Қазақстан - жоспардың бір бөлігі
2024 ж. 22 May
Биоалуантүрліліктің жойылуы — планетамыздың болашақ өміршеңдігін анықтайтын планеталық үштік дағдарыстың бірі. Осы дағдарысты тоқтату үшін БҰҰДБ бүкіл әлемде биоалуанеүрліліктің жойылуын тоқтату және қалпына келтіру үшін қажетті жүйелі өзгерістерді енгізу туралы өзінің «Табиғатты қорғау саласындағы міндеттемесін» жариялады. Қазақстанда соңғы кезде орын алған су тасқындары мен өрттер адамдар мен табиғат арасында тепе-теңдіктің қажеттілігінің өзектілігін еске сала отырып, табиғатты саясаткерлер мен қоғамның күн тәртібінің басты мәселесіне айналдырды.
Бүгінгі таңда Қазақстанның халықаралық ынтымақтастық арқылы биоалуантүрлілікті сақтау бойынша ұстанымы Биоалуандылықты сақтау жоспары деп те аталатын Биоалуантүрлілікті сақтау бойынша Куньмин-Монреаль жаһандық шеңберлік бағдарламасын (БЖШБ) жүзеге асыруға болашағы зор жол ашады.
2022 жылы бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан да, Биоалуантүрлілік туралы конвенция (БАК) Тараптарының 15-ші конференциясы (ТК15) барысында БЖШБ қабылдауға ақыры келісті. Аталмыш шеңберлік бағдарламада 2030 жылға қарай биоалуантүрліліктің жойылуын тоқтату және қалпына келтіру бойынша төрт кешенді мақсат пен міндет белгіленген. Париж келісімі климаттың өзгеруіне қарсы күреске елеулі ықпал еткендей, БЖШБ да биоалуантүрлілікті сақтаудағы маңызды меже болып табылады. Алайда БҰҰ КӨНК аясында климатқа қатысты міндеттемелер міндетті түрде қайта қаралуы қажет болса, БЖШБ шеңберінде Ұлттық биоалуантүрлілікті сақтау стратегиялары мен іс-қимыл жоспарын (ҰБССІЖ) қайта қарастыру ерікті болып табылады. Мемлекеттерден әрбір бес жыл сайын ауқымы артқан амбициялар туралы есеп беру талап етілмейді. Бұл мемлекеттерді биоалуантүрлілікті сақтау ісінде ашықтық пен жауапкершілікке ынталандыру қажет екенін көрсетеді.
Қазақстандағы институционалдық орта биоалуантүрлілікті сақтау мен тұрақты дамуды жақсырақ қолдау үшін дамып келе жатыр. Жақында жүргізілген саяси реформалар, экологиялық заңнаманы қайта қарау және азаматтық белсенділіктің артуы осы саладағы елеулі жетістіктер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Ұлттық стратегиялар барлық секторларда, соның ішінде биоалуантүрлілікті сақтау мен тұрақты дамуда мемлекеттік саясатты іске асыру үшін маңызды мәнге ие. Қазақстан ресми ҰБССІЖ қабылдауда біраз қиындықтарға тап болды. 1999 жылы ұсынылған құжаттың бастапқы нұсқасы да, 2030 жылға дейін биоалуантүрлілікті сақтау және тұрақты пайдалану тұжырымдамасы да Парламент мақұлдауына ие болған жоқ. Нәтижесінде биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі ұлттық стратегиялық құжаттың жоқтығы былтыр Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен БҰҰДБ Жаһандық экологиялық қор (ЖЭҚ) қаржыландыратын «Биоалуандылықты сақтау жөніндегі жаһандық шеңберлік бағдарлама – ерте іс-қимылдарға қолдау көрсету» жобасы аясында ҰБССІЖ дайындауға кіріскенге дейін шешімін таппай келді.
БИОФИН бастамасы аясында БҰҰДБ мен Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрлігі арасындағы ынтымақтастық Қазақстанның заңнамалық базасына айтарлықтай әсер етті. Негізгі жетістіктер Орман кодексінде, «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңда және Экологиялық кодексте көрініс тапты. Аталған заңдар биоалуантүрлілікті сақтауға және тұрақты пайдалануға, табиғи игіліктерді тең үлестіруге, биоалуантүрліліктің жойылуы үшін өтемақы мен экожүйе қызметтер үшін ерікті төлемдер жасау арқылы жеке меншік секторының экологиялық жауапкершілігін арттыруға, тұрақтылық қағидалары арқылы экотуризмді дамытуға, парниктік газдар шығарындыларын және оларды сіңіруді есептеуге ықпал етеді.
2023 жылғы жағдай бойынша Қазақстанда 29 миллион гектардан астам жер ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәртебесіне ие болған, бұл ел аумағының 10,77 пайызын құрайды. Флагмандық «30x30» мақсатқа сәйкес (2030 жылға қарай Жердің 30%-на қорғалатын аумақ мәртебесін беру туралы жаһандық мақсат) БҰҰДБ Қазақстанға сегіз жаңа ерекше қорғалатын табиғи аумақты құруға және бұрыннан бар үш аумақты кеңейтуге қолдау көрсетіп, еліміздің қорықтық аймағына жалпы алғанда 6,1 миллион гектар қосты. Каспий итбалығын сақтау мақсатында Каспий теңізінде елдегі тұңғыш теңіз қорғау аймағын құру еліміз үшін елеулі қадам болып табылады. Дегенмен, «30x30» мақсатына жету оңай емес, сондықтан Қазақстан «жасыл аумақтарды басып алудан» аулақ болудың және биоалуантүрліліктің барлық маңызды аймақтарын қорғауды қамтамасыз етуідің жаңа жолдарын іздестіруі керек.
БЖШБ биоалуандылықты сақтау үшін тараптардың жыл сайын кемінде 200 миллиард АҚШ долларын жұмылдыру жөніндегі міндеттемелерін қамтиды, бұл ретте дамыған елдерден дамушы елдерге халықаралық қаржы ағындарын арттыру 2025 жылға қарай 20 миллиард АҚШ долларына және 2030 жылға қарай 30 миллиард АҚШ долларына жетуі тиіс. Қомақты қаржыландыру мақсаттарын белгілеу батыл қадам деп танылғанымен, биоалуантүрлілікті сақтауды қаржыландырудағы шамамен 700 миллиард АҚШ долларын құрайтын жылдық тапшылық мәселесін ол шешпейді.
БЖШБ тараптарды ұлттық қажеттіліктерге, басымдықтарға және мән-жайларға бейімделген биоалуантүрлілікті сақтауды қаржыландырудың ұлттық жоспарлары немесе сол сияқты құралдар арқылы ішкі ресурстарды жұмылдыруды айтарлықтай арттыруға шақырады. Жаһандық биоалуантүрлілікті қорғау қорын ашу биоалуантүрлілікті сақтау үшін үкіметтерден, қайырымдылық қорларынан және жеке меншік сектордан қаржы тартудың жақсы бастамасы болып табылады.
2015-2022 жылдар аралығында Қазақстанда биоалуантүрлілікті сақтау бағдарламаларын қаржыландыру үшін 1,8 млрд теңге бөлінген. БИОФИН-нің Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтауға қатысты қаржылық қажеттіліктерді бағалауына сәйкес ұлттық мақсаттарға қол жеткізу үшін қажетті бюджет 851 миллион АҚШ долларынан астам соманы құрайды.
БҰҰДБ Қазақстанның бірегей табиғатын сақтауға үлес қосу міндеттемесін мойнына алып, 2015 жылдан бері ЖЭҚ, Bitfury, Германия және Швейцария үкіметтері, Еуропалық Одақ сияқты донорлар арқылы биалуантүрлілікті сақтау жобаларына 15,9 миллион АҚШ долларынан астам қаржы жұмылдырды.
Мемлекеттік бюджет биоалуантүрлілікті сақтауды қаржыландырудың ең ірі көзі болып қала береді, сөйтіп мемлекеттік инвестицияларды сақтау мен арттырудың маңыздылығын көрсетеді. Бірақ тек мемлекеттік қаржыландыруға йек арту ұзақ мерзімді перспективада орынсыз болатыны анық. Сондықтан биоалуантүрлілікті сақтау бастамаларына тиісті және тұрақты қолдауды қамтамасыз ету үшін жеке меншік секторы мен өнеркәсіптің қаржыландыруға белсендірек қатысуын ынталандыру маңызды. Жеке меншік секторы мен өндіруші өнеркәсіп табиғатқа орасан зор зиян келтіріп жатқанына қарамастан, қаражат бөлудегі үлесі мүлдем мардымсыз. Өнеркәсіп тарапынан қаржыландырудың жоқтығы биоалуантүрлілікті сақтау үшін қажетті ресурстардың айтарлықтай тапшылығын тудырады. Бұл мәселені өнеркәсіптік және өнеркәсіптік емес компаниялардың үлесін арттыру үшін заңнамалық ережелер және қаржылық механизмдер арқылы шешу қажет.
Биоалуантүрліліктің жойылып кетуімен күресу үшін біз табиғи капиталды бағалау, зиянды субсидияларды қысқарту және тұрақты болашаққа инвестиция салу арқылы экономикалық, қаржылық және өндірістік жүйелерді өзгертуіміз керек. Әр адам табиғатты қанаудан оған ұқыпты қарауға бет бұруға көмектесе алады, ал инклюзивті басқару адамдарға жауапты экологиялық шешімдерді оңай қабылдауға және Жоспардың бір бөлігі болуға мүмкіндік беру үшін маңызды.