Табиғатқа қамқорлық жасай отырып, туризмді дамыту

2022 ж. 26 September

Шығыс Қазақстандағы Рахманов көлі

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Қорғалатын табиғи аумақтар, атап айтқанда ұлттық парктер экологиялық туризмді дамытуда ерекше рөл атқарады. Таза және бүлінбеген табиғи объектілері көп Қазақстан экотуризмді дамыту үшін зор әлеуетке ие. Этномәдени туризммен үйлескен қызықты табиғи ландшафттар, бірегей экологиялық соқпақтар тіпті ең талғампаз туристерді де бей-жай қалдырмайды. Бүгін Қазақстанда еліміздің 15 ұлттық паркінде (Мерке табиғи паркі жыл соңына дейін құжат жүзінде ресімделеді) ормандардың, таулардың, шөлдер мен көлдердің бай биологиялық алуан түрлерін көруге болады.

Ұлттық статистика деректері бойынша 2021 жылы ұлттық парктерге шамамен 1,5 млн. адам келген, бұл 2020 жылға қарағанда 40%-ға жоғары. Бұл көрсеткіш жылдан жылға қарқынды өсіп келеді. Мұндай тенденция, бір жағынан, туризм секторы үшін позитивті жағдай, ал екінші жағынан, экожүйелер мен биологиялық алуантүрліліктің деградациясын тудыратын табиғатқа антропогендік қысымды күшейтеді.

Алтын-Емел ұлттық паркінің туристер орталығы

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

БҰҰ Даму Бағдарламасы көптеген жылдар бойы Қазақстанда биологиялық алуантүрлілікті сақтау және өңірлердің тұрақты дамуы шараларының бірі ретінде экологиялық туризмді дамытуда Қазақстанды қолдайды. БҰҰДБ қолдауы озық практикалар мен жалпыға танылған халықаралық стандарттарды ескере отырып, экологиялық туризмнің құқықтық негізін жетілдіруге, ерекше қорғалатын аумақтар (ЕҚТА) үшін экотуризмді дамыту стратегиясын әзірлеуге сараптамалық және әдістемелік қолдау көрсетуге, туристік маршруттар мен соқпақтарды жайластыруға, ЕҚТА қызметкерлерін оқытуға және шекара маңындағы аумақтарда «жасыл» бизнесті дамытуға негізделген. 

Бүгінгі таңда экологиялық туризмді реттейтін негізгі құжаттардың бірі 2021 жылы қабылданған Экологиялық кодекс болып табылады. БҰҰДБ осы құжатты әзірлеуге белсенді қатысты: БҰҰДБ-ның сараптамалық қолдауымен 2021 жылы Экологиялық кодекске және заңға тәуелді актілерге алғаш рет мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумақтарында экологиялық туризмнің анықтамасы мен принциптері енгізілді, оның ішінде туристер санын реттеу, экологиялық көлік түрін пайдалану, биоалуантүрлілікке зиян келтірмеу, туристерді баратын жерлер туралы хабардар ету, қатты тұрмыстық қалдықтардың пайда болуын азайту, туризмді дамытудан пайда алу үшін жергілікті халықты тарту.

БҰҰДБ қолдауымен туристік қызмет саласындағы түрлі қызмет түрлеріне қойылатын жалпы және қосымша талаптары бар экологиялық туризм бойынша ұлттық стандарт әзірленді. Стандарт Тұрақты туризм жөніндегі жаһандық кеңестің (GSTC) және Тұрақты туризмді сертификаттаудың халықаралық жүйелерінің (Travelife, Earthcheck) ұсынымдары мен тәжірибесінің негізінде жасалған.

 

Құқықтық негіздерді құру қажеттілігімен қатар экологиялық туризмді аумақтық жоспарлау маңызды аспект болып табылады. Қазіргі уақытта елімізде экотуризмді дамыту үшін негіз ретінде бірінші кезекте табиғи-қорық қорының объектілерін сақтау үшін құрылған ұлттық парктер айқындалды. Қазақстандағы БҰҰДБ жобалары аясында 2007-2018 жылдары Ақмола, Қызылорда, Алматы облыстарында жалпы ауданы 20 млн гектардан астам жерді функционалдық аймақтарға бөлу жүргізілді.  Бұл жұмыс 2021-2022 жылдары Алматы облысының жеті әкімшілік ауданында жалғасын тапты.

Соңғы жылдары ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға келетін туристер санының қарқынды өсуіне байланысты туристік маршруттарға жүктемені реттеу өзекті болып отыр. Экологиялық туризмді дамытудың озық практикалары көрсеткендей, рекреациялық жүктемелер нормаларын есептеу туристік маршруттарды пайдаланудың барынша жол берілетін көлемі мен режимін белгілейді және туризмді дамыту жөніндегі кез келген жобалау құжаттарының құрамдас бөлігі болуға тиіс.

Осыған байланысты БҰҰДБ ұлттық серіктестермен бірлесіп, ұлттық парктерде экотуризмнің дамуын жоспарлаудың жаңа тәсілдерін сынақтан өткізіп, рекреациялық жүктемелер нормаларын әзірлеуге көмектеседі.  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан тартылған ғалымдармен бірге ЕҚТА-ның туристік маршруттары мен соқпақтарына рекреациялық жүктемелер нормаларын есептеудің әдістемелік ұсынымдары әзірленді. Осы әдістеме пайдаланыла отырып, Катон-Қарағай, Сайрам-Өгем, Шарын, «Көлсай көлдері» сияқты төрт ұлттық паркте, сондай-ақ Сырдария-Түркістан өңірлік табиғи паркінде 27 туристік маршрутқа рекреациялық жүктемелер нормалары есептелді.

Сайрам-Өгем ұлттық паркі. Сайрамсу көлі

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Виталий Шуптарь

Рұқсат етілген рекреациялық жүктемелерді ескере отырып, туристік маршруттарды ұйымдастырудың маңыздылығын атап өткен жөн. Туристік маршруттар әртүрлі ерекше табиғи және тарихи-мәдени жерлерден өтеді, онда туристер ауызша немесе жазбаша ақпарат алады (стендтер, аншлагтар және т.б.). 

2022 жылы БҰҰДБ желісі бойынша «Сайрам-Өгем», «Катон-Қарағай» және «Көлсай көлдері» ұлттық парктерінде жергілікті жер бедерінің ерекшеліктері мен өзінің фирмалық стилін ескере отырып, туристік маршруттардың 3 пилоттық маршруттарын ұйымдастыруға қолдау көрсетіледі. Абаттандыру жұмыстары осы жылдың күзінде аяқталады. Жайластыру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде кіру топтары, ақпараттық көрсеткіштер орнатылады, ерекше қорғалатын аумақтардың биоалуантүрлілігі туралы негізгі ақпаратты қамтитын қарау алаңдары, демалыс орындары, тақырыптық аншлагтар жабдықталады.

Шарын шатқалы, Алматы облысы

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Виталий Шуптарь

Экологиялық туризмнің негізгі принциптерінің бірі жергілікті тұрғындардың белсенді әлеуметтік-экономикалық қатысуы және олардың осы қызметтен артықшылықтар алуы болып табылады. БҰҰДБ жобалары шеңберінде жергілікті қоғамдастықтардың өңірлердегі экотуризм секторында өз тауашасын иелену үшін олардың әлеуетін дамытуға үлкен көңіл бөлінеді.

Мысалы, 2019 жылы Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарынан келген 15 қолөнерші QAZAQ-ONER қолөнершілігін дамыту орталығында ағаштан, киізден және құрақ тігуден кәдесый бұйымдарын дайындауға оқытылды. Алынған білім адамдарға өз шеберліктерін жетілдіруге мүмкіндік берді, олардың көпшілігі шеберханаларын ашып, туристер үшін кәдесыйлар жасау жұмыстарын жалғастыруда.

Айсұлу Садықова, Түркістан қаласының қолөнершісі

2020 жылдан бастап «Эко-Даму» несиелеу бағдарламасының II кезеңі жүзеге асырылуда, ол ауыл кәсіпкерлері мен тұрғындарына, соның ішінде экотуризм саласында қаржылық қолдау көрсетуге бағытталған. «Эко-Даму» аралық нәтижелері бойынша қонақ үйлерді құру бойынша жалпы сомасы 71,0 млн. теңгеге 10 бизнес-жоба қаржыландырылды.

Осылайша, БҰҰДБ ел экономикасы үшін осы сектордың маңыздылығы мен әлеуетін түсіне отырып және келесі ұрпақтың тұрақты болашағы үшін табиғат пен адам теңгерімін сақтаудың маңыздылығын бірінші орынға қоя отырып, Қазақстандағы экологиялық туризмді дамытуға жүйелі қолдау көрсетеді.