жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ЕҚТА) құрылды; қолданыстағы үш ерекше қорғалатын табиғи аумақтың аумағы кеңейтілді. «Ақжайық», «Алтын Дала», «Іле-Балқаш» табиғи резерваттары мен «Бұйратау», «Жоңғар Алатау» және «Тарбағатай» ұлттық парктері пайда болды.

Қазақстанда алғаш рет 2,9 млн га алқапта «Қапшағай-Балқаш» және «Ырғыз-Торғай-Жыланшық» экологиялық дәліздері құрылып, олар бүгінде қарақұйрық пен ақбөкен сияқты жануарлар дүниесінің сирек кездесетін түрлерінің көші-қон жолдарын қорғауға мүмкіндік береді.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Елена Красон

«Университеттегі оқуымды аяқтаған соң мен жұмысқа орналасу қиындықтарына тап болдым. Біріншіден, тәжірибесіз жұмысқа тұру қиын болды, екіншіден, мамандығым айтарлықтай сұранысқа ие болмады. Мен ЕҚТА мен ұлттық парктің құрылуы туралы білген бойда бірден түйіндемемді жібердім. Көп ұзамай мені жұмысқа шақырды», – деп бөліседі Елена.

Табиғатты қорғау қызметі шеңберінде БҰҰДБ жекелеген ЕҚТА-ларды жануарлардың саны мен көші-қон жолдарын қашықтықтан мониторингілеу үшін жаңа жабдықтармен жарақтандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Ұлттық парктерге, табиғи резерваттарға, қорықтарға фототұзақтар, дрондар, SMART патрульдеу жүйесі беріледі.

«Мен қарапайым фототұзақ үлгісімен жұмыс істеуді өз бетімше интернетте үйрендім. Фототұзақты тұңғыш рет орнатқаннан кейін бір аптадан соң бүкіл тату ұжыммен арқарлардың алғашқы суреттерін тамашаладық. 2019 жылы біздің топ БҰҰДБ жобасы аясында фототұзақтың озық үлгілерімен жұмыс істеуді оқыту бойынша тренингке қатысты. Сондай-ақ, ұйым жабайы табиғатты бақылауға арналған толық жинақталған фототұзақтарды тегін пайдалануға берді», –
деп есіне алады Елена.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Елена Красон

БҰҰДБ мен ЖЭҚ қолдауымен Қазақстанның 13 ерекше қорғалатын табиғи аумағына барлығы 294 фототұзақ берілді, оның 15-і «Тарбағатай» ұлттық паркінің аумағында орнатылды. Фототұзақтарды пайдалану жабайы аңдар мен экожүйелердің жағдайы туралы неғұрлым сенімді деректерді жинауға мүмкіндік береді. Олардың үлкен артықшылықтарының бірі – олар Интернетке қосылмай-ақ жұмыс істеп, түрлі ауа райы мен климаттық жағдайларға төтеп береді.

Осы және басқа да тұрақты даму саласындағы цифрлық шешімдерді, Қазақстанның биологиялық алуантүрлілігін мониторингілеуге және зерттеуге арналған технологиялық гаджеттер мен жүйелерді Елена жақында өткен «Адамдар мен планета мүдделеріндегі цифрлық қайта жүктеу» іс-шарасында таныстырды.

 

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Елена Красон
«Жануарлар әлемімен жұмыс жасаудың өзі өте күрделі де қауіпті, өйткені сіз аюдың немесе ашуланған жабайы қабанның сізді қай бұрылыста күтіп тұрғанын ешқашан білмейсіз! Біздің жұмысымызда технологияларды қолданбаса, жабайы жануарларды бақылау ендігі жерде толыққанды әрі сенімді болып табылмайды. Бүгінгі таңда парктің флорасы мен фаунасын зерттеуде фототұзақтар, ұшқышсыз ұшатын аппараттар мен SMART-құрылғылар сияқты технологиялар табысты түрде енгізіліп отыр. Қызметкерлердің 80%-інен астамы оқудан өтіп, камераларды өз беттерінше еш қиындықсыз орната береді, бұл жайт қуантпай қоя алмайды», –
дейді Елена Красон.

Биоалуантүрлілікті сақтау бойынша жобаларды іске асыра отырып, БҰҰДБ елдің бірегей табиғаты мен жаһандық маңызы бар экожүйелерін сақтауға көмектеседі. БҰҰДБ қолдауымен таулы, сулы-батпақты, дала және шөлді экожүйелердің биологиялық алуантүрлілігін сақтауға айтарлықтай ықпал жасалды; сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерді сақтауға және елдің биологиялық ресурстарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік беретін қолданыстағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқаруда экожүйелік тәсілдер енгізілді.

 

Мақала baigenews.kz-пен серіктестікте дайындалған.