Қазақстанда АИТВ-мен өмір сүретін 28 мыңнан астам адам тұрады. АИТВ-ны тіркеу жағдайларының 90%-дан астамы 15-49 жастағы ең белсенді және еңбекке қабілетті жас тобына тиесілі. АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға сапалы ем ұсыну Қазақстанда АИТВ-инфекциясына қарсы іс-қимыл стратегиясының басым міндеті болып табылады. Емдеудің тиімділігі АИТВ-мен ауыратын адамның денсаулығын жақсартып, толыққанды өмір сүруіне ғана емес, сонымен қатар инфекцияның басқа адамдарға берілу қаупін азайтады.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда АИТВ-инфекциясының эпидемиясы шоғырланған сатыда тұр, яғни негізінен халықтың негізгі топтары арасында байқалады және біздің елімізде оның таралуын тоқтатуға мүмкіндік бар. Бұл үшін қажетті шарттардың бірі сапалы зертханалардың болуы болып табылады. Тиімді зертханалық диагностика диагноз қою мен дұрыс емдеуді тағайындау үшін өте маңызды – бұл АИТВ-инфекциясын уақтылы анықтауға және жасалып жатқан емнің тиімділігіне көз жеткізуге мүмкіндік береді. Диагнозды қате қою психологиялық жарақатқа немесе АИТВ-инфекциясының басқа адамдар арасында таралуына әкелуі мүмкін.
Зертханалық зерттеулердің сапасын арттыру мақсатында осы жылғы қазанда Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы еліміздің барлық өңірлеріндегі 15 ЖИТС орталығында АИТВ-инфекциясына ПТР-тестілерді өткізу үшін жаңа автоматтандырылған жабдық сатып алып, орнатты. Оңтүстік кореялық Bioneer Corporation компаниясының ExiStation жаңа жабдығы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығын қолдау ЖИТС-пен, туберкулезбен және безгекпен күресуге арналған Жаһандық қордың гранты есебінен жобасы шеңберінде сатып алынды.
Жаңа жабдықтың артықшылығы - ол толығымен автоматтандырылған. Бұл қате нәтижелер қатерін төмендетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ халықтың АИТВ-инфекциясына тестілеуге деген өсіп келе жатқан қажеттіліктерін жеңуге көмектеседі.
«Автоматтандырылған жабдықтың ерекшелігі оның зертханашыдан жеке бокста қолдан жасалған жұмысты талап етпейтіндігінде», - дейді Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының диагностикалық зертханасының жетекшісі Ғалия Тәжібаева. «Адам факторының» болмауы қате нәтижелердің тәуекелін барынша азайтуға мүмкіндік береді және талдаулардың дәлдігіне кепілдік береді. Оның үстіне, АИТВ РНҚ-ны қан плазмасынан автоматты түрде шығару кезінде жұмысшы персоналдың жұқтырған биологиялық материалмен байланысын азайтады, бұл зертханашыларға зерттеу жүргізу қауіпсіздігін арттырады. Автоматтандырылған жабдық өнімділікті арттырады және персоналдың жүктемесін азайтады», - деп қосты ол.
Өңірлік ЖИТС-орталықтарының қызметкерлері Оңтүстік Кореядан шақырылған мамандардың қатысуымен жаңа ПТР-машиналармен және бағдарламалық қамтамасыз етумен жұмыс істеу бойынша оқудан өтті. Осылай, 25 қазан мен 21 қараша аралығында тренингтер ЖИТС-тың барлық 15 орталығында өтті.
Жабдыққа қосымша сондай-ақ БҰҰДБ АИТВ-ға тестілеуге арналған жиынтықтардың жылдық қорын сатып алды және бөлді. Екі жылға есептелген осы жоба аясында АИТВ-ны жұқтырудың неғұрлым көп қаупі бар топтар арасында одан әрі тарату үшін ЖИТС-орталықтарына контрацептивтерді сатып алу және жеткізу жоспарланып отыр. Қазақстан өңірлерінде барлығы 5 млн-ға жуық презерватив және 3 млн-ға жуық лубрикант сатып алынады және таратылады.
ЖИТС-пен, туберкулезбен және безгекпен күрес жөніндегі Жаһандық қордың грантын іске асыру тобының АИТВ бойынша ұлттық үйлестірушісі Татьяна Давлетгалиеваның айтуынша, БҰҰДБ өзін сатып алуға байланысты мәселелер бойынша сенімді серіктес ретінде көрсетті. БҰҰДБ-мен АИТВ және туберкулез бағдарламаларына арналған сатып алуға байланысты мәселелер бойынша тығыз ынтымақтастық 2016 жылы басталды. Осы уақыт ішінде БҰҰДБ өзін сенімді серіктес ретінде танытты және біз БҰҰДБ-мен келесі жылы да ынтымақтастықты жалғастыруға қуаныштымыз. Грант аясында біз де халықтың негізгі топтары арасында АИТВ-ның алдын алу үшін 2022 жылы контрацептивтер сатып алуды жоспарлап отырмыз.
Халықтың негізгі топтары үшін ДДҰ/ЮНЭЙДС халықаралық ұсынымдарына сәйкес Қазақстанда КГН-ның алдын алудың, емдеудің және күтудің кешенді бағдарламасы іске асырылуда, ол мыналарды қамтиды: АИТВ бойынша ерікті консультация беру және тестілеу, жеке қорғаныс құралдарын (шприцтер, презервативтер, лубриканттар) тарату.
Жеткізілетін тауарлар мен жабдық халықтың негізгі топтарына және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға Қазақстанда осы ауру бойынша анағұрлым сапалы профилактика, диагностика және емдеу алуға жәрдемдеседі деп күтілуде. Зертханалық мониторинг әсіресе жаңа туған нәрестелерге АИТВ-инфекциясының жұғу қаупін төмендету жөніндегі іс-шараларды жүргізу мақсатында жүкті әйелдерді емдеу үшін аса маңызды болып табылады.
Жыл сайын 1 желтоқсанда бүкіл әлемде Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні атап өтіледі. Бұл ауруға қарсы күрес БҰҰ жұмысының мақсаттарының бірі болып табылады және 2030 жылға дейін күн тәртібіне енгізілген. Экономикалық және әлеуметтік теңсіздік жойылмаса, АИТВ және ЖИТС ауруларын жою мүмкін емес. БҰҰ Даму бағдарламасы ұлттық серіктестермен және халықаралық донорлармен бірлесіп теңсіздіктің барлық түрлерін жоюға, оның ішінде халықтың негізгі топтары мен АИТВ-мен өмір сүретін адамдар үшін тиімді және тегін емдеудің қолжетімділігін арттыруға үлес қосады.