Астанада су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті

2024 ж. 30 September
a group of people sitting at a table in front of a crowd
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Батыр Әубакіров

Астанада Қазақстанның су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Іс-шараны БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырды. Оған БҰҰ, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері, сондай-ақ шетелдік даму агенттіктерінің, дипломатиялық корпус пен бизнес өкілдері қатысты.

Отырысқа қатысушылар Қазақстанның су ресурстарын басқарудағы әріптестікті, сондай-ақ стратегиялық әріптестікті және еліміздің су секторындағы басым бағыттарды талқылады. Үйлестіру кеңесі өкілдерінің баяндамаларынан кейін ашық микрофон форматында талқылау өтті. Спикерлер қолданыстағы су бастамалары жайлы айтып, жоспарланған жобаларды талқылады және үйлестіру кеңесінің жұмысы бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті.

a man standing in front of a piano
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Батыр Әубакіров

Сондай-ақ, отырыста БҰҰДБ Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп дайындаған 2024-2030 жылдарға арналған Су серіктестігі бастамасы жобасының тұсаукесері өтті. Құжат бірнеше бағыт бойынша нақты іс-шараларды қарастырады. Бұл су ресурстары бойынша ақпараттық жүйе әзірлеу, климаттық сын-тегеуріндерді ескеретін су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, заманауи ирригациялық жүйелерді енгізу және трансшекаралық су ынтымақтастығы.

«Үйлестіру кеңесі Қазақстанның су секторындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен серпін беретініне сенімдімін. Кеңес халықаралық серіктестермен білім мен тәжірибе алмасуда шешуші рөл атқарады. Бірлескен зерттеу, технология мен инновациялар сумен жабдықтау деңгейін және климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыра алады. Үйлестіру кеңесі мемлекеттік және жеке сектор арасында әріптестікті қалыптастырудың маңызды тұғырнамасы болады. Оны құру іске асыру үшін басым бағыттар мен ресурстарды неғұрлым нақты айқындауға мүмкіндік береді. Біз серіктестерімізді ротациялық негізде кеңесте бірлесіп төрағалық етуге шақырамыз. Биыл біз осы рөлді БҰҰ Даму бағдарламасына ұсынамыз», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
a man wearing a suit and tie
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Батыр Әубакіров
a woman sitting at a table using a laptop
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/ Батыр Әубакіров
«Су мәселесінің күн тәртібі күрделілігін ескере отырып, ешбір ұйым немесе үкімет жалғыз шеше алмайтыны анық. Сондықтан бұл мәселелерді шешу ресурстарды, инвестицияларды, техникалық сараптама мен инновацияларды біріктіруді талап етеді. Бүгін БҰҰ Даму Бағдарламасы мен Су ресурстары және ирригация министрлігі ұсынған серіктестік бастамасы осы үдерісте маңызды қозғаушы күш болады деп сенемін», - деді БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.

 

***

БҰҰДБ-ның Жасыл климаттық қордың қолдауымен Қазақстанда  іске асырылып жатқан "Бейімделуді жоспарлауды институттандыру және бейімделуді ұлттық жоспарлаудың дәйекті саясаты шеңберінде бейімделу шараларын іске асыруды қамтамасыз ету үшін климаттық тәуекелдерді Қазақстанның дамуын жоспарлау процестеріне интеграциялау" жобасы іс-шараға қолдау көрсетті.