АИТВ статусы: әйелдер қандай қиындыққа тап болады

2024 ж. 11 July
a person wearing a blue shirt
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин

Елена Растокина - Answer (ағыл. «Жауап») қоғамдық қорының негізін қалаушы әрі жетекшісі. 15 жыл бұрын АИТВ-инфекциясын жұқтырғанын білген. Соған қарамастан сап-сау екі баланы дүниеге әкелген. Қазір ол қауіпті дертке шалдыққанын ашық айтатын болды. Онымен қоса, арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж әйелдерге қолжетімді адвокаттық көмегін ұсынады.

Елена өз жұмысында гендерлік теңдікке басымдылық береді және АИТВ дертімен өмір сүретін, есірткіге тәуелді, бас бостандығынан айырылған әйелдер басынан өткерген қиындықтар туралы ашық позицияда көп айтады.

«Бәрі әйелдерге басқаша қарайтын болғандықтан олардың жұмысқа орналасуы да қиын. Осының бәрі мәселені ушықтырады. Бізде қалай, дәрігер әйел, қоқыс жинаушы әйел деген түсінік қалыптасқан. Ал директор, координатор, менеджер десе бірден ер адам болуы керек сияқты. Бұл нені білдіреді? Демек, бұл әйелге немқұрайлықпен қарау басым екенін көрсетеді. Оларға шешім қабылдаушы деңгейінде қарамайды. Көбіне әйелдер төмен позицияда тұрады. Сәйкесінше, әйелдердің де табысы, еңбекақысы төмен», - деп ашық айтады Елена.

Қазір Answer қоры әйелдерді жан-жақты қолдауға бағытталған бірнеше жобаны жүзеге асырып жатыр. Еленаның айтуынша, көптеген әйелдер мемлекеттік көмекті қалай алу керек, халыққа қызмет көрсету орталығына қандай жағдайда бару қажет, бизнес ашса оған қаржылай қолдауды қалай алуға болатынын да білмейтіні жасырын емес.    

«Әйелдің әлеуметтік рөлі төмен болған сайын (мәселен: егер әйел АИТВ-ке шалдыққан, есірткіге тәуелді, түрмеде отырған болса) оның мүмкіндіктері де шектеле түседі. Мен сондай әйелдің бірін білемін. Ол дәл осындай түсініктің кесірінен өз-өзіне оқуға түсуге ұзақ рұқсат етпей келген. Олар: «мұндай статуспен мені бәрібір ешкім жұмысқа алмайды деп» ойлайды», - дейді Елена. 

Бүгінгі таңда АИТВ дертіне шалдыққан әйелдер дағдарыс орталықтарынан көмек ала алмайды. Яғни, мемлекет тарапынан әйелдердің ең әлеуметтік осал тобына беретін көмекке қолы жетпейді. Егер әйел адам ауырып, мүгедектік алса, онда оған жеке көмекші – мемлекеттік әлеуметтік қызметкер  ұсынылады. Бірақ АИТВ-ке шалдыққан әйел осы қызметті алуға құқығы жоқ. 

a group of people sitting at a table with a laptop
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Азамат Жантөрин

Еленаның айтуынша, Қазақстандағы әйелдердің көбінде қаржылық сауаттылығы жоқ. Олардың өз табыс көзі жоқ. Әдетте, басым бөлігі ер адамдарға тәуелді болып келеді.

«Қаржылай және заң тұрғысынан сауаттылықты арттыратын курстар керек. Біздің елде әйелдерді қолдауға арналған көптеген әлеуметтік бағдарламалар бар, халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа тұруға да жәрдемдеседі. Бірақ әйелдердің көбі оны білмейді», - дейді Елена.

Баспана мәселесі де өзекті. Еленаның пайымдауынша, қоғамдағы шеттетілген әйелдердің де мемлекеттік шелтерге, яғни пана алуына да қолжетімді жағдай жасалуы қажет. Әйтпесе, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер үшін дағдарыс орталығы бар, ал тағдырдың түрлі тәлкегін көрген әйелдердің баратын жері жоқ.

«COVID-19 пандемиясы кезінде көп әйелдердің далада, көшеде түнеуге мәжбүр екенін көргенде қатты қорықтым. Олардың баратын жері болмады. Жұмыссыз қалды, соның кесірінен жалдамалы пәтерден де қуылды. Кейбірінің балалары бар. Қайда барып күнелтуі керек? Кейбіріне қарап, олардың қылмысқа барып, есірткі шеккен екенін де білмейсің. Сол сәтте олардың баратын жері жоқ», - деп Елена есіне алады. 

АИТВ-ге шалдыққан әйелдердің басына төнетін қиындықтың тағы бірі - өзін-өзі стигматизациялау. Яғни, өзін-өзі төменсітуі. Еленаның айтуынша, АИТВ-ге шалдыққан әйелдер қоғамның, жақындарының қабылдамауынан қорқады. Қауіпті инфекцияға шалдыққанын қайта-қайта айтудан да қорланады. Мұндай әйелдер психологпен де тілдесуден бас тартып, ашылмай жатады.  

«Біреуге мұндай диагнозы барын айтудың өзі қорқынышты. Жаңа адаммен танысқанда оған оқиғаңды қайта айтуға тура келеді. Іштей күйзелісті қайта өтуге тура келеді. Егер сен тілдесіп отырған адам оны қабылдаса жақсы. Ал қабылдамаса, «жоқ» десе қайтпексің? Әрине, ұят та, жалғыз қалам деген қорқыныш та билейді. Өзін-өзі кем санауы да артады», -
дейді Елена.

Елена стигма мен алалауға зер салуды өте маңызды екенін ескертеді. Себебі бұл Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 118-бабының 1-тармағына тікелей байланысты: «Басқа адамды АИТВ жұқтыру қаупiне көрiнеу душар ету». Әлемде баяғыдан дәлелденген АИТВ инфекциясын жұқтырған адам, егер тұрақты түрде АРВТ-терапиясын қабылдап жүрсе, онда ешкімге АИТВ инфекциясын жұқтырмайды. Мұндай адамдар қоғам үшін қауіпсіз. Бірақ Қазақстанда бұл фактіні көбі біле бермейді, сөйтеді де иммунодефициттік вирусы бар адамдар туралы естісе, онымен байланысты шектеуге ұмтылады.

«Біздің заң шығарушы органдар ғылымнан қалыс қалып жүреді. Ғылымда бұл 10 жыл бұрын дәлелденіп қойса, оған қатысты заң сол баяғы ескі күйде, өзгеріссіз қалған. Егер қандай да бір адамда АИТВ инфекциясы бары анықталса, ол арнайы құжатқа қол қойып, сосын сол сәттен бастап арнайы баппен жүруге мәжбүр. Өздерін құдды қылмыскер ретінде сезінеді. Егер бір адам тіркеуге қойылып, екіншісі тіркеуде жоқ болса, онда ол оны жұқтыру қаупіне қалдырды деген сөз. Бізде заңда бір ерекшелік бар – егер сен диагнозың туралы айтсаң, сен кінәлі емессің. Бірақ АИТВ жұқтырғандығың жөнінде қалай айтпақсың, ол жайында заңда жазылмаған. Демек, онда нотариусқа барып қол хат бересің әлде ЖИТС орталығына барып, «Бұл менің жұбым, хабардармын деп қол қой» деп айтуың керек, содан кейін ғана қалған қадамға барасың», - дейді Елена.    

Еленаның пікірінше, заңнан бұл бапты алып тастау керек, бірақ жауапкершілікті қалдырған дұрыс. Өйткені АИТВ-ні жұқтыру жауапкершілігі Қылмыстық кодекстің «орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтіру» немесе «денсаулыққа ауыр зиян келтіру» баптары шеңберінде қарастырылуы керек. Сол кезде ғана екінші жұбынан инфекция жұқтырып алған әйел полицияға барып шағым бере алады. Сонда мойындауы да жеңіл, әрі аса бір қатты қорқынышты болмайды.  

Статистика бойынша, АИТВ жұқтырғанын еркектерге қарағанда әйелдер мойындай алады. Мұндай әйелдердің көбі басынан өткен оқиғасын жасырмайды, бетін де ашық көрсетеді. Еленаның пайымынша ер адамдар жалғыз қаламын деп қорқып, статусын жасырады. Статистика АИТВ жұқтырғанын жасыратындардың басым бөлігі ер азаматтар екенін де көрсетеді.

Мұнда Еленаны жастар жағы да қатты алаңдатады.

Мұнысын ол психоактивті есірткінің жаңа түрі сананы шырмап, өзін-өзі іштей жеу маниясының күшеюімен түсіндірді. Есірткінің осы түрлерін қолданатын жастар үнемі бойын қорқыныш билеген жағдайда жүреді. Олардың арасына кіріп, АИТВ-инфекциясын жұқтырған, жұқтырмағанын да анықтау қиын.

«Меніңше, таяу уақытта есірткі қолданатын адамдарды тексеру методикасы қатты өзгеретін болады. Бұрын осындай топтағы жастардың ортасына оңай кіріп, ортақ шприц қолданбау керектігін түсіндіріп, анықтай алсақ, тесттен өтуге көндірсек, қазіргі жастармен тіл табысу, ығыңа келтіру өте қиын», - дейді орталық басшысы.

Иммун тапшылығы вирусына шалдыққан адамдар жаһандық денсаулық сақтау мәселесінде әлі де басты қиындықтың бірі болып қалып отыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда АИТВ статусы бар 32.000-нан астам адам тіркеуде тұр. Соның 2.300-ге жуығы Астанада анықталған.

Заманауи медицина АИТВ-инфекциясы алдын алудың диагностикасы мен емдеу әдістерін әзірлеп үлгеріп отыр. Бүгінде АИТВ-инфекциясы бақылауға болатын созылмалы ауру түрлерінің санатына жатқызылған. АРВТ-терапиясын қабылдау арқылы АИТВ-ге шалдыққан адамдар ұзақ әрі салауатты өмір салтын ұстана отырып өмір сүре алады.

***

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) сыналған және дәлелді негізгі тәсілдер мен стратегияларды кеңейту арқылы «10-10-10» мақсаттарына қол жеткізудегі прогресті ілгерілетуге бағытталған SCALE бастамасын жүзеге асырады.

SCALE-дің негізгі компоненті – «Құқық және қолжетімділік» грант бағдарламасы. Бұл гранттар өз кезегінде жергілікті ұйымдардың әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін инвестицияның бір түрі болып табылады. Соңғы 2 жылда SCALE бастамасының қолдауымен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Украинада 8 грант берілді. Соның екеуі Қазақстанда жүзеге асырылады.

SCALE жобасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылуда. Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталықтардың жаттықтырушы-қызметкерлеріне арналған ұлттық тренинг өткізеді. Іс-шара аясында өңірлердегі шығын орталықтардың мамандарын оқытатын ұлттық тренер ретінде таңдалған.

Answer қоғамдық қорының міндеті: Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің №230 бұйрығындағы кедергіні жою. Осылайша АИТВ дертімен өмір сүріп жатқан әйелдердің мемлекеттік дағдарыс орталықтарынан көмек алуына мүмкіндік жасау.  Сондай-ақ, АИТВ ауруымен өмір сүретін адамдар мүгедектер санатына алынып, арнайы әлеуметтік мекемелер көмегін ала алуына және жеке көмекшінің берілуіне құқылы болуы керек