Градусты төмендету: Қазақстандағы климаттың өзгеруіне қарсы күрес шаралары
2023 ж. 12 May
2022 жылғы желтоқсанда Қазақстан климат өзгеруіне қарсы күрес шаралары есебін жариялады. ҚР Экология мен табиғи ресурстар министрлігі Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасы мен жаһандық экология қорының қолдауымен арнайы құжаттар: сегізінші ұлттық хабарлама мен бесінші екіжылдық баяндаманы дайындады. Олар елдің климаттың өзгеру салдарымен күресі туралы ақпаратты қамтыды.
Қазақстан климатының өзгеруі
Баяндамаға сәйкес, Қазақстан климаты жылып жатқаны байқалады, 1961-1990 жылдар аралығымен салыстырғанда 1991-2020 жылдар аралығында республика аумағында жылдық температура 0,9°C көтерілген. Температура 30–35 °C-тан жоғары күндер cаны көбейіп келеді, бұл әсіресе, елдің оңтүстігі, оңтүстік-батыс және батыс өңірлерінде тұрақты байқалады. Климаттың өзгеру салдарынан Қазақстанда ауытқулар жиірек орын алатын болды. Мысалы, 2020 жылы температура рекордтық максимумға жетіп, климаттық нормадан 1,92 °С-ге асып кетті, бұл 2013 жылғы (1,89 °С) рекордты жаңартты.
Климаттың өзгеруі адамға да, биологиялық әртүрлілікке де, экономикалық секторларға елеулі әлеуетті салдары бар. Бұның алдын алу үшін, екі бағытта әрекет ету қажет, жылыжай газдар шығарындыларын азайту және өзгерістерге бейімделу.
Шығарындыларды азайту шаралары
Баяндамаға сәйкес, жылыжай газдарының шығарындыларының ең жоғары көлемі 2018 жылы байқалды, оның көлемі 401,662 млн тонна СО2-баламасына тең болды, бұл 1990 жылғы негізгі деңгейден әлдеқайда жоғары. Яғни, бір жыл ішінде шамамен 80 миллион автомобиль шығаруы мүмкін шығарындыларына тең.
Алдағы екі жыл ішінде энергетика секторында шығарындылардың азайғаны байқалды. 2020 жылы Қазақстанда ПГ шығарындыларының көлемі 351,2 млн СО2-баламасын құрады, бұл 1990 жылғы деңгейден 7,98%-ға төмен.
2021 жылы қабылданған Экология Кодексі мемлекеттің климаттық саясатты реттеудің басты құралы болып табылады. Ол 2030 жылға дейін шығарындыларды жыл сайын 1,5% -ға төмендетуді талап ететін шығарындыларды сату нарықтық жүйесін енгізуді көздейді.
Экология Кодексіне қоса Қазақстанда жылыжай шығындардыды азайтуды реттейтін заңнамалық база әзірленген. Мысалы, Қазақстан Республикасының 2021-2030 жылдарға арналған "жасыл экономикаға" көшуі жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары" (2021-2030 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары), 2030 жылға дейінгі ҚР отын-энергетика кешенін дамыту тұжырымдамасы және т.б. Осы құжаттар шеңберінде шығарындыларды азайтуға әсер ететін жылу және электр энергиясын өндіру секторындағы негізгі шаралар газ, жаңартылатын және атом энергия көздерінің үлесін ұлғайтуды қамтиды.
2019 жылғы “Сарыарқа” газ құбырының құрылысы мен Астана жылу орталығын табиғи газға ауыстыру, атом станциясының құрылысын бастау туралы шешім, және жаңартылатын энергия көздері объектілерін (ЖЭК) құру осы шаралардың негізгі көрсеткіші. 2021 жылы Қазақстанда жалпы қуаты 1897 МВт құрайтын 115 ЖЭК нысаны жұмыс істеді. ЖЭК құрамында су, жел, күн электрстанциялары мен биогаз құрылғылары бар. Нәтижесінде өндірілетін қуаттың 3,5%-ын жаңартылатын энергия көзі құрады.
Жылу және электр энергиясын өндіру секторындағы жоғарыда аталған саясаттар баяндамада егжей-тегжейлі баяндалған, сондай-ақ экономиканың ауыл шаруашылығы, егіншілік, қалдықтарды басқару, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және өнеркәсіптік процестер сияқты басқа да секторларды да тыс қалдырмайды.
Климат өзгеруіне бейімделу шаралары
Жылыжай газ шығындыларын азайтуға шаралар қолданғанымызбен, климат өзгерді, ары қарай да өзгере береді. Бұл процесстің жағымды да, жағымсыз да салдары бар. Мәселен, баяндамаға сүйенетін болсақ, климаттың жылуы нәтижесінде күнбағыс өнімі 2030 жылға дейін 8%-ға және 2050 жылға дейін 4%-ға ұлғаяды деген болжам бар.
Дегенмен, сарапшылардың айтуынша климаттың өзгеруі экономика секторының үлкен бөлігіне нұқсан келтіреді. Зиянды азайту үшін қысқа, орта және ұзақ мерзімді перспективада климаттың ықтимал өзгеруін бағалап, өзгерістерге бейімдеу шараларын қабылдау қажет.
Осы міндетті көздеп, 2021 жылғы қаңтарда қабылданған ҚР Экологиялық кодексіне адам денсаулығына, экологиялық жүйелерге, қоғам мен экономикаға қолайсыз салдарлар мен залалдарды азайту және жеңілдету, климаттың өзгеруіне осалдығын азайту, сондай-ақ климаттың өзгеруіне байланысты қолайлы мүмкіндіктерді пайдалану мақсатында климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы мемлекеттік басқару туралы бөлім енгізілді. Климаттың өзгеруіне бейімделу үшін экономиканың келесі төрт секторы басым болып табылады: ауыл шаруашылығы, су және орман шаруашылығы, азаматтық қорғау.
Баяндамада климаттық өзгерістердің және ұсынылған бейімделу шараларының әсерін бағалау мысалдарын табуға болады. 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің құрылымына ауыл шаруашылығы алқаптары 97,2% құрайды, оның ішінде егістік - 23,8%, көпжылдық екпелер - 0,1%, шоғыр - 1,7%, шабындық - 2,0%, жайылым - 69,6% кіреді.
2017 жылы Қазақстандағы жайылым жер көлемі 186,4 млн га құрайды. Оның 6,0 млн га жерін басқа елдерден жер пайдаланушылар қолданады. 180,4 млн га жайылымды мемлекет (республика) пайдаланады, олардың 5,9 млн га жақсартылған, 105,2 млн га суландырылған. Яғни, мал жайылымына 111,1 млн га жер ғана жарамды. 180,4 млн гектардың 71,1 млн гектары қолданыста, оның ішінде жақсартылғандары – 4,0 млн гектар, суландырылғандары – 43,3 млн гектар болды.
Климаттың жылуы таулы жайылымдарға әсері көп болғандықтан, ол жерде өнімнің азаюы болжанып отыр. Мысалы, Ассы шатқалында 2030 жылға дейін 20% дейін азаюы мүмкін деп болжанып отыр.
Климаттың жылынуының осы жағымсыз салдарын азайту үшін баяндамада жайылымдық жерлерді бейімдеу шараларының негізгі бағыттарына назар аудару ұсынылады:
"жайылымдар туралы" Қазақстан Республикасы заңының ережелерін сақтау;
тозған жайылымдарда өсімдік жамылғысын жақсарту;
жайылымдарды суландыру және көлтабанды суару;
жануарларды бағу жүйесін енгізу;
жануарларды күтіп-бағудың шалғай-жайылымдық жүйесін қалпына келтіру;
жайылымдардың мониторингі және жайылымдық мал шаруашылығын агрометеорологиялық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру.
Ойымызды түйіндей келе, бұл шолу баяндамада ұсынылған ақпараттың аз бөлігін ғана қамтитынын айтқымыз келеді. Баяндама жылыжай газдар шығындыларының жағдайы туралы толық көріністі толық беріп отыр, Қазатандағы климаттың өзгеруіне болжам жасайды, және салдарды жеңілдету мен өзгерістерге бейімделу саясаты мен шараларын жариялайды. Осы ақпаратты зерделеу және тарату Қазақстан климатының өзгеруіне қарсы күрес әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Құжаттың толық нұсқасын БҰҰ РКИК сайтынан оқи аласыз.