Астанада адамның құқықтары жөнінде конференция өтті
2024 ж. 10 December
Бүгін Астанада БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасымен, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиямен, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен және Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі ұйымдастырған «Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын қорғау: сын-тегеуріндер мен перспективалар» ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Конференцияның мақсаты - мемлекеттік және үкіметтік емес құрылымдардың құқық қорғау қызметіне тартылуын күшейту, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтарының бұзылуын болдырмау үшін күш-жігерді шоғырландыру.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев конференция жұмысын ашып, құқық қорғау саласы мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам және халықаралық құрылымдар арасындағы тұрақты өзара іс-қимылды талап ететінін атап өтті. Ол адам құқықтарын қорғауға және олардың бұзылуының алдын алуға бағытталған тиімді шешімдерді әзірлеу үшін диалогтың маңыздылығын жеткізді.
«Бүгінгі іс-шара біздің өзара іс-қимылымызды одан әрі нығайтудың және бірлескен күш-жігерді біріктірудің тағы бір қадамы болғанын қалаймын. Осы конференция барысында біз Қазақстанның құқық қорғау саясатын одан әрі нығайтуға және адам құқықтарының құндылықтарын ілгерілетуге қызмет ететін жаңа идеяларды табатынымызға сенімдімін», -деді Омбудсмен.
Іс-шараның басты бағыттарының бірі Мемлекет басшысы 2023 жылы бекіткен адам құқықтары мен заңның үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарының іске асырылуын талқылау болды.
Конференцияға қатысушылар азаматтық бостандықтарды қорғауға, сот төрелігіне қолжетімділікті жақсартуға, мемлекеттік органдар жұмысында ашықтықты қамтамасыз етуге және демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған жоспарды орындаудың негізгі кезеңдерін қарастырды. Сондай-ақ, құқықтық мәдениетті дамытуды қоса алғанда, адам құқықтарын қорғау тетіктерінің тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«20 жылдан астам уақыт бойы БҰҰДБ Қазақстанда заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған үкімет бастамаларын қолдап келеді. Атап айтқанда, сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау, адвокаттар алқасын және ұлттық құқық қорғау мекемелерін нығайту, азаматтық қоғамның құқық қорғау органдары мен сот билігінің тиімділігін бақылауға қатысуын арттыру салаларында қолдау көрсетуде», -деді БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
Конференция аясында «Кемсітушілікке қарсы іс-қимыл», «Азаптау мен қатыгездіктің алдын алу», «Әйелдердің жазасын өтеу, жабық мекемелердегі жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу», «Қылмыстық әділет және әлеуметтік саласының жабық мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету» және «Қылмыстық сот төрелігі саласындағы халықаралық стандарттарды имплементациялау» сияқты бірнеше тақырыптық секциялар жұмыс істеді.
Секциялар барысында сарапшылар бекітілген тақырыптар бойынша зерттеу нәтижелерін таныстырып, жұмыс нәтижелері бойынша қандай ұсыныстар әзірленгенін айтты.
Ұлттық алдын алу тетігінің (ҰАТ) өкілеттіктерін кеңейтуді және заңнаманың кейбір тармақтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қоса алғанда, азаптаулар мен кемсітушіліктің алдын алу үшін институционалдық базаны нығайту қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, жазасын өтеген әйелдер үшін кешенді оңалту бағдарламаларын құру бойынша бастамалар көтерілді.
Ұсынылған мәліметтер негізінде секция қатысушылары адам құқықтары саласындағы жағдайды жақсарту бойынша практикалық шараларды әзірлеуде қолданылатын ұсыныстарды тұжырымдады.
Айта кетейік, конференция Қазақстанның жалпыадамзаттық құндылықтарға және адам құқықтарын қорғаудың халықаралық жүйесіне бейілділігін растауға және халықаралық қоғамдастықтың Қазақстандағы адам құқықтарының жай-күйі туралы хабардарлығын арттыруға тағы бір мүмкіндік болды.