БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Климаттың өзгеруі жөніндегі Үкіметаралық сарапшылар тобының есебін «Адамзат үшін қызыл код» деп атады. Оның сөзінше, осы есеп біздің планетамыз құрдымға кетпес үшін көмір мен қазба отындарын пайдаланбайтындай етуі тиіс».
КӨҮСТ-ның АЛАҢДАТАРЛЫҚ ЕСЕБІ: климаттың жаһандық трендтері және Қазақстан үшін болжамдар
2021 ж. 6 October
Бағалау және болжамдар
І жұмыс тобының есебі 2022 жылы аяқталатын Климаттың өзгеруі жөніндегі Үкіметаралық сарапшылар тобының алтыншы бағалау есебінің (КӨҮСТ БЕ6) бірінші бөлігі болып табылады. КӨҮСТ төрағасы Хёсон Ли КӨҮСТ сарапшыларымен онлайн кездесуінде «бұл есеп айрықша жағдайлардағы ерекше күш-жігерді көрсетеді», – деп атап өтті. «Осы есепте ұсынылған инновациялар мен климатология саласындағы көрсететін жетістіктер климат бойынша келіссөздер мен шешімдер қабылдауға құнды үлес болып табылады».
Есепте алдағы онжылдықта климаттың өзгеруі барлық аймақтарда күшейеді деп болжануда. Жаһандық 1,5 °C жылыну кезінде жылу толқындары күшейіп, жылы мезгілдер ұзарады. Сонымен қатар, 2 °C жаһандық жылыну кезінде, ауа температурасы шектен тыс шегіне жиі жетіп, ауыл шаруашылығы мен денсаулыққа зардабын тигізеді. Есепте 1950 жылдардан бастап температураның күрт өзгеруі, соның ішінде аптап ыстықтың жиілеуінің үдей түсуі, ал ауа райының суық болып кетуі оқиғаларының сиреп кетуі практикалық тұрғыдан алғанда «даусыз факт» екендігі көрсетілген.
Ғалымдар атмосфераның, мұхиттардың және құрлықтың жылынуына адамның әрекеті себеп болғандығы еш шүбәсіз дейді. 1990 жылдардан бастап мұздықтардың жаһандық еруінің және Арктикалық теңіз мұзының азаюының негізгі себебі адамның әсері болуы «барынша ықтимал» (90%) екендігі есепте баяндалған.
Сарапшылар көптеген аймақтарда өрттердің көбеюін, сондай-ақ мұхит деңгейінің көтерілуіне байланысты су тасқыны жиі болатындығын болжауда. Баяндама авторларының айтуынша, ғасыр тасқыны жыл сайынғы апатқа айналуы мүмкін.
Дегенмен, Алтыншы бағалау есебі алғаш рет тәуекелдерді бағалауға, бейімделуге және басқа да шешімдерді қабылдау процестеріне қатысты ақпараттың маңыздылығы мен өзектілігін қамтитын климаттың өзгеруіне байланысты анағұрлым егжей-тегжейлі аймақтық бағалауды ұсынады. Сонымен қатар осы есеп қоғамға климаттың физикалық өзгерістерінің экожүйе элементтерін, яғни ыстық, суық, жаңбыр, құрғақшылық, қар, жел, жағалаудағы су тасқыны және т.б. сияқты элементтердің мәнін түсіндіруге көмектеседі. Бұл ақпарат оқу үшін Интерактивті атласта қолжетімді.
Қазақстандағы климаттың өзгеруі – не күтуге болады?
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның модельдер ансамблінің есептеулеріне сәйкес,
ХХІ ғасырда Қазақстан аумағындағы климаттың өзгеру процесі күшейе түседі. Бұл ретте климаттың өзгеруі жыл мезгілдері мен аумақтарда әртүрлі болады. Орташа жылдық температура 2030 жылға қарай 1‑2 °С және 2050 жылға қарай 2‑3 °С артады. 2050 жылға дейін жауын-шашынның көбеюі 10%-тен аспайды және негізінен қыс мезгілінде, ал Қазақстанның қалған бөлігімен салыстырғанда оңтүстік-батыс өңірлерінде жауын-шашын аз болады. Температура мен жауын-шашын режимінің мұндай өзгеруі сөзсіз табиғи жүйелердің теңгерімсіздігіне, су ресурстарының азаюына, нәтижесінде ауыл шаруашылығында және экономиканың басқа салаларында да экономикалық шығынға алып келеді.
Ұлттық және халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда құрғақшылық пен өзендердің тайыздығы сияқты климаттық апаттар үйреншікті құбылыстарға айналады. Болжамдарға сәйкес 2030 жылға қарай елдегі жайылымдардың сапасы 10%-ке төмендейді, 2040 жылға қарай су тапшылығы сұраныстың 50% құрайды, 2100 жылға қарай қазіргі мұздық массасының 50%-тен астамы жоғалады.
Осыған байланысты барлық деңгейде климаттың өзгеруіне бейімделу ерекше маңызды. Климаттың өзгеруіне бейімделумен қатар парниктік газдар шығарындыларын азайту үшін қатаң шаралар қабылдау қажет.
Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың желтоқсанында Климаттық амбициялар туралы саммит кезінде климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі маңызды қадам 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу өршіл мақсаты бар екендігін баяндады. «Осы күрделі контекстіде Қазақстанның барлық азаматтарының атынан мен бүгін климаттың өзгеруімен күресуге деген берік міндеттемелерімізді және ұлт пен үкімет ретінде Париж келісіміне сәйкес одан да батыл әрі мақсатты шаралар қабылдауға ниеттілігімізді растағым келеді. Біз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуге міндеттіміз. Бұл мақсатқа жету үшін Қазақстан шығарындыларды азайту мен экономикамызды декарбонизациялаудың ұзақ мерзімді өршіл стратегиясын әзірлейді және қабылдайды».
Қазіргі уақытта Қазақстанда 2060 жылға дейін көміртекті бейтарап даму доктринасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Негізгі шаралардың қатарында көмірді пайдаланатын жаңа жобалардан бас тарту және біртіндеп көмір жағуды тоқтату (2021-2025 жж.), 2 млрд ағаш отырғызу бағдарламасын орындау (2025 ж.), электр энергиясындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін екі есе арттыруды қамтамасыз ету (2030 ж.), тұрмыстық қатты қалдықтарды жүз процент сұрыптау (2040 ж.), 75% егістік алқаптарда орнықты ауыл шаруашылығын жүзеге асыру (2045 ж.), жеке жолаушылар көлігін жүз процент электрлендіру (2045 ж.), тек жасыл сутекті қолдану және көмірмен өндіруден толық бас тарту (2050 ж.) және басқалары бар.
Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) елдегі негізгі «жасыл» бастамаларды белсенді қолдайды, соның ішінде жаңа Экологиялық кодексті әзірлеу мен қабылдауды қолдау, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын дайындау, жасыл экономикаға көшу Доктринасын жаңарту, сондай-ақ Париж келісімі аясында халықаралық климат бойынша міндеттемелерді іске асыруды қолдау және климат туралы есеп беру. Осыған қатысты БҰҰДБ Ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерге (ҰДАҮ) қол жеткізуге және бейімделудің Жол картасын әзірлеуге және климаттың өзгеруі мәселелері туралы хабардарлықты арттыруға жәрдемдеседі.
Сарапшылардың пікірінше, егер 2030 жылға қарай жаһандық шығарындыларды екі есе азайтып, ғасырдың ортасына дейін шығарындыларды мүлдем болғызбауға жетер болсақ, онда планетада температураның жоғарылауын тоқтатуға болады.
КӨҮСТ-ның баяндамасында көрсетілген тұжырымдар жаһандық ауқымды климаттық оқиға, яғни Ұлыбританияның Глазго қаласында 2021 жылдың 31 қазаны мен 12 қарашасы аралығында өтетін Тараптардың Конференциясы кезінде қолданылатындығын естеріңізге сала кетейік. 196 елдің көшбасшылары және Қазақстан адамдар мен планета игілігі үшін климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі әрекеттерін үйлестіру мақсатында кездеседі.
Алтыншы бағалау есебі туралы егжей-тегжейлі ақпаратты мына сілтемеден алуға болады.
Анықтама үшін:
КӨҮСТ туралы: Климаттың өзгеруі жөніндегі Үкіметаралық сарапшылар тобы (КӨҮСТ) – климаттың өзгеруіне байланысты ғылыми білімді бағалауға жауапты БҰҰ органы. Ол 1988 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған орта бағдарламасы (БҰҰ – Қоршаған орта немесе ЮНЕП) пен Дүниежүзілік метеорологиялық ұйыммен (ДМҰ) саясаткерлерге климаттың өзгеруіне және жеңілдету стратегияларын, оның әсері мен болашақ ықтимал тәуекелдеріне тұрақты түрде ғылыми баға беру және климаттың өзгеруіне бейімделуді ұсыну үшін құрылған. Сол жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы ДМҰ мен ЮНЕП-тің бірлесе КӨҮСТ-н құру бойынша қабылдаған шараларын мақұлдады. Оған 195 мемлекет мүше болып табылады.
КӨҮСТ жұмысына әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адамдар қатысып, үлестерін қосады. Бағалау туралы есептерді дайындау үшін КӨҮСТ ғалымдары жыл сайын жарияланатын мыңдаған ғылыми еңбектерді бағалауға өз еріктерімен қатысады, яғни олар климаттың өзгеруінің негізгі қозғаушы факторлары, олардың әсерлері мен болашақ тәуекелдері туралы, климаттың өзгеруіне бейімделу және бұл тәуекелдерді төмендету мен жеңілдетуі мүмкін әсерлері туралы толық ақпарат беру мақсатында әрекет етеді.