Қазақстан мүгедектігі бар адамдарды интеграциялау жоспарының жобасына қатысты Еуропаға иек артады
2023 ж. 18 September
Қазақстан делегациясының Германияға және Нидерландыға осы елдердің тәжірибесін зерттеу мақсатында жасаған сапарының тақырыбы мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік интеграциясы болды. Парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліс депутаттары жетекшілік еткен сапар БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауының арқасында мүмкін болды.
«Сапарымыздың басты мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік интеграциясының озық тәжірибесін зерделеу. Бұл оларды көмекші құралдармен, арнайы көлікпен, оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуді және ұзақ мерзімді күтімді қаржыландыруды қамтиды», —деді Гаухар Қалмақова, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер департаменті директорының орынбасары.
Делегация құрамында депутаттардан басқа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, Әлеуметтік оңалтуды дамыту ғылыми-практикалық орталығының, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдері болды.
Сапар барысында келесі мекемелердің өкілдерімен кездесулер өтті: Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық жерінің Еңбек, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігі (Германия), Нидерландының Әлеуметтік істер және жұмыспен қамту министрлігі, Германияның Зейнетақы сақтандыру қоры, Денсаулық сақтау/Сақтандыру қоры және Федералдық жұмыспен қамту агенттігі.
Германия мен Нидерланды – мүгедектігі бар адамдарға күтім көрсету саласында бай білім көзі
Германияда 10.2 миллион мүгедектігі бар адам өмір сүреді (халықтың 12.1 пайызы), оның ішінде 7.8 миллионы ауыр мүгедектік түрлеріне шалдыққан. Нидерландыда 2 миллионға жуық (халықтың 11 пайызы) адамның мүгедектігі бар.
Қазақстаннан айырмашылығы Германия мен Нидерландыда мүгедектігі бар адамдарды оңалту және интеграциялау қызметтерін көрсету саласы орталықтандырылмаған және сақтандыру жүйесіне негізделген. Бұл елдердің саясаты мүгедектіктің алдын алуға, аурулардың салдарын жоюға немесе азайтуға және адамдарды еңбек нарығына мүмкіндігінше толық реинтеграциялау мақсатында тиімді оңалтуға бағытталған. Басымдық бірінші кезекте мүгедектіктің алдын алу қызметтеріне, одан кейін мүгедектігі бар адамдарды интеграциялауға қолдау көрсету қызметтеріне, ең соңында зейнетақы төлемдеріне беріледі.
Осы елдердегі әлеуметтік және кәсіби оңалтудың негізгі қағидалары мүгедектігі бар әрбір адаммен жеке жұмыс істеуді, көрсетілетін қызметтердің кешенділігін және мүгедектігі бар адамдарды оңалту процесіне тартуды қамтиды.
Оңалту қызметтерінің кең ауқымын түп бастауынан көру
Сапар барысында делегация Германия мен Нидерландыда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік және кәсіби оңалтумен айналысатын бірнеше ұйымдарды аралады, соның ішінде:
Дортмундтағы орталық (Германия), аталмыш орталық мүгедектігі бар ересектерге кәсіби оңалту қызметтерін ұсынады. Орталық қызметтердің алуан түрін ұсынады: мүгедектігі бар адамдарға кеңес беруден бастап оңалу әлеуетін бағалауға, оқытуға, біліктілігін арттыруға және еңбек нарығына интеграциялауға дейін.
MediClin Fachk – көптеген аурулары бар науқастарды салааралық емдеуге және оңалтуға маманданған медициналық оңалту орталығы (Германия).
Buurtzorg Nederland – емделушілерге, мүгедектігі бар адамдарға және қарттарға үйде ұзақ мерзімді күтім көрсететін компания.
Heliomare in Wijk aan Zee (Нидерланды) – бас-ми жарақаттары бар адамдарды медициналық және спорттық оңалтуға және олардың қоғамға сәтті интеграциялауға маманданған кешенді оңалту орталығы.
Сапар барысында делегаттар сондай-ақ Дюссельдорфтағы оңалту және күтім көрсету жөніндегі халықаралық көрмені де аралады, онда әлемнің 37 елінен 700-ден астам қатысушы дербес көмекші құрылғылар мен саймандардан бастап мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктеріне бейімделген кедергісіз құрылыс және үйде емін-еркін жүріп-тұру мүмкіндіктеріне дейін өз инновацияларын ұсынды. Сонымен қатар тиімді оңалту мен күтімнің елеулі әлеуетін көрсететін цифрландыру және робототехника саласындағы жетістіктер ұсынылды.
Германия мен Нидерланды мүгедектігі бар адамдарды оңалту мен интеграциялауда озық технологиялар мен әдіс-тәсілдерді қолданады. Сол әдіс-тәсілдерді Қазақстанда да қолдануға болады.
Делегация Қазақстандағы мүгедектігі бар адамдарға көмектесу үшін алған қисапсыз тәжірибе мен сабаққа олжалы болды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елде 719.000-нан астам мүгедектігі бар адам тұрады, оның 422.500-ы еңбекке жарамды жаста. Әлеуметтік интеграция, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және жұмыспен қамту мәселелері ел дамуының күн тәртібінде өзекті күйде қалып отыр.
Қазақстанның әлеуметтік қорғау жүйесінде жыл сайын бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсететін 34 оңалту орталығы жұмыс істейді. Қамту деңгейінің төмендігінен басқа эрготерапевт және физиотерапевт сияқты білікті оңалту мамандарының жетіспеушілігі, ел ішінде осы қызметтерге қол жеткізудегі теңсіздік, оңалту қызметтерінің мүгедектігі бар адамдар тұратын жерден шалғайлығы сияқты мәселелер бар. Кешенді оңалту және абилитация жүйесін құрудың бірыңғай әдіс-тәсілдері мен әдістемесі жоқ.
Жалпы, елдегі мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың қолданыстағы жүйесі кешенді емес және халықтың сапалы оңалту қызметіне деген сұранысын әрдайым қанағаттандыра алмайды.
БҰҰДБ қолдау көрсететін көптеген салалар
Қазақстан Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенцияны 2015 жылы ратификациялады. 2023 жылдың мамыр айында Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенцияға Факультативтік хаттама ратификацияланды. БҰҰДБ қолдауымен Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспардың іс-шараларын әзірлеу және іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ Әлеуметтік қызметтер порталы әзірленіп, қолданысқа енгізілді.
Министрлік 2023 жылдың соңына дейін халықты әлеуметтік қорғау жүйесіндегі оңалту орталықтарының қызметіне баса назар аудара отырып, әлеуметтік және кәсіби оңалту жүйесінің дамуының талдауын және қолданыстағы заңнамаға және оңалту орталықтарының мамандары қолданатын Оңалту хаттамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсынымдарды алады.
Сондай-ақ Қызылорда және Павлодар облыстарының оңалту орталықтарында БҰҰДБ мүгедектігі бар адамдар арбасын пайдаланатын адамдар үшін үлгілік пәтер жасау жобасын жүзеге асырды. Ақтөбе және Тараз қалаларында интернат мекемелерін деинституционализациялау мәселесін шешуге бағытталған тәуелсіз өмір сүру технологиялары пайдаланылған жаттығу пәтерлерін ашу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі уақытта БҰҰДБ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен серіктестікте халықтың осал топтарын әлеуметтік қорғау бойынша бірлескен бастаманы жүзеге асырып жатыр, оның аясында ұлттық әлеуметтік саясатты одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіледі.