COP28-дегі «Жасыл питчинг» іс-шарасы Орталық Азияның орнықты болашағына арналған

2023 ж. 7 December

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Қазақстанда БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Орталық Азия елдері үшін жасыл жобалар питчингін ұйымдастырды. Бұл іс-шара өңірдегі инновациялық және орнықты бастамаларға назар аударып, «жасыл» өсу мен климаттың өзгеруіне төзімділіктің ортақ міндеттемесін көрсетті.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі 28-ші конференциясы немесе COP28 осы аптада басталды және 12 желтоқсанға дейін Дубайда, Біріккен Араб Әмірліктерінде жалғасады, яғни маңызды өзгерістер бойынша іс-әрекеттерді күшейту қажеттілігі артып келеді. Орталық Азия елдері, яғни Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан – ынтымақтастыққа бірлескен көзқарасты ұстана отырып, әлемдік ауқымдағы неғұрлым өзекті климаттық проблемалар бойынша ортақ өңірлік ұстанымға ие: Бес ел – бір өңір – бір дауыс.

Климаттың өзгеруінің салдарына осал өңірдің бөлігі ретінде Орталық Азия елдері COP28 климаттық саясаты бойынша келіссөздерге белсенді қатысады, шығарындыларды азайту, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және өңір үшін климаттық қаржыландыруға қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша бірлескен міндеттемелерді қолдайды. 
 

«Климаттық дағдарыстың шегі жоқ; бұл жекелеген елдер шегінен асып түсетін проблема. Осы жаһандық проблеманы шешудегі жетістік ұжымдық іс-әрекеттерді қажет етеді. Жаһандық қоғамдастық климаттың өзгеруін кешенді шешу үшін біздің тәжірибемізді, ресурстарымызды және инновацияларымызды біріктіріп, барлығына орнықты болашақты қамтамасыз етуі керек. Орталық Азия елдерінде біз өңірдің табиғаты, халқы және әсіресе жастары алып отырған орасан зор әлеуетке нық сенеміз. Бұл факторлар климаттың өзгеруінен туындаған проблемаларға қарсы тұру және оларды еңсеру бойынша бірлескен күш-жігерімізде шешуші элементтерді құрайды», –
деді БҰҰДБ Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі климаттың өзгеруі жөніндегі маманы Нури Озбагдатли.

Іс-шараны Орталық Азияның үш елі, яғни Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Экология министрлері ашты.

«Парниктік газдар шығарындыларын айтарлықтай азайтуға қол жеткізу елеулі қаржылық инвестицияларды қажет етеді. Қазақстан биыл қабылдаған Төмен көміртекті даму стратегиясы төмен көміртекті технологияларға салынған таза инвестицияны 610 миллиард АҚШ доллары көлемінде бағалайды. Бұл ретте қоғамдар мен экономикаларға орнықтылықты арттыруға және климаттың өзгеруінің салдарына бейімделуге көмектесетін климаттық қаржыландырудың маңыздылығын асыра бағалау мүмкін емес», –
деді Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев құттықтау сөзінде.

Қазақстандағы БҰҰДБ халықаралық инвесторлармен, қаржы ұйымдарымен және институттармен ынтымақтастықты дамыту және әріптестік қатынастарды жолға қою үшін практикалық қадам ретінде өңірдегі жасыл және орнықты бастамаларды қолдау үшін жасыл жобалар питчингі бойынша параллельді іс-шара ұйымдастырды. Орталық Азия өңірінің түкпір-түкпірінен келген ұлттық компаниялар, жеке сектор және ҮЕҰ өкілдері энергия тиімділігі, жаңартылатын энергия көздері, инновациялық қаржы құралдары (мысалы, орнықты дамуға қатысты облигациялар), орнықты көлік және көміртегі шығарындыларын өтеу бастамалары бойынша жобаларын көрсетті.