Қазақстан
Қазақстандағы БҰҰДБ туралы
Қазақстандағы БҰҰДБ
БҰҰ-ның халықаралық даму саласындағы жетекші агенттігі ретінде БҰҰДБ 170 ел мен аумақта кедейлікті түбегейлі жою мен теңсіздікті азайту бағытында жұмыс атқарып отыр. Біз Тұрақты даму саласындағы мақсаттарға (ТДМ) жету үшін елдерге саясатты жетілдіруге, көшбасшылықты, әріптестік қарым-қатынасты, институционалдық мүмкіндіктерді дамытуға және тұрақтылықты нығайтуға көмектесеміз.
Біз тақырыптық салалардың кең аясында 200 миллион АҚШ долларынан астам сомаға 200-ден астам жобаны іске асыру арқылы елдің дамуына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап (1993 ж.) үлес қосып келеміз. Біз мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару салаларындағы саяси реформаларды дамытуда, жемқорлыққа қарсы күреске жағдай жасауға және үкімет қызметінің ашықтығын арттыруға, гендерлік зорлық-зомбылықты болдырмауға, мүмкіндіктері шектеулі адамдардың құқықтарын ілгерілетуге және әділ соттың қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерді өрістетуде қолдау көрсетіп отырмыз. Табиғатты пайдалануды тұрақты реттеу мәселелері мен климаттың өзгеруіне бейімделу және төмен көміртекті даму саласында елеулі нәтижелерге алып келетін бастамаларды жүзеге асыру мәселелері де біз үшін Қазақстандағы әріптестік бастамалардың басым салаларының қатарында.
Миссия мен пайым
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) кедейлік, теңсіздік пен климаттың өзгеруінен туындаған әділетсіздікке қарсы күресетін БҰҰ-ның жетекші ұйымы болып табылады. 170 ел мен аумақтағы сарапшылар мен әріптестеріміздің кең торабымен жұмыс істей отырып, біз адамдар мен ғаламшарымызға арналған интеграцияланған ұзақ мерзімді шешімдерді табуға көмектесеміз. Қазақстанда біз экономиканы әртараптандыру, институттарды жаңғырту, теңсіздікті қысқарту мен табиғи ресурстарды тұрақты басқару арқылы елдің даму траекториясын сақтауда қолдау көрсетеміз.
Біздің қызметіміз
Қазіргі кезде Қазақстандағы БҰҰДБ қызметі «Қазақстан-2050» стратегиясында, 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиялық даму жоспарында және өзге де басты салалық даму құжаттарында бекітілген Қазақстан Үкіметінің стратегиялық басымдықтарына жауап беретін Елдік бағдарламамен (ЕБ) (осы мезетте 2021–2025 жылдарға арналған Елдік бағдарлама) және 2021–2025 жылдарға арналған Тұрақты даму мақсаттарындағы ынтымақтастық туралы келісіммен реттеледі.
Біз Қазақстанға Тұрақты даму саласындағы мақсаттарды орындауда және экономиканы әртараптандыру, институттарды жаңғырту, теңсіздікті қысқарту мен табиғи ресурстарды тұрақты басқару арқылы елдің даму серпінін сақтауда қолдау көрсетеміз. Атап айтқанда, біз:
- Әлеуметтік қорғалмағандық пен теңсіздіктерді жоюға;
- Жемқорлықтан ада неғұрлым тиімді әрі есеп беретін институттарды құруға жәрдемдесу арқылы азаматтардың сенімін қайтаруға;
- Өнімділігі жоғары, әртараптандырылған әрі инновациялы экономикалық дамуға ықпал етуге;
- Экологиялық тұрақтылықты, климаттың өзгеруіне бейімделу әлеуетін, табиғи және техногендік апаттарға дайын болуды қамтамасыз етуді, төмен көміртекті даму жобаларын дамытуды қолдауға көмектесеміз.
Біз аталған төрт саланың барлығында мақсатты іс-шаралар өткізу жолымен гендерлік теңдікті дамытуға және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге жәрдемдесеміз.
БҰҰ Жарғысы
Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына 1945 жылғы 26 маусымда Сан-Францискода Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық ұйымдар жөніндегі конференциясы аяқталған соң қол қойылып, ол 1945 жылғы 24 қазанда күшіне енді. Оның мақсаттары мен қағидаттары тең құқықтық пен өзін-өзі билеу негізінде, сондай-ақ, нәсілге, жынысқа, тілге немесе дінге қарамастан экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастыққа қол жеткізу үшін халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, ұлттар арасында достық қарым-қатынастарды дамыту болып табылады.
Құрылу тарихы
БҰҰ Даму бағдарламасы 1949 ж. құрылған Кеңейтілген техникалық көмек бағдарламасы мен 1958 ж. құрылған БҰҰ Арнайы қорын біріктіру нәтижесінде 1965 ж. пайда болды. БҰҰДБ-ның құрылуы БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясымен бекітілген.
Қазақстанда БҰҰДБ 1993 жылдан бастап жұмыс істейді.