Жасыл болашақ құрылысы: құрылыстағы энергия тиімділігі - Қазақстандағы көміртегі бейтараптығы бағытындағы маңызды қадам
2024 ж. 22 November
Осы жазда Астанадан 300 шақырымдай жерде, әдемі көлдің жағасында орналасқан балаларды сауықтыру орталығына барудың сәті түсті. Биыл 60 жылдығын атап өткен орталық жаңғырмалы энергия көздері және энергия тиімділігін арттыру жүйелері сияқты жасыл технологияларды енгізіпті. Мұндай бастамалар қоршаған ортаға әсерді азайта отырып, тұрақтылықты елеулі жақсарта алатынын көру сондай шабыттандырды.
Жалпы Қазақстанда тұрғын үй қорының басым бөлігі 1960-1990 жылдары салынған, инфрақұрылымы әбден тозған, энергия тұрғысынан тиімсіз. 2023 жылғы Түпкі энергия тұтыну құрылымы есебіне сәйкес тұрғын үй секторына жалпы энергия тұтынудың 35,7 пайызы тиесілі екен, ол сонымен қатар энергияның ең ірі түпкі тұтынушысы да болып шықты. Осы сектордың жалғыз өзі елдегі электр энергиясының шамамен 13 пайызын және жылу энергиясының 50 пайызын тұтынып, парниктік газдар шығарындыларына айтарлықтай үлес қосатын көрінеді.
Бүгінгі таңда елдің тұрғын үй қорында 56,000-нан астам көп пәтерлі тұрғын үй бар, оның 3.500-ы апатты немесе тұруға жарамсыз, 17,000-ы күрделі жөндеуді қажет етеді, ал 35.000 қанағаттанарлық жағдайда. Біздің бағалауымызша Қазақстандағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің энергия тиімділігін арттыру үшін 15 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция қажет.
Қазіргі уақытта Қазақстан ғимараттардың энергия тиімділігін кезең-кезеңімен арттырып жатыр. Сондай шараларға оқшаулауды жақсарту, энергияны басқарудың автоматтандырылған жүйелерін, жаңғырмалы энергия көздерін пайдалану кіреді. Энергия ысырабын азайту үшін ескі ғимараттар да жаңартылып жатыр.
Жасыл экономикаға көшуді қаржыландыру
Энергия тұрғысынан тиімді құрылысты қаражат жағынан қолжетімді және тартымды ету үшін қаржылық стимулдар маңызды екені сөзсіз. Мысалы, 2023 жылы Қазақстанда жасыл ипотека енгізілді, соның арқасында азаматтар үшін экологиялық стандарттарға сай үйлерді сатып алу мүмкіндігі туды. Алайда кең ауқымды жаңғырту үшін мемлекеттік қаржыландыру жеткіліксіз — әртүрлі мүдделі тараптардың инвестициясы қажет.
БҰҰДБ мен Жаһандық экологиялық қор Қазақстанның Индустрия және құрылыс министрлігімен серіктестікте әзірлеген бірлескен қаржыландыру моделі инновациялық тәсілдердің бірі болып табылады. Аталмыш модель тиімділікті арттыруға инвестиция салатын және энергияны үнемдеу арқылы шығындарды өтейтін энергетикалық сервистік компаниялардың (ЭСКО) қатысуын көздейді. Тұрғындар әдеттегідей коммуналдық төлемдерді төлеуді жалғастыра береді, бірақшығындар өтелсе, үнемделген қаражат оларға тікелей пайда әкеледі. Астана мен Теміртауда апробациядан өткен осы модель ресурстарды біріктіруде және мүдделі тараптар арасында шығындарды бөлісуде тиімділігін дәлелдеді (қосымша ақпарат алу үшін осы жерден оқыңыз).
Осындашаралардың арқасында 68 миллион доллар көлеміндегі жеке меншік инвестициялар 75 жасыл жобаны қолдап, олардың өмірлік циклі ішінде 2,1 миллион тоннадан астам CO₂ шығарындыларын азайтты. Мұндай бастамалар серіктестік және ақылға қонымды қаржыландыру энергия тиімділігін арттыру мақсаттарын қалай нақты жетістікке айналдыра алатынын көрсетіп, 5 миллион адамның өмірін жақсартты. Осы жетістік өз кезегінде жасыл жобаларды қолдаудың жаңа құралдарын, соның ішінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры (Кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың бірыңғай кешенді бағдарламасы) аясындағы бағдарламаларды қолдануға ынталандырып, Қазақстанның тұрақты даму саласындағы еңбегіннығайта түсті.
Қазақстан қабылдай алатын әдістер
Жаһандық деңгейде энергия тұрғысынан тиімді құрылыс біздің құрылыс жүргізу және өмір сүру салтымызды өзгертті. Германия мен Швейцария сияқты елдер ауа өткізбейтін конструкциялар, жақсартылған оқшаулау арқылы жылыту шығындарын барынша азайтатын «пассивті үй стандарттарын» енгізіп, талапты қатаңдатты. Ал Скандинавия елдері күн панельдерін ғимараттардың қасбеттеріне үйлесімді етіп кіріктірді, күн көп түсетінін ескерсек, Қазақстан да осындай тиімді шешімді қолдана алушы еді. Ал АҚШ пен Канада жайлылықты сақтай отырып, энергия тұтынуды барынша азайту үшін ғимараттарды автоматтандыру жүйелерін пайдаланып жатыр — шығындарды азайту үшін және тиімділікті арттыру үшін әбден орынды стратегия.
БҰҰДБ сияқты ұйымдармен серіктестік жетістіктердің негізін қалап үлгерді. Көптеген елдерде БҰҰДБ заңнамалық база құруға, энергетикалық стандарттарды белгілеуге және жасыл технологияларға жеке меншік инвестицияларды тартуға көп көмектесті.
Босния мен Герцеговинада негізгі қалалық секторларда техникалық және экономикалық тұрғыдан жүзеге асыруға болатын төмен көміртекті шешімдерді енгізуге қолдау көрсетіледі. Молдовада қала құрылысын жоспарлауда кешенді әдіс-тәсіл қолдану арқылы қалаларды төмен көміртекті, жасыл дамытуға инвестиция салуға ынталандыруға баса назар аударылады. Өзбекстандағы бастама аясында энергия тиімділігі және ғимараттарда жаңғырмалы энергия технологияларын пайдалану туралы хабардарлықты арттыруға қолдау көрсетіледі, сондай-ақ ауылдық үй шаруашылықтарының иелеріне жәнеосы секторда мамандандырылған оқыту жүргізетін мамандарға қаржылық қолдау көрсетіледі. Украинада БҰҰДБ жеке меншік секторды инвестиция салуға ынталандыра отырып және елде энергияныбасқарудың ақпараттық жүйелерін енгізе отырып, энергия үнемдейтін компаниялардың қоғамдық ғимараттарда энергия тиімділігін арттыру шараларын жүзеге асыруын жеделдетті.
Қазақстанның тұрақты тұрғын үй секторына беталысы
Қазақстанның құрылыста энергия тиімділігін қамтамасыз ету жолын ұстануы 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жолындағы маңызды қадам болып табылады. Алайда осындай өршіл мақсатқа жету үшін тек жаңа технологиялар ғана емес, сондай-ақ тұрақты қаржыландыру, сектораралық ынтымақтастық, инновациялық саясат және кең ауқымды экологиялық оқу-ағарту шаралары қажет.
Инфрақұрылымды жаңғырту энергия тиімділігі және жаңғырмалы энергия көздері қалаларды қалай түрлендіре алатынын, қауымдастықтарды қалай нығайта алатынын және тұрақты болашаққа қалай жол аша алатынын кезең-кезеңімен көрсетіп келеді. Жасыл экономикаға көшуде білім маңызды рөл атқарады. БҰҰДБ-ның «Климат қобдишасы» сияқты бағдарламалар балалар мен жастарды интерактивті құралдар арқылы қызықтырып, оларға энергия тиімділігі мен климаттың өзгеруі туралы тиімді әрі тартымды тәсілдермен мәлімет береді. Ал энергияны үнемдейтін құрылғылар туралы материалдар студенттерді естіген-білген ақпаратпен үйде бөлісуге ынталандырып, тұрақтылық мәселелерін кеңірек талдауға септеседі. Жобалаушылар, құрылыс компаниялары және жылжымайтын мүлік агенттері үшін экологиялық стандарттар белгілеу тұрақтылық қағидаттарының кәсіби практикаға енгізілуін қамтамасыз етеді.
Жасыл құрылыс әдістерін қабылдау аса маңызды болғанымен, парниктік газдар шығарындыларын азайту және тарихи қалыптасқан энергияны тиімсіз пайдалануды еңсеру үшін ескі ғимараттарды жаңғырту да ерекше маңызды. Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстандағы үйлердің небәрі 5-10 пайызының шатырына күн панельдерін орнату ірі жылу электр станциясы өндіретін көлемде энергия өндіруге мүмкіндік береді. Осы әлеуетті іске асыру үшін субсидиялар, заңнамалық реформалар және инновациялық қаржыландыру механизмдері арқылы ЭСКО үшін кеңейтілген қаржылық қолдау қажет. Сондай-ақ шығарындыларға мониторинг жүргізу жүйелерін құру, сертификатталған аудиторларды оқыту және шығарындыларды азайту сертификаттары нарығын құру қажет, аталғандар жетістіктерге жетелейтіні айдан анық. Көп пәтерлі үйлерде жылуды теңгерімдеу жүйелерін енгізу энергияны пайдалануды оңтайландырудың тағы бір тиімді шешімін ұсынады. Аталмыш бастамалардың барлығы Қазақстанның анағұрлым жасыл, энергия тұрысынан анағұрлым тиімді болашаққа көшуіне жол ашады.