Қазақстан БҰҰ климаттың өзгеруі туралы тараптарының 29-шы конференциясында климаттық мақсаттарға қол жеткізудегі прогресті ұсынды
2024 ж. 15 November
БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының (БҰҰ КӨНК) Тараптар конференциясының (ТК-29) 29-шы сессиясының қатарлас іс-шарасында Қазақстан Республикасы халықаралық міндеттемелер шеңберінде орындалған климаттық есептіліктің нәтижелерін ұсынды. Қатарлас іс-шара Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігімен және «Жасыл Даму» АҚ-мен серіктестікте БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) ұйымдастырылды. Іс-шараға Шығыс Еуропа және ТМД елдерінің халықаралық ұйымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шарада Қазақстан Республикасы транспаренттілік мәселелері бойынша өзінің алғашқы екі жылдық баяндамасының түйінді деректерін ұсынды, ол ұлттық деңгейде айқындалатын үлестердің (ҰДАҮ) орындалу барысы туралы деректерден басқа, 1990-2022 жылдардағы антропогендік шығарындылар мен сіңіргіштердің кадастры туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық баяндамасының деректерін, елдің электр энергетикалық секторын модельдеу сценарийлерін, шығарындылардың әртүрлі сценарийлерін, секторларды экономикалық трансформациялау және инвестициялық стратегияларды да қамтыды.
«Қазақстан энергетиканы қоса алғанда, экономиканың түрлі секторларында деректердің ашықтығы мен дәлдігін күшейту бойынша белсенді жұмыс істеуде. Қазақстан өз алдына 1990 жылғы деңгейден 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15 пайызға немесе елеулі қосымша халықаралық инвестициялар мен елеулі гранттық көмек жағдайында 25 пайызға қысқарту мақсатын қойды. Осы мақсатқа жету үшін ел Үкіметі экономика секторларын трансформациялау үшін қаржылық және технологиялық қажеттіліктерді ескере отырып және инвестициялық шешімдер бойынша ұсыныстарға сәйкес заңнаманы жақсартады және жаңартады. Осы үдеріс шеңберінде энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы секторларын қоса алғанда, экономиканың барлық секторларында парниктік газдар шығарындыларының сценарийлерін, сондай-ақ қалдықтардан шығарындыларды модельдеу жүргізілуде», —деп атап өтті Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев.
БҰҰ КӨНК талаптарына сәйкес, әрбір қатысушы ел екі жылда бір рет Тараптар конференцияларында климаттық есептерді ұсынады, онда индикаторларды бекітеді және жыл сайынғы парниктік газдар шығарындыларын тіркейді. Екі жылдық баяндамалар елдердің климаттық мақсаттарға қол жеткізудегі жетістіктерін көрсетеді.
2024 жылдан бастап екі жылдық есептерге жаңа компонент қосылды – ұлттық деңгейде айқындалатын үлестердің орындалу барысын қадағалау. Бұл компонент қатысушы елдерге есептіліктің ашықтығын арттырып қана қоймай, ҰДАҮ-дің орындалуын нақты бақылауға мүмкіндік береді, сонымен қатар ҰДАҮ-дің ілгерілеуін келесі екі жылдық есептерде көрсету амбициясын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, биыл елдер транспаренттілік мәселелері бойынша екі жылдық баяндамалар ұсынады.
«Планетарлық үштік дағдарыс жағдайында біз адам әл-ауқаты, экожүйелер және жалпы даму үшін маңызды нүктелерге тез жақындап келеміз. Келесі жыл климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күресте маңызды сәт болады және Париж келісімінің он жылдығына сәйкес келеді. 30 жылдан астам уақыт бойы Қазақстан Республикасының серіктесі бола отырып, БҰҰДБ орнықты даму, климаттық амбицияларды арттыру мақсаттарына қол жеткізуде, температураны 1,5°C белгісінде ұстап тұрудың басым мақсатымен ұлттық күш-жігерді сәйкестендіру үшін Қазақстанды қолдайды», –деп атап өтті БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
ТК-29 БҰҰ КӨНК Баку, Әзербайжанда 11 қарашада басталды және 22 қарашаға дейін жалғасады. ТК-29 алдағы жылдары климаттық қаржыландырудың негізі болатын жаңа ұжымдық климаттық мақсат туралы маңызды шешім қабылданады деп күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, БҰҰ КӨНК өзінің қамтуы бойынша іс жүзінде әмбебап халықаралық-құқықтық құрал болып табылады, соның арқасында қатысушы мемлекеттер климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі саясат пен шараларды қолдауға және алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін халықаралық ұйымдардан тиісті қаржылық көмек көрсетуге мүмкіндік алды. Әдетте, БҰҰ КӨНК тараптарының конференцияларында жыл сайын климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы жаһандық ынтымақтастықты нығайтуға байланысты маңызды шешімдер қабылданады. Климаттық келіссөздердің бүкіл тарихында Орталық Азия мен Кавказ аймағы алғаш рет БҰҰ КӨНК тараптарының конференциясын қабылдайды.