Ғылым саласындағы ауған әйелдері: «Мен Шахназбын»

2024 ж. 7 February
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Луиза Керімбаева

Шахназдың оқуға деген ынтасы жетінші сыныпта — басқа балаларға Құран оқуды үйрете бастаған кезінде пайда болды. Содан кейін ол басқа пәндерге қызығушылық танытты. Тоғызыншы сыныпта Шахназ мектеп шығындарын өтеу үшін тігіншілікпен айналысып, одан кейін ағылшын тілінен сабақ алып, компьютерлік курстарға барды.

«Отбасының үлкені ретінде мен әрқашан мойныма жауапкершілік алып, әрі қарай талпынуға тырысуым керек деп ойлайтынмын. Тіпті тапқан ақшамды бауырларымның оқуына жұмсап отырдым. Ақыр соңында отбасылық бюджетке үлес қоса бастадым. Мұны әке-шешемнің тұңғыш қызы болғандықтан міндетім деп білдім. Отбасыма осылай қолғабыс көрсетуге тырыстым», —
деп еске алды Шахназ.
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Луиза Керімбаева

Шахназ — Алматыдағы Satbayev University-де оқитын ауған студенттерінің бірі. Ол — ауған әйелдерінің мүмкіндіктерін Орталық Азияда білім беру және кәсіптік дайындау арқылы кеңейту бойынша Еуропалық Одақ қаржыландыратын трансшекаралық бастама аясындағы грант иегері.

Шахназ геология және тау-кен ісі туралы сұрағанда шындығын айтты. Бастапқыда ол қоғамда стереотипті түрде «еркектерге тиесілі» болып саналатын бұл салаға онша қызығушылық танытпаған-ды.

Геология мен тау-кен ісіндегі белгілі бір мамандықтар әйелдерге қолайсыз деген пікір Қазақстанда да болды. Бірақ 2021 жылы елде бұрын әйелдерге қолжетімсіз болған 229 кәсіпке салынған тыйым алынды. Бұл өзгеріс көптеген адамдарға әр түрлі салада арманына жетуге мүмкіндік берді.

«Қателескенімді мойындауым керек. Қазақстанға келгелі осы салаға деген қызығушылығымды оятқан түрлі мәдени сілкіністі бастан өткердім. Пәнге деген қызығушылығым семестр сайын өсті. Тау-кен компанияларын басқаратын әйелдерді көріп, бір күні мен де өз елімде осындай жоғары лауазымға ие бола аламын деп үміттене бастадым», —
дейді Шахназ.

Ұлылардан үлгі ала отырып, мен болашақты көремін

Шахназ геология мен тау-кен ісінде Мари Тарптан үлгі алады. Мари — теңіз түбін картаға түсіру арқылы жер туралы ғылымда төңкеріс жасаған, жаңашыл геолог әрі океанограф. Флоренс Баском — кристаллография мен петрографияны түсінуге айтарлықтай үлес қосқан тағы бір көрнекті тұлға. Сондай-ақ ол — Джонс Хопкинс Университетінде докторлық дәрежеге қол жеткізген алғашқы әйел адам. Бұл жандар геологияда өшпес із қалдырды, ал олардың еңбектері, авторларының гендеріне қарамастан, жас ғалымдарға шабыт беріп келеді.

Шахназ оқу бітіргеннен кейінгі өмірін анық көреді. Ауғанстан — минералды ресурстарға бай, таулы ел. Шет елдердің  қолдауымен осы табиғи қазыналарды зерттеп, өндірісті жолға қойып, елге айтарлықтай экономикалық пайда әкелуге болады.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Луиза Керімбаева
«Қазіргі түсініксіз жағдайға қарамастан, Ауғанстанның болашағы жарқын болады деп үміттенемін. Үйге оралып, алған білімім мен дағдыларымды елімнің дамуына, көркеюіне үлес қосу үшін пайдаланғым келеді. Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібіне жаңа технологияларды енгізуді басқаруға мүмкіндік беретін лауазымға жетуге талпынамын», —
дейді Шахназ.

Әңгіме барысында Шахназ ғылыми мансабын жалғастыра алмай жүрген ауған әйелдері мен қыздарына кеңес берді. Ел ішінде де, одан тыс жерлерде де қолдау көрсетіп, ресурс беретін ұйымдар мен жеке тұлғаларға жүгінуге болатынын айтты. Бұл қиындықтарды жеңу үшін тәлімгер болып, кеңес әрі білім бере алатын халықаралық ұйымдар бар. Шахназ білімнің қолжетімділігін арттырып, ғылымдағы әйелдерге тең мүмкіндік беруді жақтауға шақырады. Алдағы жол қиын болғанымен, табандылық пен төзімділік ғылыми қоғамдастықта айтарлықтай прогреске әкелуі мүмкін екенін айтты.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Луиза Керімбаева
«Ауған қызы ретінде мен қанша қиналсам да, әрқашан қайтадан алға ұмтылып, бұрынғыдан да қайратты бола түсемін. Өмір жолымда талай сүрініп, талай құрбандыққа барсам да, жасыған емеспін. Күн сайын дамып, жақсаруға тырысамын. Өз құқықтарым үшін күресуді бала кезімде үйрендім және бұл күрес бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Алайда қазіргі мақсатым одан да ауқымды — енді мен өзім үшін ғана емес, білімге, негізгі құқықтарына қол жеткізе алмай жүрген әрбір ауған қызы үшін күресемін», —
деп қорытындылады сөзін Шахназ.

Ғылымдағы әйелдер

Ғылымдағы әйелдердің халықаралық күнінде біз осы салада биік белестерді бағындырған әйелдердің жетістіктерін атап өтеміз. Сондай-ақ әлемнің орнықты дамуына ғылыми зерттеулер арқылы үлес қосуға күш салатын, әсіресе Ауғанстаннан келген қыздардың ұмтылысына риза боламыз. Бүгін біз әйелдердің ғылым  дамуына қосып жүрген орасан зор үлесін атап өтіп, оларды  арман жолынан таймауға шақырамыз.

***

2019 жылы Қазақстандағы БҰҰДБ мен ЕО 50 ауған әйеліне Қазақстанда және Өзбекстанда білім алу мүмкіндігін беруге бағытталған, ортақ жобаны іске қосты. ЕО тарапынан қосымша қаржыландырудың арқасында 2021 жылы жоба Қырғыз Республикасын қамтып, тағы 105 ауған әйеліне стипендия беруге мүмкіндік ашты. БҰҰДБ күш-жігері мен ЕО  қаржыландыруының арқасында 2027 жылға қарай 155 ауған әйелі Орталық Азияда академиялық және кәсіби дәрежеге ие болмақ.

ЕО мен БҰҰДБ арасындағы серіктестіктің Қазақстан және  жалпы Орталық Азия өңірі үшін маңызы зор. ЕО ресурстары, техникалық тәжірибесі мен  орнықтылық пен өркендеуді ілгерілету міндеттемесі БҰҰДБ жергілікті динамика және даму проблемалары жөніндегі түсінігімен бірігіп, оң өзгерістер катализаторына айналды. Ортақ күш-жігер Қазақстан мен Орталық Азиядағы орнықты экономикалық даму, инклюзивті басқару, экологиялық және әлеуметтік тұрақтылық сияқты маңызды мәселелерді шешуді көздейді. Бұл әріптестік өңір тұрғындарының тұрақты дамуы мен өмірін жақсартуға бағытталған ортақ мақсатқа жету үшін өңірлік және халықаралық ынтымақтастық қажет екенін анық көрсетеді.

Бұл жарияланымды Еуропалық Одақ қаржыландырды. Оның мазмұнына тек БҰҰДБ жауапты және ол міндетті түрде Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.