Алматыдағы ауа сапасы жобаларының портфелі

Қазақстанның экономикалық астанасында «портфельдік тәсілдерді» енгізу

2024 ж. 12 July
Фото: Жасанды интеллектпен салынған/Midjourney

Шиеленісіп бара жатқан әлеуметтік және экологиялық мәселелерді шешу барысында алдын ала анықталған мақсаттары, нәтижелері, белгіленген мерзімдері бар, жобаларға негізделген дәстүрлі инновациялық әдістер көбінесе қалалық ортаны түрлендірудің жүйелік қиындықтарын елемейтіні анық бола бастады. Бұған көлікті оңтайландыру, энергоөту және ауаның ластануы сияқты мәселелерді шешу кіреді. Соңғы бірнеше жылда даму үдерісінің көптеген қатысушылары, соның ішінде БҰҰДБ, осы кемшіліктерді мойындап, сараланған және тәсілқой стратегияларға көшті. «Портфельдік тәсілге» көшу икемді, кешенді және бейімделгіш құрылымды ұсына отырып, келешектегі өзгерісті көрсетеді. Осы блогта біз Алматы қаласындағы (Қазақстан) ауаның ұдайы ластануымен күресу үшін осы тәсілді қолдану жағдайын талдауды ұсынамыз. Dark Matter Labs  стратегиялық жобалау және зерттеу зертханасымен ынтымақтастығымызды ой елегінен өткізе отырып, осы әдістемені тәжірибеде қолдануға қатысты білімімізбен және тәжірибемізбен бөлісеміз. Біздің ниетіміз үдеріске де — «қалай», мақсаттарға да — «неге» ерекше назар аудара отырып, инновациялық әдістер бойынша қарқын алып келе жатқан диалогқа өз үлесімізді қосу.

«Портфель тәсілі» әдіс ретінде

Қазақстандағы «портфельдік» тәсілді қабылдаған алғашқы бастама ретіндегі «Тыныс алатын қала: Алматы таза ауа жолында» жобасында таза ауа және денсаулық сақтауды жақсарту сияқты нақты мақсаттарды ұйымдастырудың динамикалық моделі ретінде «портфельдік тәсіл» тұжырымдамасы қолданылады. Қаржы саласында (ең алдымен тәуекелдерді басқару құралы ретінде) пайда болған, кейінірек саяси инновациялар саласында қабылданған «портфельдік тәсіл» тоқтаусыз өту үдерістерін ынталандыратын әрекеттердің, субъектілердің, ресурстардың (активтердің) жиынтығы болып табылады. Салыстырмалы түрде тар шеңберлі мәселелерді шешуге дағдыланған нақты салалық, бір бағытты шешімдерге қаражат пен ресурс бөлудің дәстүрлі әдісінен айырмашылығы «портфельдік тәсіл» тұжырымдамасы әртүрлі бастамаларды бірізді стратегиялық мақсат шеңберінде біріктіріп, оларға бірін-бірі өзара күшейтуге мүмкіндік береді. Оған қоса әртүрлі бастамалар арасындағы синергияны қарастыру ниеті жобалау, іске асыру және басқару әдісі орталықтандырылған емес, әлдеқайда бытыраңқы, бірлескен сипатқа ие болады.

Алайда портфельдік әдісте де қиындықтар жетерлік. Бұл әдісті институцияландыру сатып алуды, мониторингті және бағалауды (МжБ), сондай-ақ қалыптасқан дәстүр бойынша ірі даму бағдарламаларының өмірлік циклін реттеген түрлі құқықтық құралдарды түрлендіру үшін айтарлықтай күш салуды талап етеді. Бастамаларды дәстүрлі секторлар бойынша емес, миссия мен синергия бойынша кластерлеудің жаңа тәсілі қаржыландыруды және мемлекеттік қолдауды, әсіресе қатаң белгіленген инвестиция салу және жоспарлау циклдарынан ауытқыған кезде қиындатады. Портфельдік тәсілге көшу үшін қажетті жаңа мүмкіндіктер мен институционалдық білімді қалыптастыру да бітпес мәселе болып қала береді. Осы кедергілерді мойындай отырып, жобамызды портфельдік модельді жетілдіруге және Алматының ауа сапасы проблемасының бірегей контекстіне бейімдеуге тырысты.

Өзгерістер туралы гипотезалар

Біздің бастамамыз қаладағы, яғни зерттеулермен және технологиялық инновациялармен айналысатын жергілікті мүдделі тараптар басқаратын белсенді саладағы ауа сапасы мәселесімен күресу бойынша іс-шараларды ілгерілетуге бағытталған бірнеше негізгі гипотезаға негізделген.

  1. Ауаның ластануын денсаулыққа және экономикаға тигізетін әсеріне ден қоя отырып қайта ой елегінен өткізу мүдделі тараптардың кең ауқымын жұмылдыруға мүмкіндік береді.

  2. Жаңа қатысушыларды тарту ауа сапасы мәселелері бойынша пікірталас мен іс-әрекетті өзгертуге, осылайша стратегиялар мен көзқарастарды әртараптандыру арқылы қазір жүзеге асырылып жатқан іс-шараларды белсендіруге көмектесе алады.

  3. Қалалық және жергілікті серіктестердің жоспарларына портфельдік тәсілді енгізу арқылы және жергілікті билік органындағы (Алматы қаласы әкімдігімен және оның Алматы қаласын дамыту орталығы сияқты көмекші органдарымен) жаңа жобалық кеңсемен ынтымақтаса отырып, біз аталмыш тәсілді іске асырудың сенімді механизмін жасай алар едік.

Портфельдік әдісті жобалық үдерістерге көшіру

Нақты бекітілген құрылымды мойындамайтын портфельдік әдіс әртүрлі қатысушылардың үлестерін және нақты жергілікті контекстіні көрсететін, негізінен дамығыш әрі бейімделгіш болып келеді. Алматы ауасының сапасына келсек, біз осы портфельді зерттеулерді, жергілікті мүдделі тараптармен бірлесіп жобалау үдерістерін, сонымен бірге талдау, оқыту және әрі қарай дамыту циклін біріктіретін қадам-қадамдық үдеріс ретінде бейімдедік.

  1. Терең тыңдау: Мүдделі тараптармен сұхбаттар және зерттеулер негізінде — басты назарда негізгі кедергілер мен инновациялар болады.

  2. Стратегиялық құрылым: Қолданыстағы бастамалармен стратегиялық сәйкестікке және тиісті ауқымды және қамту аясын анықтауға баса назар аудару.

  3. Портфель әзірлеу: Идеяларды қалыптастыру, заңдылық пен үйлестікті қамтамасыз ету үшін көптеген мүдделі тараптармен семинарлар өткізу.

  4. Серіктестерді жұмылдыру: Ортақ есептілікке, көп серіктестік қатысатын ынтымақтастыққа және басқарудың жаңа нысандарына көшу.

  5. Портфельді басқару: Портфельді үздіксіз дамыту, іске асыру және стратегиялық оқыту үшін құралдар мен көрсеткіштерді жасау.

Мәселелер картасымен жұмыс

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ
Терең тыңдау және Стратегиялық құрылым 

Біздің алғашқы қадамымыз мүдделі тараптармен сұхбат жүргізілген терең тыңдауға және кабинеттік талдауға ден қойды. Соның арқасында таза ауаға апаратын жолдағы негізгі кедергілер мен өзгерістердің ықтимал тетіктеріне назар аудара отырып, Алматы жағдайында мәселелер мен мүмкіндіктердің қыр-сырын ашуға мүмкіндік алдық. 2023 жылдың сәуір айында зерттеу нәтижесінде пайда болған идеялармен бөлісу, оларды бекіту және нығайту үшін жергілікті сарапшылардан бастап қоғамдық ұйымдастырушыларға дейін көптеген мүдделі тараптарды шақырып, көзбе-көз «пайымдау семинарын» өткіздік (сол туралы толығырақ ақпаратты бірінші блогымыздан табуға болады). Көзбе-көз және гибридті семинар аясында біз пайдаланған кейбір практикалық құралдар мәселелердің түпкі себептерін бірлесіп зерттеуге мүмкіндік беретін «Бес неге» тұжырымы, сонымен қатар кабинеттік талдау нәтижелерін қамтитын және қатысушыларды жетіспейтін элементтерді белсенді қосуға шақыратын мәселелер мен бастамалар картасын (төмендегі суретті қараңыз) жасау әдісі болды.

 

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Портфель үдерісіндегі маңызды қадам ретінде стратегиялық қайта ой елегінен өткізу олқылықтарды анықтау және өзгерістердің ықтимал тетіктерін анықтау үшін құрылымдық проблемаларды анықтау нәтижесінде қалыптасқан түсінікті пайдаланады. Бірлескен сессиялар арқылы қайта ой елегінен өткізу портфельге түрлі көзқарастарды енгізу мүмкіндігіне айналып, анағұрлым мағыналы және сараланған нарративтер, сондай-ақ әрекетке бастайтын жаңа бастапқы нүктелер түзеді. Алматы жағдайында стратегиялық қайта ой елегінен өткізу жергілікті мүдделі тараптар анықтаған мәселенің негізгі себептерінің бірін зерттеуді қамтыды: ауаның ластануы көбінесе экологиялық мәселе ретінде сипатталатындықтан, экономикалық дамудың қамын жасаудың көлеңкесінде қалады. Қайта ой елегінен өткізу арқылы біз ауаның ластануы туралы нарратив құрастыра алдық, ол экономиға және денсаулыққа, әсіресе балалардың денсаулығына қолайсыз әсерді ашық көрсетіп, мектептер, ата-аналар, кәсіпорындар және медицина саласындағы зерттеушілер арасындағы ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Нәтижесінде ақпараттық-насихаттау мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, сонымен бірге білім алмасуға және бірлескен іс-әрекет әлеуетін пайдалануға септігін тигізді.

Көбінесе қазірдің өзінде бар мәселеге жүйелік тәсілді енгізу мәселенің кеңістігін кеңейтуді талап етеді, өйткені мәселенің түпкі себептері бір-бірімен қабаттасып кетеді, ал ортақ негіз іздеу бір қарағанда бөлек-бөлек болып көрінетін секторлардың немесе мәселе аймақтарының шын мәнінде қаншалықты өзара байланысты және өзара тәуелді екенін көруге мүмкіндік береді.

Портфель әзірлеу және Серіктестерді жұмылдыру

Жұмыстың келесі кезеңі портфельге енгізілуі мүмкін жаңа әрекеттер мен бастамаларды зерттеу үшін бірлесіп «әзірлеу сессияларын» қамтыды. Бұл үдеріс инновациялық идеяларды ойлап табуға көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар заңдылықты және мүдделі тараптар арасындағы үйлестікті қамтамасыз етіп, портфель мақсаттарына кең қолдау көрсетуге мұрындық болды.

Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ

Серіктестерді жұмылдыру әдетте бөлек кезең емес, портфель әзірлеу кезеңіндегі ынтымақтастық аясына кіреді. Себебі, іске асыру кезеңіне бірқалыпты өтуді қамтамасыз ету үшін, іске асыруды біреуге табыстау және орындау бойынша қарапайым шара ретінде қарастырмау үшін осылай жасау керек. Алматы портфелінде біз «ішкі» портфель құрудың қосымша кезеңін — «Қауіпсіз және жасыл көшелер» бастамасын ұсындық, ол ауқымдырақ портфельдегі бірнеше бастаманы (немесе «нұсқаларды») қаладағы маңызды оқиғалармен (мысалы, үкімет бекіткен Алматының жаңа бас жоспары және негізгі мүдделі тараптардың мандаттары) үйлестіру үшін стратегиялық тұрғыдан байланыстырды. Бұл портфельдік инвестиция сирек болған жағдайда инвестиция тарту мүмкіндігін арттыруға, сондай-ақ портфель құрылымымен таныс емес негізгі жергілікті мүдделі тараптардың қолдауын қамтамасыз етуге талпыныс болды.

Осылайша портфельдер көбінесе онша ешкім айналыспайтын және іске асыру барысында бытыраңқы болып кететін, әдетте ең үнемді сауда-саттық қатысушысына тапсырылатын іс-шаралардың ауқымды тізімдерін жасауға алп келетін дәстүрлі «бас жоспарлар» мен қала құрылысын жоспарлау шеңберінен шығуға мүмкіндік беретін құралға айналды. Бірлесіп портфель әзірлеу шаралары жоспарлаудың орталықтандырылған және жоғарыдан төмен қарай бағытталатын сипатына қарсы тұрып, оны әлдеқайда ыдыратылған және қайталанатын үдеріске айналдыруға көмектескенімен, оны шынымен нәтижелі ету үшін қосымша қадам қажет. Алматыдағы тәжірибеміз арқылы біз әрекеттер портфелін қатып қалған тізімнен тыс ілгері бастыру үшін оны қаржыландыру мүмкіндіктеріне және мүдделі тараптардың әлеуетті коалицияларына сай «механизмдерге» біріктіру қажет екенін түсіндік.

Портфельді басқару және Стратегиялық оқыту

Портфельді басқару институцияландырумен және өзектендірумен қатар стратегиялық талдау мен оқытудың динамикалық үдерісін қамтиды, біз де қала стратегияларына сай «ішкі» портфель әзірлеу арқылы дәл солай жасауға тырыстық. Портфельді басқару оны үнемі жаңартып отыру, осы жолда қалыптасатын жаңа серіктестік қарым-қатынастар көмегімен үйрену арқылы жаңа ақпаратқа жауап қайтару керек екенін мойындайды. Алматы портфелін әзірлеу барысында біз (тексерілуі және расталауы тиіс гипотезадан емес) ашық зерттеуден бастадық, ол мүдделі тараптармен сұхбаттасу арқылы әрі қарай айқындалды, бірлесіп портфель әзірлеу барысында үнемі күмән келтірілді, тексерілді, жаңа серіктестік қарым-қатынастар құру арқылы қайта пысықталды. Портфельді бағалау ең соңында жүргізілмейді — оның орнына бүкіл үдеріс барысында бірнеше кезеңде қайталанады, сөйтіп дамуға және жүйедегі өзгермелі жағдайға қарай қам жасау мүмкіндік береді.

Алынған сабақтар және Перспективалар 

Әдістеме ретінде портфель тәсілі үнемі дамып отырады. Әдетте портфельді әзірлеу үдерісінің нақты нәтижелері әртүрлі қатысушылармен стратегиялық түрде жүзеге асырылатын әрекеттер тізімін (нұсқалар, араласу шаралары немесе эксперименттер деп те аталады) қамтиды. Мұндай әрекеттер аралас-құраластықты, байланысты және ықтимал синергияны баса көрсету үшін көбінесе бір арнаға біріктіріледі. Алматы портфелінде іс-әрекеттер үш стратегиялық нәтиже бойынша ұйымдастырылды: 1) Отбасы мен балаларға баса назар аудара отырып, денсаулықты жақсарту; 2) Жасыл экономика құру; және 3) Қаланың жасыл дамуына септесу. Аталған кластерлер ауаның ластануын денсаулық пен экономика мәселесі ретінде қарастыратын портфельдің стратегиялық құрылымына сәйкес келеді. Бұрынырақта егжей-тегжейлі айтылғандай, портфельдегі кейбір бастамалар стратегиялық тұрғыдан «ішкі» «Қауіпсіз және жасыл көшелер» портфеліне топтастырылған. Бастама мектептердің төңірегінде шоғырланған өзара байланысты инновациялар жиынтығын, соның ішінде энергия тиімділігін арттыруды жаңғыртуды, төмен шығарындылар аймақтарын енгізу, қалалық жасыл инфрақұрылымды жетілдіру және халықты қатыстыру үшін тактикалық урбанизмді қарастырады.

Басқалармен қатар тактикалық урбанизмге бағытталған шағын экспериментті қамтитын іске асырудың алғашқы кезеңдерін жалғастыра отырып, бір маңызды ой пайда болды: іс-әрекеттердің қарапайым тізімі – немесе іс-әрекеттер/бастамалар портфелі – жеткіліксіз. Әртүрлі іс-әрекеттерді нақты жағдайда қалай жүзеге асыруға болатынын түсіну және тұжырымдау үшін көп еңбек қажет. Негізінде осы стратегияларды тиімді іске асыруды қамтамасыз ету үшін «іске асыруға» әлдеқайда мұқият ойластырылған «портфель» тәсілі қажет.

Бірінші қадам ретінде біз іс-әрекеттер портфелін экожүйедегі тиісті қатысушылар мен активтер тізімі сияқты қосымша деректермен және идеялармен қалай кеңейтіп, толықтыра алатынымызды зерттеп жатырмыз. Жүйедегі тиісті қатысушыларды анықтау институттарды, кеңістіктерді, нарративтерді қамтитын жаңа, кейде күтпеген одақтардың әлеуетін көрсетеді. Дәл сол сияқты, жүйеде бар активтерді анықтау – қаржылық ресурстар мен нормативтік-құқықтық базадан бастап демократиялық заңдылыққа дейін – іс-әрекеттерді қалыптастырудағы ресурстар мен шектеулердің шешуші рөлін ашып көрсетеді. Әлгі активтер жағдайды жеңілдетіп қана қоймайды; қалалық экожүйедегі іс-әрекеттерді ынталандыру, шектеу және үйлестіру арқылы мүмкіндіктер шекарасын белгілейді. Сайып келгенде, ресурстарды бірге пайдаланатын және бір-бірінің мүмкіндіктеріне арқа сүйейтін әртүрлі қатысушылардың коалициясы арқылы іске асырылатын көптеген өзара байланысты іс-әрекеттер қорытынды әсерді қалай айтарлықтай күшейте алатынын тиімді көрсететін портфельді айқындайды.

Алматыдағы ауаның сапасын жақсарту жөніндегі бастамамыз жаңалық ашу және үйрену жолы болды. Портфель іске асырудың жаңа сатыларына көшкен сайын, үдерісті институцияландыратын және өз контекстіне бейімдейтін жергілікті субъектілерге біртіндеп беріліп жатыр. Сонымен бірге біз жобаның ауқымын кеңейту жолдарын зерттеуді, алынған сабақтарды БҰҰДБ-ның Қазақстандағы және одан тыс жерлердегі ауқымды бағдарламаларын бастау немесе кеңейту үшін қолдануды жалғастыра береміз.