Қазақстанда дамуға ресми көмек көрсетудің басым бағыттары талқыланды
2023 ж. 9 November
Ресми көмек бағдарламасы және даму саласындағы тиімді ынтымақтастық қағидаттары шеңберіндегі ынтымақтастықтың басымдықтарын талқылау мақсатында бүгін Алматыда KazAID және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы (АРГО) және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымдастырған «Тиімді даму үшін серіктестік» халықаралық брифингі өтті.
Іс-шараға Қырғызстан мен Тәжікстаннан 20-дан астам азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері жиналды, олардың қызметі гендерлік теңдік, қаржылық сауаттылық, жергілікті қоғамдастықтарды дамыту, телемедицина және басқа да мәселелерді шешуге бағытталған. Іс-шара аясында пленарлық сессиялар өтті, оның барысында KazAID, АРГО өкілдері және Қырғызстан мен Тәжікстанның үкіметтік емес секторының сарапшылары сөз сөйледі.
Брифинг нәтижелері KazAID ресми көмек бағдарламасы шеңберінде тиімді әріптестік үшін елдердің қажеттіліктері мен басым бағыттарын анықтауға көмектеседі. Бұл ұсыныстар ынтымақтастық, өзара қарым-қатынас және адам құқықтары қағидаттарына негізделген даму мақсатында көлденең ынтымақтастыққа ықпал ететін болады.
Дамуға ресми көмек (ДРК) – орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін басқа елдерге өтеусіз негізде берілетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қолдауы. ДРК саласындағы ұлттық оператор ҚР Сыртқы істер министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы Қазақстандық халықаралық даму агенттігі (KazAID) болып табылады. KazAID Орталық Азия елдері үшін жобаларды іске асырып, Қазақстан Республикасының сыртқы көмек көрсету және халықаралық дамуға жәрдемдесу жөніндегі күш-жігерін үйлестіруге жауап береді.