7 қыркүйекте Халықаралық көгілдір аспанға арналған таза ауа күнін мерекелеу аясында Қазақстан Республикасы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында климаттың өзгеруі мәселелеріне арналған журналистерге арналған конкурстың жеңімпаздары мен финалистері жарияланды. Конкурс ағымдағы жылғы маусым айында Халықаралық қоршаған орта күні қарсаңында жарияланды; конкурсты ұйымдастырушылар Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы, БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы және Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісінің кеңсесі болды.
Пандемияға байланысты шығарындылардың уақытша азаюына қарамастан, әлем жаһандық жылынуды 1,5 градус Цельсий шегінде ұстай алмайды. Орман өрттері, аптап ыстық, жойқын су тасқыны және басқа да табиғи апаттар біздің планетамыздың кейбір бөліктерін өмірге жарамсыз етеді деген үрей бар. БҰҰ-дың бағалауы бойынша, соңғы 20 жыл ішінде әлемде тіркелген 7,348 ірі апат кезінде 1,23 миллион адамның өмірінен айырылдық. Оның үстіне, әлемдік апаттар туралы есеп соңғы онжылдықта барлық апаттардың 85%-ы экстремалды ауа-райы мен климаттық құбылыстардан туындағанын көрсетеді.
Бұл тұрғыда медианың экологиялық ақпараттың негізгі ресурсы ретіндегі рөлін асыра бағалау мүмкін емес. Дәп осы БАҚ жұмысының арқасында климаттың өзгеруі проблемасы сараптамалық қоғамдастық шеңберінен шығып, елдің қарапайым тұрғынының өмірінен алыс болып көрінетін жаһандық климаттық өзгерістердің тікелей әсерін көрсете отырып, қоғамдық күн тәртібінің бір бөлігіне айналып отыр.
Өткізілген конкурс шеңберінде баспа және онлайн-басылымдардың журналистеріне, сондай-ақ блогер-қоғамдастыққа құбылмалы климат жағдайында Қазақстан контексінде неғұрлым өзекті қауіптер туралы, сондай-ақ елде іске асырылатын немесе іске асыру үшін мүмкін болатын бейімдеу және митигациялық шаралар туралы материалдар дайындау ұсынылды.
Нәтижесінде конкурсқа Қазақстанның барлық өңірлерінен қазақстандық басылымдардың атынан шыққан журналистердің 50-ден астам еңбегі қатысты. Еңбектер журналистік зерттеулер мен сараптамалық сұхбаттардан бастап, мультимедиалық материалдар мен талдамалық шолуларға дейін, елде іске асырылған бейімделу шешімдерін ұсынатын түрлі форматтарда ұсынылды. Жарияланған материалдар тақырыптарының ішінде – елдегі және әлемдегі орташа жылдық температураның жоғарылауы, ауыл шаруашылығындағы бейімдеу шаралары, климаттық өзгерістердің экожүйеге және елдің биологиялық алуантүрлілігіне әсері, азық-түлік қауіпсіздігі, қалдықтармен жұмыс істеу және басқа да көптеген мәселелер бар.
БҰҰ-ның арнайы құрылған комиссиясы материалдарды бағалауда басшылыққа алған негізгі параметрлер тақырыпты ұсыну креативтілігі және пысықтау деңгейі, сондай-ақ материалдың негізгі ниеті болды. Конкурс нәтижелері бойынша 10 финалист және үш жеңімпаз іріктеліп алынды, олардың еңбектері арнайы жүлделер мен сертификаттармен марапатталды.
Бірінші үш орын келесідей бөлінді - үшінші орынды Elorda aqparat ақпарат агенттігінің журналисі Дулат Төлепов; екінші орынды CABAR Asia агенттігінің тілшісі Зульфия Раисова; бірінші орынды Astana Times басылымының журналисі Жанна Шаяхметова иеленді. Жеңімпаздар сыйлық ваучерлерін алды, оларды қорытынды баспасөз конференциясы кезінде БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Якуп Бериш табыс етті. Материалдық ынталандырудан басқа, конкурс жеңімпазы Ж. Шаяхметова 2021 жылғы 31 қазан мен 12 қараша аралығында Глазгода (Ұлыбритания) өтетін әлемдік деңгейдегі басты климаттық іс-шара – Тараптар конференциясына қатысуға мүмкіндік алды.
Ағымдағы жылғы 2-3 маусымда Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы қазақстандық БАҚ-та климаттың өзгеруі мәселелерін өзектендіру мақсатында онлайн медиа тренинг ұйымдастырғанын атап өткен жөн. Тренинг аясында климаттық тақырыптарға арналған мазмұнды сессиялар өтті, климаттық күн тәртібінің қоғамдық маңыздылығы, БАҚ-тың осы мәселелерді шынайы және объективті жария етудегі рөлі талқыланды.